Басты ақпаратЖаңалықтарСаясат

Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет кепілі

Ақорда резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс форматында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=392]

Мемлекет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқанын және оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындағанын атап өтті.
– Қастерлі Отанымызда түрлі мәде­ниеттердің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты.
– Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құрудың арқасында өте күрделі проблеманың – этникалық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Ассамблея халықтың тұтастығын нығайтуға, қазақстандықтарды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның Қазақстандағы мәртебесін ілгерілетуге және азаматтық белсенділіктің жаңа формасының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.
Президент этносаралық келісім экономикаға және адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп есептейді. Осыған байланысты ­Қасым-Жомарт ­Тоқаев мемлекеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясына бірқатар басым міндет жүктеді.
Президент, ең алдымен, мүмкіндіктердің тең болу қағидатына негізделген аймақтық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Соның ішінде этникалық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этносаралық шиеленіс­тер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қатысты қатерлерге тоқталды.
Мемлекет басшысы мұндай қатерлердің алдын алу үшін еліміздегі қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар бірқатар аймақта этникалық топтардың қазақстандық шынайы өмірден алыстауына байланысты «ішкі эмиграция» үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.
– Бұл үрдіс этникалық топтардың Қазақстан қоғамына толық интеграциялануына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай күрделі әрі проблемалы жағдайлар туралы ашық айтылуы керек деп ойлаймын. Бұл проблемаларға көз жұмуға болмайды. Әйтпесе, бұл келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін және туындаған мәселелерге шынайы баға бере алмаймыз. Мемлекет этникалық топтардың әлеуметтік-экономикалық интеграциялану саясатын жүргізіп, осы негізде кез келген шиеленістің жанжалға ұласпауы үшін алдын алатынын ерекше атап өткім келеді. Мұндай жанжалдардың бәрі теріс пиғылды арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Ондай арандатушылармен күресеміз және оларға аяушылық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың тағы бір басым міндеті ретінде әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыс­тық жанжалдардың алдын алуды атады. Президенттің пайымдауынша, этникалық астамшылықтың барлық көрінісі, қандай да бір кемсітушілікке, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, ішкі тұрақтылықты заңға сәйкес қамтамасыз етуі керек.
Президент ҚХА қызметін одан әрі дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Аналар кеңесін құрудың маңызды екенін атап өтті. Аталған кеңес еліміздің бірлігі мен татулығының өзегі саналатын құндылықтарды жастардың бойына дарытуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблея жанындағы республикалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып, жастармен жұмыс жүргізудің маңызды екенін айтты. Президент жастар саясатының өзектілігіне мән бере отырып, Ассамблеяның кезекті сессиясын осы тақырыпқа арнауды ұсынды.
Президент сөзін қорытындылай келе, жалпыұлттық бірлік қуатты мемлекеттің кепілі екенін айтты.
– Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button