Ел тынысы

Өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуіміз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары аясында «Қызылжар-Сүт» фермасының жұмысымен таныс­ты. Президентке сүт фермасындағы сауын цехы және мал бордақылау алаңы көрсетіліп, осы кешенде қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды.

Тауарлық сүт фермасының бірінші кезеңі 2020 жылы іске қосылған. Былтыр кәсіпорынға 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген, Германиядан симментал және голштин асыл тұқымды ірі қара сатып әкелінген. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруа­шылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

– Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тасмағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда аймақта жыл сайын 650 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл – рес­публика бойынша өндірілетін сүт көлемінің 10 пайызы. Соңғы бес жылда облыста 16,5 мың бас ірі қараға есептелген 30 сүт фермасы ашылды. Биылдан бастап тағы да 17 тауарлық сүт фермасын ашу үшін қосымша 54,9 млрд теңге бөлінеді.

Жалпы, облыста агроөнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдікпен кредит беру механизмі іске қосылған. Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 35 миллиард теңгеге 35 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, мемлекет қолдауымен 21 сүт фермасы және 2 құс фабрикасы ашылды. Тағы бір құс фабрикасы алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Ет өнімдерін шығаруға маманданған «EMC-Агро» ЖШС кешеніндегі мал саны 200 мың басқа дейін көбейіп, қосымша 180 жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар май сығатын зауыт, жылыжай, суармалы егістік, асыл тұқымды қой шаруашылығы секілді бірнеше бағытта түрлі жоба жүзеге асырыла бастады.

Президент агроөнеркәсіп кешені басшыларымен және қарапайым жұмысшылармен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан жан-жақты қол­даудың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығының дамуы тың қарқын алғанын атап өтті.

***

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында көктемгі егіс науқанымен танысу үшін «Да­йындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді. Аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді. Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу мәселесіне ұдайы назар аударылады. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев егістік басында облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен әңгімелесті. Олар мемлекеттің тиімді қолдауы нәтижесінде шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік алғанын айтты. Ірі шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік бастамаларға да үлес қосып келеді.

Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Президенттің пікірінше, бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы саласындағы бір жұмысшыға шаққанда, 5 миллион теңгені құрайды. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Сондай-ақ Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Диқандардың көктемгі егіс науқанын сәтті атқаруына тілектестік білдірді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button