Білім

Ұлт ұстазын ұлықтады

Келер жылы ұлтымыз­дың ұстазы, қазақ тіл білімі ғылымының атасы – Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толады. Айтулы мерекені еліміз айрықша шабытпен атап өтуге кірісіп те кетті. Біздің №38 мектеп-лицейде өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті пәні апталығының тұтастай Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналуы тегін емес.

[smartslider3 slider=297]

Қыркүйек айында өткен апталыққа ұстаздар қауымы да, оқушылар ұжымы да белсене атсалысты. Мектептің мәжіліс залында өткен апталықтың ашылу рәсіміне мектеп директоры, Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы Қадырғазы Мұқанов мырза арнайы қатысып, кіріспе сөзбен салтанатты түрде ашып берді. Бұдан кейін Ахаңның қазақ тілінің көркеюіне, ғылым, білім тілі ретінде қанат жаюына сіңірген еңбектері хақында «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының жетекшісі Дария Каржикова жан-жақты баяндап берді. Апталық аясында өткізілген күллі іс-шараларға пән мұғалімдері белсене қатысты. Апталық М.Әуезовтің: «Кімде-кім өз ана тілін, әдебиетін, халқының салт-дәстүрін сыйламаса, бағаламаса, ондай адамды сауатты, мәдениетті, білімді адам деп санауға болмайды» деген сөзімен ашылды.
Апталыққа арнап Міржақып Дулатұлының «Қазіргі қазақ тілінің мұңы» деген қойылымын мектебіміздің 9 «В» сынып оқушылары сахналады. Сынып жетекшісі, орыс тілі пәнінің мұғалімі Қорлан Құнақбаева апай ұйымдастырып, жоғары деңгейде қойды. Рөлдерді ойнаған: Ерасыл Сәлімгерей, Әлішер Уалиев, Тұран Ғазиз, Жасұлан Сәрсенбаев, Мехмет Саламатов, Қанат Көмекұлы, Даяна Құсанова сынды оқушыларымыз өздерінің кейіпкер образына кіріп, жан жүректерімен беріле сөйлеу мәнерлерімен көрермендерінің ықыласына бөленді.
Жалпы жаңа оқу жылынан бастап мектебімізге келген жас мұғалімдердің жан-жақты өнерпаз жандар екендігі қатты қуантады. Солардың бірі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ақпараттық технологиялар факультетінің 2020 жылғы түлегі, ғылыми информатика маманы Гауһар Сабетбекованы атап айтуға болады. Апталық барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен ашық сабақтар мен өнегелі тәрбие сағаттарын өткізген сынып жетекшілері мен пән мұғалімдерінің жұмысын бастан-аяқ бейнефильмге түсіріп, мектеп дәлізіне қойылған экран арқылы оқушылар мен ата-аналарға да тамашалатты. Балаларын сабақтан алып кетуге келген ата-аналар өз балаларының атқарған істерін экраннан көріп, ризашылығын жасыра алмай, мұғалімдеріне ыстық лебіздерін, жүрекжарды сезімдерін білдірісіп жатты.
Ахмет Байтұрсынұлының мерейлі мерейтойынан тыс қалған жан болмады. Мектебіміздің кітапханашысы Гүлнар Турежанова «Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім» деген атпен кітап көрмесін ұйымдастырды. Ұлтымыздың ұлы ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған қазақ тілі апталығы осылайша өз мәресіне жетті. Қорытынды кешіміздің соңы әсем ән мен тәтті күйге ұласты. Талай уақыт естен кетпес әсерлі де тартымды кеш болды.
 

Адиля ӘЛИАКПАРОВА,

№38 мектеп-лицейінің 11 «Г» сынып оқушысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button