1-сыныпқа емтихансыз қабылданады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Балалардың білімі мен қауіпсіздігі туралы заңда лицейлер мен гимназияларға 1-сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді.
Неге емтихан тапсырмайды?
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев былай деді:
Біріншіден, бұл норма, дайындық деңгейіне қарамастан, барлық типтегі және барлық балаға мектепке қабылдау кезінде шектеулерді алып тастайды, бастапқы білімді игеруге, танымдық қабілеттер мен әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын дамытуға тең мүмкіндіктер мен қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Екіншіден, тестілеуге, әңгімелесуге қатысудан психологиялық күйзеліс, конкурстық іріктеуді күтуден жағымсыз тәжірибелер жойылады. Бұл жағдай баланың психоэмоционалды жағдайын нашарлатуы және оның денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін.
Үшіншіден, конкурстық іріктеу нәтижелерін күткен ата-аналардың наразылығы азаяды, балаларды мектепке қабылдау рәсімінің қоғамдық резонансы болмайды. Өзгерістер алдағы оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған кезде енеді.
Бұған дейін елімізде мамандандырылған білім беру ұйымдарына, гимназиялар мен лицейлерге 1-сыныпқа баратын бала тест тапсыратын еді. Мамандандырылған мектептерде баламен әңгімелесу өтетін. Мекенжайына қарамастан, балаларды байқау арқылы таңдау тәртібі жоғарғы дәрежелі үлгідегі мектептерде – гимназиялар мен лицейлерде қарастырылған еді. Мұндай іріктеуде, ережеге сәйкес, бала өзінің оқуға дайындығын анықтауға мүмкіндік беретін әңгімелесуден өтіп жүрді. Әңгімелесуді құрамына бастауыш сынып мұғалімдері, психолог және әлеуметтік педагог кіретін комиссия жүргізетін.
Мамандандырылған мектептерден басқа, 1-сыныпқа қабылдау кезінде емтихан, тестілеу, сынақ, байқау жүргізілмейтін. Балаларды тестілеуден өткізуге бұл мектептердің құқығы жоқ. Олар баланы емтихансыз қабылдауға міндетті.
Жазғы мектепке бара ала ма?
17 тамыздан бастап ақысыз жазғы мектептер жұмысын бастайды. Оған ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерде болмаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар бара алады. Мектепалды дайындықпен 1-сыныпқа баратын барлық бала қамтылуы тиіс. Бұл мектепалды сынып, балабақшадағы дайындық сабақтары немесе қысқамерзімдік курстар болуы мүмкін.
Ерекше балаларды қабылдау қалай жүреді?
Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау баланың ата-анасының немесе өзге заңды өкілдерінің келісімімен педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация қорытындысы ескеріле отырып жүзеге асады. Өзге құжатпен қоса, консультацияның қорытындысы ұсынылуы тиіс.
Мектеп әкімшілігі балаларды 1-сыныпқа қабылдау кезінде оқу орнының басшылығы балалар мен олардың ата-аналарын қабылдау ережелерімен, жарғымен, оқу үрдісін реттеуші өзге де құжаттармен таныстыруы қажет.
Құжат қабылдау мерзімі өзгерді
2021 жылдан бастап 1-сынып оқушыларының құжатын қабылдау маусымда емес, бірінші сәуірден басталады. Бұл өзгеріс ата-аналарға ыңғайлы болмақ. Олар мектепті алдын ала анықтап, оқуға түсу үшін қажетті құжатын мектеп ұжымы немесе өздері еңбек демалысында болған уақытта емес, одан ертерек тапсыра алады.
Денсаулығына байланысты мектепке ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде жеке тегін оқытуды ұйымдастыру бойынша құжат қабылдау үшін үйде оқыту жөніндегі ұсынымы бар дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы қосымша ұсынылады.
Баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері баласын оқыту үшін бос орын болған жағдайда кез келген білім беру ұйымын таңдай алады. Алайда бірінші кезекте сол аумақ тұрғындарының құжаты қабылданады.