Білім

11 мың бала: Қайда сыйғызамыз?

2023 жылға дейін Астанада оқушы саны 123 мың балаға көбейеді деп күтілуде. Бұған қазір мектептерге сыймай жатқан 11 мың баланы қосыңыз. Әкімдік бұл мәселені қалай шешпек?

Әрине, халық саны өскен сайын қосымша мектеп құрылысын салуға, балабақшада орын тапшылығын жою­ға басымдық берілмесе болмайды. Елорда мектептерінде жыл са­йын оқушылар саны орташа алғанда 15-18 мың адамға көбейетінін ескерсек, бірінші кезекте инфрақұрылым мә­селесі шешілу керек. Дәл қазіргі уақытта білім саласына қатысты Астана әкімдігі алдында мектеп және мектепке дейінгі білім беруде үлкен екі мәселе бар. Оның бірі – балаларды 100 пайыз мектеппен қамту, ал екіншісі – оқу орындарын толықтай жеткілікті ету.
Алдымен балабақша мәселесіне тоқталайық. Қазіргі уақытта жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар 4 жаңа балабақша салынатыны белгілі болды. Әкім Бақыт Сұлтановтың айтуынша, оның бірі көру қабілеті бұзылған балаларға арналады.
Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин 2018-2019 оқу жылдарында елорданың 5 мектебі үш ауысымдық жұмыс тәртібіне көшірілгенін айтқан еді. Бұдан бөлек, тағы 20 мектепте адам санының тығыздығы бар. Жалпы, оқушы орындарының тапшылығы 17 мыңды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін 2023 жылға дейін 120 мың орын да­йындау қажет. Яғни жаңа нысандар салу мен іске қосу арқылы шешімін табу көзделген. Жаңа нысан демекші, өткен жылы Астанада 4 жаңа мектеп ашылды. Ал қаңтар айында №20 мектеп жұмыс істей бастады. Бұйырса, жаздың ортасына қарай М.Жұмабаев даңғылындағы жаңа мектеп пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар елордада жекеменшік мектептердің де көбейгені көңілге медеу болып тұр. Ресми дерекке сүйенсек, 15 жекеменшік мектептің 8-іне 3 мың орынға мемлекеттік тапсырыс берілген екен. Алдағы уақытта олардың да саны көбейеді. Ал алдағы 3 жылда БАӘ және Сингапур инвесторларының есебінен 6-7 мың орынды жекеменшік мектептерді ашу жоспарда бар. Қысқасы, елордалық оқушылардың заман талабына сай білім алуы кезек күттірмей шешілетін міндеттердің бірі болып отыр.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button