Қоғам

109: жедел қызмет көрсетеді

iKOMEK109 қалалық мониторинг және жедел ден қою орталығы бір жыл ішінде елорда тұрғындарынан 2 326 000 өтініш қабылдады. Орталықтың 2024 жылғы жұмысы және алдағы жоспары туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оның басшысы Асқар Таксимов айтып берді.

 

Байланыс орталығының негізгі мақсаты – тұрғындардың проблемаларын қашықтан жедел және тиімді шешу. Қазіргі уақытта ikomek109 Бірыңғай байланыс орталығына бірнеше жолмен өтініш беруге болады. Бұл ретте өтініштердің 80%-ы колл-орталық арқылы 109 қысқа нөміріне, ал 20%-ы баламалы цифрлық сервистер арқылы келіп түседі. Олар: Telegram-бот; әкімдіктің ресми сайты; іkomek109 мобильді қосымшасы; әлеуметтік медиа (Facebook, Instagram); электрондық пошта (109@ikomekastana.kz).

– 2024 жылы iKOMEK109-ға 3000-нан астам түрлі мәселе бойынша 2 326 000 хабарлама түсті. Олар елорда әкімдігінің назарында. 2024 жылы өтініштердің 82%-ы алғаш хабарласқаннан бастап шешілді. Елорда әкімдігіне ведомстволық қарасты ұйымдарға берілетін өтініштер белгіленген мерзімде 98%-ға өңделді. Жалпы, біздің орталық тиімді жұмыс істеу мақсатында елорда тұрғындары мен қонақтарының проблемаларын шешу үшін сапа стандарттарын ұстанады, – деді Асқар Таксимов.

Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері 301 мың өтініш тіркелген. Орталықтың Telegram-ботының 95 000 пайдаланушысы, ikomek109 мобильді қосымшасының 90 000 пайдаланушысы бар.

Мобильді қосымшаны тұрғындар да, әкімдік қызметкерлері де белсенді қолданады. Мемлекеттік органдардың 800-ге жуық қызметкері оны өтініштермен жұмыс істеу үшін қолданады. Бұл азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беруге және олардың орындалу процесін нақты сол уақытта бақылауға мүмкіндік береді.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, елорда тұрғындарына ikomek109 Telegram-бот пен мобильді қосымшасын көбірек пайдалану туралы өтініш білдіргім келеді, бұл мәселені егжей-тегжейлі сипаттауға, фотосуреттер мен видеоларды салуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге байланыс орталығының операторларына жүктеме азаяды, – деді орталық басшысы.

2024 жылдың қорытындысы бойынша орталық 23 953 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының көмегімен қала маңында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жасаған 400 ауыр жүк көлігінің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазір жүйеге қалалық инфра­құрылымның негізгі нысандарын: мектептерді, балабақшаларды, медициналық мекемелерді, көлік тораптарын және қоғамдық кеңістіктерді қамтитын 12 000-нан астам камера біріктірілген. Бұл қауіпсіздікті үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді және заңбұзушылықтар мен оқиғаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, операторлар қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы маусымдық проблемаларды, мысалы, уақытылы жиналмаған қарды, су тасқыны мен жаңбыр кезінде су басып қалған орындарды, ашық құдықтарды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басқа да оқиғаларды тіркейді. Барлық анықталған жағдайды қалалық коммуналдық қызметтер жедел пысықтайды.

2025 жылдың басынан бері 2 830 құқық бұзушылық тіркелді.

– 2025 жылы байланыс орталы­ғының функционалдық мүмкіндіктерін одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – алғаш хабарласқаннан бастап шешілетін өтініштердің үлесін 85%-ға дейін ұлғайту, бұл күту уақытын одан әрі қысқартуға және азаматтардың қанағаттану деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бейнебақылау жүйесін одан әрі кеңейту және оқиғалардың болжамды мониторингі үшін жасанды интеллект негізінде аналитиканы енгізу жоспарланып отыр. Бұл оқиғаларды тіркеп қана қоймай, алдын алу шараларын қолдана отырып, ықтимал қауіптерді болжауға мүмкіндік береді. Біздің ең бірінші мақсатымыз – елордалықтардың өмірін барынша жайлы ету, – деді Асқар Таксимов.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button