100-ге жуық отбасы жүгіру іс-шарасына қатысты
Астана қаласындағы Триатлон саябағында отбасылық жүгіру іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Күз мезгілінің соңғы күндері болса да, Астанада қар түсіп, ауа райы төменгі градусты көрсетіп тұрғанына біршама болды. Алайда жексенбі күні қатты аяз болмай, қатысушыларға ауа райы қолайлы болды. Дәстүрлі отбасылық жүгіру сайысына 100-ге жуық отбасы тіркеліп, әкелер – 2,3 шақырым, аналар – 0,5 шақырым, балалар – 0,2 шақырымда жарысты.
«Тұрақты жүгіретін жандар жазда және қыста жүгірудің айырмашылығын бірден сезінеді. Қыста жылдамдық азайып, көп қимылдауға тура келеді. Оның үстіне Астана қаласының қысы қатал болғандықтан, жергілікті тұрғындар ауа райына бейімделген. Әсіресе бала ата-анасы арқылы қыста да спортпен айналысуға болатынын көріп, қорқынышын азайтады.
Балалар арасында 8-13 жас аралығы деп белгіленді. Неліктен? Cебебі, 8 жаста ғана баланың дене-бітімі қалыптасып, қатты жүгіруге бейімделеді. Қашықтық та қатты үлкен емес. Небәрі – 200 метр. Оның өзінде бұл санатты тағы 3-ке бөлдік: 8-9 жас, 10-11 жас, 12-13 жас. Өйткені физикалық тұрғыдан айырмашылық қатты білінеді.
Бұндай шара әр жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мақсатымыз – әр отбасыны салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға шақыру. Себебі, отбасылық эстафетаның ерекшелігі – отбасылар өзара бір-бірін қолдауды, сенім артуды, тіл табысуды үйренеді», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек.
Жарысқа қатысқан отбасылар жалпы сайыста емес, әр жеке категорияда жүлдегерлерді анықтап, жеке нәтижесіне байланысты естелік медальдар мен сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, қатысушылар арасында лотерея арқылы 10 велосипед ойнатылып, ыстық шай мен сендвич таратылды.