2022 - Балалар жылы

Үздік оқушы

[smartslider3 slider=2085]

Назым және Ақниет Жанұзақ – өнерлі апалы-сіңлілер. Артынан ерген 4 бауыры бар. Екеуі де сазсырнайда және қобыз аспабында ойнайды. №2 Өнер мектебінің оқушылары.

Назым №92 мектеп-лицейінде 7-сыныпта оқиды. Қобызға 7 жастан бастап қатысады.

– Кішкентай кезімде теледидардан скрипкаға қатты қызықтым. Соған қатысқым келген еді. Анам ұлттық аспабымыз әрі скрипкаға ұқсайды деп қобыз аспабына қатыстыр ды. Қатысқаннан соң ұнап кетті. Қосымша аспап ретінде сазсырнайды да үйреніп алдым. Қазір Ақниет екеуміз сазсырнайды бірге ойнаймыз. Жалпы өнер мектебіне қатысуымызға ата-анамыздың ықпалы зор болды. Себебі қолымыздағы аспаптарды сатып алып, арнайы байқаулар үшін киім тіктіру – ата-анамыздың жауапкершілігінде. Осы орайда ата-анамның қолдауына дән ризамын. Біз өнер мектебін жалғас тырамыз дегенде де қарсылық танытпады.

[smartslider3 slider=2245]

Назым бос уақытында тәтті бәліштер пісіргенді жақсы көреді. Іні-сіңлілеріне сабағын қарауға көмектеседі. Ұстазы Алтын Кенжеғұлованың айтуынша, Назым өте алғыр оқушы. – Ең алғаш анасы Назымды алып келген кезде, өте кішкентай еді. Қолында қобызы бар. Кейін байқағаным, бір айтқанды тез ұғады. Мәселен, бүгін шағын шығарманы бастасақ, келесі сабақта жылдам үйреніп алады. Өте тиянақты, жауапкершілігі мол. Ата-анасымен үнемі байланыста отырамыз. Әр қатысқан байқауларына киім тіктіріп, барып-қайту ақшасына демеушілік жасап, балаларын қолдап отырады. Содан болар, 5 жылдық оқуы аяқталып, сертификат алғанымен әлі де жалғастырып оқып жатыр. Өнер мектебіміздегі «Ақмаржан» ансамблінің мүшесі әрі солисі. Түрлі концерттерге шығып өнер көрсетеді. Ұяң болғанымен, талабы мен таланты жоғары.

[smartslider3 slider=2258]

Ақниет №70 мектеп-лицейінде оқиды. Өнер мектебіне Назымнан соң қызығыпты. Ерекше аспап болғандықтан, сазсырнайды таңдаған.
– Өнер мектебіне алғаш 9-жасымда келдім. Бірден сазсырнай аспабын көріп, қызығушылығым оянды. Себебі өте ерекше аспап. «Жезкиік», «Кешікпей келем деп ең», «Бипыл», «Қарлығаш», «Кішкентай», «Бозторғай» шығармаларын ойнай аламын. Негізі менің аспабым басқа аспаптармен салыстыруға келмейді. Әрі ұлттық аспап болғандықтан өзім де ерекше сезіммен ойнаймын. Жалпы сазсырнайды дұрыс үрлеу керек. Өйткені дауыс шықпай қалуы мүмкін. Үрмелі аспап болғандықтан, деммен саусақтарды қозғалту арқылы үрленеді. Дем көпке жету керек. Сазсырнайдың арнайы қорабы бар. Бір жақсысы – орын алмайды әрі жеп-жеңіл. Тек абайлап ұстау керек. Тағы бір ерекшелігі – жеке гигиенаны сақтау үшін әркімнің жеке сазсырнайы болған дұрыс. Бос уақытымда сурет салғанды және далада серуендегенді жақсы көремін.

[smartslider3 slider=2259]

Ақниеттің ұстазы Мира Тасенованың айтуынша, қыздардың мінезі бірдей.
– Ақниет алтыншы жыл сазсырнайда оқып жатыр. Аспапты бірден игеріп кетті. Қызығушылығы жоғары болғандықтан, аса қиындық болмады. Ал негізі бұл аспап өте нәзік болғандықтан, кез келген адамның игеріп кетуге қабілеті жетпейді. Назым екеуіне сазсырнай аспабы бойынша ансамбльден сабақ беремін. Екеуі егіз қозыдай бірге келіп, бірге кетеді. Ата-­анасының тәрбиесінен болар, сабаққа уақытылы келеді. Байқауларға шығар алдында қобалжитыны бар. Бірақ өз-өзін тез жинақтайды.

Қыздардың анасы Гүлден – «Күміс алқа» иегері, алты перзент тәрбиелеп отыр.
– Отбасымызбен ұлттық құндылықтарға қатты мән береміз. Қыздарымның да ұлтық аспаптарға қатыстыруымыздың себебі де – осы. Бес жылдық концерттеріне келгенде көзіме жас келіп, толқығаным бар. Себебі екеуін де кішкентай кезінде осында жетелеп алып келген едік. Нәтижесін көргеннің өзі бір бақыт екен. Жалпы музыкадан басқа Ақниет мобилография саласына, Назым тәтті пісіргенді жақсы көреді. Сабақ үлгерімдері өте жақсы. Қазір үйде өзіме көмектеседі. Болашақта қай саланы таңдаса да, қарсылығым жоқ.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button