Әлеумет

Қарттарға қамқорлық – қасиетті борышымыз

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылдың 14 желтоқсанындағы шешімі бойынша 1 қазан – халықаралық қарттар күні деп белгіленіп, жыл сайын бүкіл әлемде аталып өтілетіні белгілі. БҰҰ-ның осы мәселе бойынша резолюциясы қоғамның қарт мү­шелеріне деген қарым-қатынасты өзгертуге, аға буынға медициналық қызмет көрсету мен әлеуметтік қол­дауды жақсартуға, оларды жұмыс­пен қамту және табысын молай­туға бағытталған. Біздің ойымызша, қабылданған резолюцияның маңызды тармақтарының бірі қарт адамдар қоғамның дамуына өз үлестерін қоса алатынын мойындау болып табылады. Ол шын­дығында солай. Біз бұған елорда ардагерлерімен жұмыс істеу барысында көз жеткіздік. Олар белсенді өмірлік позицияны ұстанады, Елбасының ішкі және сыртқы сая­сатын, оның жүзеге асырылып жатқан реформаларын қолдайды, өткізілген сайлау науқандарына қатысады: сайлау алдындағы штабтарын басқарады, үміткерлердің сенімді тұлғалары болып жұмыс істейді, ең бастысы, дауыс беруге бәрінен бұрын келіп, бұқара топтарына жақсы үлгі көрсетуде.
Қаламыздағы көптеген ардагерлер ұйымдарында, басқа да қоғамдық бірлестіктерде жұмыс істеп қана қоймай кәсіпкерлікпен, бизнеспен, түрлі ұйымдар мен мекемелерде мамандығы бойынша жұмыс істей­тінін айта кеткен жөн.
Қарттар күні – жарқын да, ізгі, ерекше мейрам. Бұл күні біз ата-анамызға, ата-әжелерімізге ыстық ықыласымызды білдіреміз. Мейрамды атап өту – қазіргі қоғамдағы аға буынның көптеген мәселелеріне, олардың кейбіреулеріне мате­риал­дық және моральдық қолдау көр­сетуге назар аудартуға септігін ти­гізеді. Біздің елімізде, оның ел­ор­дасы Астана қаласында осы күнді атап өтудің ерекше дәстүрі қалып­тасқан. Жыл өткен сайын Астананың ардагерлер ұйымдарында осы мерекеге арналған іс-шаралар ауқымы кеңейіп, көбейе түсуде. Өткен жылы тек Алматы ауданында ғана (аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Д.Байболов) 1000-нан астам ардагерді қамтыған 25 мерекелік түскі ас ұйымдастырылды, тұрмысы төмен зейнеткерлерге 586 азық-түлік қоржыны табыс етілді. Жыл сайын қарттарға «Беркут» консорциумы (С.Хамхоев), №1 автобус паркі (С.Богатырев), «Астана Энергия» АҚ (М.Қабиденов), «Астана-АЭК» АҚ (А.Смородин), «Цесна Астық» концерні» ЖШС (А.Остриков) және басқалар өз сый-сияпаттарын тапсырды. Бұдан басқа олар зейнеткерлерге 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін материалдық көмек көрсетті.
Сарыарқа ауданында (ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Қотыров) Астана стансасы темір жол торабы ардагерлер ұйымының (төрағасы Қ.Тоқабаев) және теміржолшылар кәсіпорындары басшыларының қарттар күні қарсаңында өткізген жұмысын ерекше атап көрсеткіміз келеді. Мұнда барлық үш мың зейнеткерге сый-сияпат көрсету ізгі дәстүрге айналған. Басшылық және ардагерлер ұйымы бұл мәселе бойынша кәсіподақ ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Астана стансасы, локомотив депосы, энер­гия учаскесі, белгі беру және бай­ланыс дистанциясының бірінші басшылары өз зейнеткерлерімен дөңгелек үстелдер өткізіп, мерекелік ас және т.б. акциялар ұйымдастырды.
Елорданың Есіл ауданында (ар­дагерлер кеңесінің төрайымы Р.Атығаева) да қарттар күнін өткізу жұмыстары көңіл аударарлық. «Астана» халықаралық әуежайы» АҚ (президенті К.Жауханов), «Самұрық-Қазына» (директорлар кеңесі хатшылығының басшысы Ж.Құрманғазиев), «Қазмұнайгаз» ҰК (бас директоры Б.Башеев), «Ке­ремет» монша-сауықтыру ке­шені (бас директоры С.Камазаев), «Думан» қонақүй кешені (бас ди­рек­торы А.Мақажанова), «Зерде»
холдингі (басқарма төрағасы М.Аю­пов) ұжымдары тек өз зейнет­­кер­леріне ғана көңіл аударып қоймай, Астана қалалық ардагерлер ұйымы­ның өтініштері бойынша елор­да-
­ның барлық зейнеткерлеріне ма­те­риалдық көмек көрсетіп, олардың алғысы мен ризашылығына бөленуде.
ПИК немесе ӨПИ жанында құ­рылған қаланың ардагерлер ұйым­дары үшін бұл мерекені өткізу айтар­лықтай қиындықтар туғызуда, өйткені, кейбір ПИК басшылары ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп жұмыс атқаруға, қарттарға жәрдем беруге ықылас танытпай отыр. Сонымен қатар, ардагерлер ұйымдары мен кеңестерінің табанды және жүйелі жұмыстарының арқасында көптеген ПИК-тер қарттармен бірлесіп жұмыс істеудің жақсы үлгісін көрсетіп отыр. Бірқатар ПИК-тер басқарма мәжілістерінде ардагерлер ұйымдарының өтініштері бойынша аса мұқтаж зейнеткерлерді ПИК қызметі төлемдерінен босату мәселесін қарап, шешім қабылдады немесе жекелеген зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік берді. Бұл ПИК-терде мұқтаж зейнеткерлер үшін кішігірім сантехника, электр жөндеу жұмыстары тегін жүргізіледі. Мұндай тәжірибені зерттеп, тарату – қажетті іс.
Елорданың қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің, әсіресе, бастауыш ардагерлер ұйымдарының халықаралық қарттар күнін өткізу жұмыстарында кемшіліктер мен олқылықтар аз емес. Біріншіден, бұл күні қала ардагерлерінің барлығына бірдей толық назар аударылмайды, олардың көбі ескерусіз қалуда. Әрине, бұл жайт ардагерлер тарапынан реніш туғызады. Біздің ойымызша, кейбір кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер, оқу орындарының бірінші басшылары бұл күнге көңіл аудармайды және ұйымдастырылған іс-шараларға қатыспайды, ал, қарт­тар үшін екінші дәрежедегі тұл­ғалармен емес, солардың өзімен кездесу өте маңызды.
БҰҰ Бас Ассамблеясы Халық­аралық қарттар күнін белгілегенде оны ардагерлер ұйымдары (көптеген елдерде ардагерлер ұйымдары жоқ) өткізеді деп емес, мемлекет пен қоғам өз қарттарына көңіл бөліп, қолдау мен көмек, қамқорлық көрсетеді деп ойлаған болуы керек. Бұл жұмыста кәсіподақ ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас жеткіліксіз болып отыр.
Елімізде қарттар күнін өткізу тәжірибесі барлық қарттарға бір күнде, яғни, 1 қазан күні ғана көңіл бөлу мүмкін еместігін көрсетуде. Сондықтан, Қазақстанның барлық аймақтарында бірнеше жыл бойы ардагерлер кеңестерінің бастамасымен және әкімдіктердің келі­сімі­мен қарттардың айлықтары өт­кі­зіліп тұрады. Әсіресе, бұл үлкен қалаларда, өздеріне қарасты құры­лымдары бар ірі кәсіпорындар мен ұйымдарда өзекті мәселе болып табылады. Осыны ескере отырып, биылғы тамыз айының басында республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық­аралық қарттар күні аясында қарт­тарға әлеуметтік жәрдем көрсету айлығы өтетіні туралы мәлімдеме жасады. Елордамызда халықаралық қарттар күнін кеңінен әрі лайықты өткізу, орын алған кемшіліктерді жою үшін және орталық кеңестің мәлімдемесін басшылыққа алып, қалалық ардагерлер кеңесі алдын ала, шілде айының басында қарттар күніне арналған негізгі іс-шараларды дайындау және өткізу жөніндегі жоспарды дайындап, бекітті және оның орындалуы бақылауға алынды. Осылайша, 1 қазан күні «Жас­тар» сарайында ардагерлер үшін мерекелік концерт дайындау және өткізу, Бейбітшілік және келісім сарайында дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырып, қала ардагерлерінің шешілмеген мәселелерін талқылау, ең бастысы, барлық ұйымдар, кәсіп­орындар мен мекемелерде зей­неткерлерді тегіс қамтып, құрмет көрсету жоспарланған.
Біз алғаш рет қалалық мәслихаттың депутаттарына, ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына жо­ғарыда аталған мерекені дайындау және өткізуге өздерінің атсалысуын сұрап хат жолдадық.
Қарттар соғыс кезіндегі ерлік­терімен, бейбіт өмірдегі, тың игеру жылдарындағы жан аямас еңбе­гімен, қазіргі таңдағы өмірге құш­тарлығымен, белсенді өмірлік ұстанымымен ерекше құр­метке ие болу құқығына лайық. Біздің өтінішіміз бен ұсы­ныстарымызды қала жұртшы­лығы қолдайды деген үміттеміз.

 

Бекен ӘЛІМЖАНОВ,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button