Мәселе

Оқушылар электронды темекі тартып жүр!

Бүгінде электронды темекі үлкендерден қалып, кәмелет жасқа толмағандардың қолына түсті. Оқушылар кез келген дүкеннен оңай алып жүр. Өзара «Одноразка» деп атайтын электронды темекіге өрімдей ұл-қыздар қайдан құмартты десек, бәленің бәрі тикток пен инстаграмда екен, жарнамасы сонда қаптап тұр. Тапсырыс берсе, жасына да қарамай жеткізіп береді. Көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды балалар ересек көрінудің нышаны деп қабылдайды. Міне, бүгінгінің дерті. Бағасы 2-3 мың теңге тұратын бәлекеттің зиянын зерттеп көрдік.

[smartslider3 slider=197]

«Одноразка» деген электронды темекінің жасөспірімдерге арналған түрі көрінеді. Нұр-
Сұлтанда 2-3 сынып қыздары электронды темекі шегіп жүргенін теміржолшы Әліби Манаш байқап қалып, Facebook парақшасында ашына жазды. «Нұр-Сұлтан қаласының
Әуезов көшесі бойында «Дастархан» деген кафе бар. Міне, сол жерге түскі асқа келе жатқанымда көрдім. Есіктің алдында шашына бантик таққан екі қыз электронды темекі шегіп тұр. Көргенде шалқамнан құлай жаздадым. Бүлдіршін балалар болғандықтан, суретке түсіре алмадым. Жанына барып əй деуге… бөгденің қызы. Оқушы қыздарға қарап сөйлесең, педофил деген күйе жағып жіберуі әбден мүмкін. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген бар. Бірақ балаларға үгіт-насихат жүргізу керек» деді Әліби Манаш.
8-сыныпта оқитын Алмас есімді жеткіншек электронды темекі шегетінін жасырмайды. Хош иіс пен никотинге басы айналып қалса керек, онда тұрған ештеңе жоқ деп, әкесінің де шегетінін айтты. Сәйкесінше жеткіншектің мұндай дүниені тұтынатынын ата-анасы да біледі екен. Анда-санда тартып тұруға рұқсат берді дейді.
«Мектеп жанындағы дүкеннен сатып аламын. Ешкім «саған болмайды, сатпаймыз» демейді. «Вейп» денсаулыққа қатты бір зиян келтіреді деп ойламаймын. Әрине, никотинді сұйықтықты көп қоспау қажет» деді ол.
Көпбалалы ана Зәуреш Жанболатова электронды темекімен осыдан бір жыл бұрын танысыпты.
«Ұлдарымнан да байқағанмын. Сөйтсем, кішкентай құтысы бар, фломастерге ұқсас нәрсе. Вейп екенін кейін білдім. 2019 жылдан бастап елімізде 15 пен 18 жастағы кәмелет жасына толмағандардың 13 пайызы вейпті пайдаланады. Соның қатарында өз балаларым да бар екенін білгенде қатты ашуландым. Мектептің бұрыш-бұрышында, тіпті сыныпта еркін шеге береміз деді. Сол кезде оларды сабап алғаным бар. Кейін мұғалімдеріне айтып, бақылауын өтіндім. Балаларды тәртіпке салмаса, өз беттерімен кетеді ғой. Дегенмен қазіргі таңда дүкендерде мұндай заттар ашық сатылуда. Сатушылар ақша үшін балаларға да сата береді. Соған алаңдаймын» дейді З.Жанболатова.
Денсаулық сақтау министрлігі әр бес жыл сайын арнайы мониторинг жүргізеді. Мәліметке сәйкес, соңғы 5 жылда электронды темекіні тұтыну күрт өскен. Олардың арасында жасы 11-ден енді асқандар да бар. ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы Жанар Қалмақованың айтуынша, электронды темекіні тұтыну ұлдар арасында 3 есе, қыздар арасында екі есеге артқан. Негізі заң бойынша бұл өнімдерді 18 жасқа толмағандарға да сатуға болмайды. Бірақ…
Аталмыш бәлекетті Instagram желісі арқылы саудалайтындармен байланысып көрдік. Сөйтсек, олар сұйық никотин құрылғыларын делдалдардан, орысша айтқанда, «посредниктерден» алады екен. Олардың өзі Ресейден алдыртатын көрінеді. Кейін кез келген адамға, тіпті жасөспірімдерге сата береді. Себебі сұраныс бар.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізге импортталатын өнім көлемі көбейіп жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, былтырдың өзінде 2 млн литр импортталса, биыл жарты жылдың өзінде 1 жарым млн литр электронды темекі сұйықтығы импортталған. Мұндай өнім түрлері көбіне Ресей мен Қытайдан келеді.
Электронды темекі қолданушыларының арасында құрылғы қарапайым темекіден пайдалы деген қате түсінік қалыптасқан. Адамдар зияны жоқ деген оймен оны жиі пайдаланады. Құрылғының маркетинг саласы жақсы, сатушылар тұтынушыларды сендіре біледі. Психикалық сауықтыру орталығының бас дәрігері Сапар Құттыбайұлы электронды темекінің зардабы дәстүрлі темекіден асып түспесе кем емес деп отыр.
«Жай темекі шеге ме, «ельф бар» секілді электрондысын шеге ме, құрамындағы улы заттар жүрек, қан тамырлары жүйесіне әсер етіп, өкпеге зақым келтіреді. Екіншіден, электронды темекіге әртүрлі дәм беру үшін иістендіргіш қоспалар қосады. Оның да зиянын ескеріңіз. Концерагенді заттар бар. Сондықтан электронды темекінің зияны аздау деген түсінік қате» деді ол.
Маман жаман әдеттің бірі темекі шегуден арылу үшін, оның оңтайлысына, зияны аздауына өту өзін-өзі алдау екенін ашып айтты.
«Электронды темекі. Қорқор. Насыбай. Шылымды тастаймын деп, екіншісіне көшу көмектес­пейді. Ал қорқор тартқан кезде, оның құрамында түрлі майлар мен иістендіргіш қоспалар болады, сол бронхтың кілегей қабығын майлап тастайды. Сезіну рецепторлары майланып қалады да, түтін ішке кіргенде бронхты тітіркендірмейді. Сондықтан қорқорды 2-3 сағаттап тарта береді. Қорқор тартқан адам темекі шеккен адамға қарағанда никотинді екі-үш есе артық қабылдайды.
Қазір мектепте оқитын ұлдар былай тұрсын, қыздарымыз да аузына насыбай салады. Насыбай да никотинге тәуелді етеді. Оның үстіне бұл – табак. Никотин ағзаға түссе, адамның ойлау қабілетіне, қан айналымға әсер етеді, асқазан жүйесін бұзады. Насыбайдың құрамында махорка, темекі, сөндірілген әк, тауық саңғырығы, түйе тезегі, әртүрлі өсімдіктер күлі (арша, сексеуіл, қайың немес тобылғы күлі), желім, адам ағзасына зиян келтіретін ауыр металдар қорғасын, сынап, кадмий, мышьяк бар. Ауыз қуысының қатерлі ісік ауруларына шалдықтырады. Тістері түседі, асқазан жүйесі, бүйректері құриды. Сондықтан заңмен тыйым салыну керек. Темекіні де 21 жасқа дейін сатылмайды дегенімізбен, балалар қулыққа басып алып жатады. Заңды қатаңдату керек деп ойлаймын» деді Психикалық сауықтыру орталығының бас дәрігері Сапар Құттыбайұлы.
Қазіргі таңда елімізде электронды темекінің 1 мл-ге 8 теңге салық салынады. 2023 жылы салық көлемін көбейту көзделіп отыр. Сонымен қатар Қазақстанның тауар өндірушілер мен экспорттау­шылар одағы түтінсіз, никотині бар өнімдерге арналған ұлттық техникалық регламентті әзірлеп, қабылдау туралы ел Үкіметіне ұсыныс жолдаған. Құрамында никотин бар өнімдердің техникалық регламентін бекіту жоспарланып отыр. Электронды темекі – ертеңді күттірмейтін мәселе. Ұрпақ болашағын ойласақ, бүгінгі «вейпті» ермек көрген бала болашақта темекі темекіге тәуелділердің қатарын толықтырмасын десек, ертерек іске көшу керек.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button