Әлеумет

Өршіл өлең иесі еді

Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдас­тыруымен көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Иманасовтың 85 жылдығына арналған «Бермесем, өзім жайлы өзім айтып…» атты қалалық мәнерлеп оқу сайысы өтті. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қаламгерлер аллеясында ақынды еске алу шарасы барысында марапатталды.

Алдымен сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов ақынның адами болмысына, азаматтық келбетіне тоқталды. Шығармашылығының ерекшелігі жайлы айта келе, өршіл өлең иесі болғанын атап өтті.

– Сәкен ағамыз шын мәнінде қазақтың үлкен ақыны еді. Өзінің болмысы, өзінің табиғаты болды. Басқа ағаларымыздан болмысы да, жолы да, соқпағы да бөлектеу, Алаштан ат оздыр­ған ақындардың бірі еді. Бүгін ақынның ғана емес, өлеңнің, поэзияның үлкен шарасы өтіп жатыр. Себебі Сәкен Иманасов қазақ поэзиясына зор еңбек сіңірді. Аударма саласында да жұмыс істеді. Өлеңінен өзінің барлық мінезі, болмысы көрініп тұратын, – деді көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай.

Белгілі журналист Қойшыбай Есентаев естеліктерді жаңғыртып, «өлеңдері адамның жүрегіне жыр болып жазылып қалады. Сәкен Иманасов – сезім ақыны, елдің, жердің махаббатын еркін жырлады» деді.

Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Сәкен Иманасовтың болмысын ашатын детальдарға тоқтала келе, мектеп кітапханаларын қолдаудың, кітап оқудың, көркем әдебиеттің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы айтты. Ақынның ұрпақтары, туысқандары сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. №1 өнер мектебінің «Есіл толқыны» домбырашылар ансамблі күйден шашу шашты.

Ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына елорданың 30-дан аса мектептің оқушылары қатысты. Соның ішінде № 68,86, 63,37,15,72,57,16,52,14,53,78,52 мектептердің оқушылары ерекше көзге түсіп, жүлделі орындар мен «Жас талап» аталымының жүлдегерлері атанды. Бас жүлдені «Менің сырым» өлеңімен М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияның 8 «ә» сынып оқушысы Аяулым Бұхарбай иеленсе, екінші орынды осы мектеп шәкірті Кәусар Шырынбай (жетекшісі – Салтанат Айтбаева), үшінші орынды Ернұр Мұхаммад (жетекшісі Нұртас Шаймұрат) алды. Сәкен Иманасовтың туған жерінен келген, ақын атындағы мектептің оқушысы Айзада Ардаққызы 1-орын иеленді. Жүлдегерлер Астана қаласы Мәдениет басқармасы атынан дипломмен, Жазушылар одағы, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі тағайындаған естелік сыйлықтармен және ақынның ұрпақтары мен қызы Жанар Сәкенқызы атынан кубок және медальдармен марапатталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button