12 мың көрермен тамашалады
«Астана Опера» балет труппасы Дубайда хореограф Юрий Григорович қойған П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін сахналады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен бұл гастрольдер елордалық театрдың биылғы шетелдік турларының қорытындысы болды. Спектакльді 12 мың көрермен тамашалады.
Қойылымның хореографиясы бастапқыдай қалуы үшін «Астана Опера» труппасымен гастроль алдында Юрий Николаевич Григоровичтің ассистенттері Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая жұмыс істеді.
Спектакльді театрдың симфониялық оркестрі италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен сүйемелдеді. Айта кету керек, спектакльдің былтырғы жетістігінен кейін «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова бастаған қазақстандық труппаны Дубай театры қайта шақырды.
Труппа 6 спектакль ұсынады, олардың әрқайсысы аншлагпен өтеді деп жоспарланып отыр. Қойылым күндері көрермен ғажайып атмосфераны сезінуге мүмкіндік алады.
Хореограф дайындаған жеке нөмірлер, атап айтсақ, мүлгіген қысқы табиғаттың таңғажайып бейнесін көз алдыңа әкелетін ақ ұлпа қар бүршіктерінің биі ересектерге де, балаларға да зор әсер қалдырады. Классикалық хореография, символизм, қиял-ғажайып бейнелер мен Симон Вирсаладзенің көркемдік безендіруі бұл балетті шынымен ұмытылмастай етеді.