Мәдениет

10 мың оқушы бақ сынады

Елордада балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық-2025» 18-қалалық шығармашылық байқауы өтуде. Онда астаналық 146 білім ошағынан 9800 оқушы өз өнерін ортаға салды.

Балақайлар халық әні мен хорео­гра­фия­сынан бастап театр өнері мен фотосуретке дейін 20 номинация бойынша 10 жанрда сынға түсті. Жарыс бірден бірнеше жерде өтті. «Хореография» бағдарламасы бойынша әртүрлі би стилінде 122 нөмір көрсетілді. Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-­лицейінде театр­ландырылған қойылымдар ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары драма, мюзикл, әдеби-музыкалық шы­ғармалар ұсынды.

– «Шаттық» – жай ғана байқау емес, нағыз таланттар бағын ашатын шығармашылық кеңістік. Мұнда балалар өнер көрсетіп қана қоймай, бір-біріне қолдау көрсетіп, достар тауып, шабыттана бастайды. Бұл байқауда қаланың көптеген талантты өнерпаздары өсіп шықты, – деді Астана қаласы Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.

Іс-шара бір ай бойы жалғасады. Жеңімпаздардың есімі 29 сәуірде байқаудың үздік шығармашылық нөмірлері ұсынылатын гала-концертте жарияланады.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button