Ел тынысы
Жолы да, салмағы да бөлек сұхбат
2020 жылдың 25 маусымында мелекет басшысымен “Ана тілі” апталығына «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты тақырыпта сұхбатасқан едік. Одан бері төрт жарым жыл уақыт өтіпті. Әлемдік геосаяси кеңістікте, қазақ қоғамында да елеулі өзгерістер болды. Өксіген сәттер де, өркен жаюға нық қадам жасаған шақтар да болмай қалған жоқ.
Әрине, Президент аралықта түрлі форматта өзге де республикалық арналар мен басылымдарда қалыптасқан түрлі жағдайларда немесе қоғамдық дамуды айқындау бағытында көлемді интервьюлар беріп келді. Ал, бүгінгі Ұлт басылымына жарық көрген астары қалың “Мақстым — экономиканы және Егемендікті нығайту” атты сұхбатының жолы да, салмағы да бөлек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Мен қандай қызметте жүрсем де “Ана тілі” мен “Қазақ әдебиеті” сынды ұлттық, әдеби басылымдардан көз жазған емеспін”, – деген еді.
Бүгінгі жарияланымда да “Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді”, – дегені де түйсігі бар жанға көп жайттан хабар берсе керек. Жалпы, «Жұдырық бетке тигенге дейін» демократия сақталатын сәтте тұрмыз ғой…
Жалпы ұлт қиын-қыстау күндерде ғана емес, өзінің бүкіл жүріп өтетін жолында пассионар, мемлекетшіл тұлғалардың соңынан ереді. Бүгін әлем өзгерген. Қалай болғанда да жаһанданудың көшінен қалып, есік-тереземізді тас бүркеп, қымтап, шекарамызды шегендеп, қақпамызға сом темір іліп қоятын дәуір емес, әлбетте. Бармасақ, келмесек – ел жарылады, алмасақ, бермесек – дем тарылады.
Әлемдік саяси көштің мозаикасына өз бояу-болмысымызды, жаратылыс пен табиғатымызды көшіріп апарғың келеді… Әлемнің саяси картасында батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік қақпақылдасып, қапсыра құшақтап қабырғаңды бір-бірден санап жатқан осынау алмағайып шақта Қазақ қоғамындағы әрбір жұмыр басты, сергек саналы пенденің бірінші борышы — Тәуелсіздікті қорғау! Ерсілі-қарсылы ағыстарға, меңзеу мен емеурінге, елдік мұраттарға құрылған бүгінгі сұхбаттың негізгі лейтмотиві осы. Айналдырған төрт-бес жылдың бедерінде Қазақ Елі алағай да бұлағай сәттерді бастан өткерді.
Жүйелі реформаларға құрылған оң өзгерістер аз емес. Қоғамда көп мәселерді “Қаңтарға дейін және кейін” деп қарастыратын жағдай қалыптасып қалды… Қоғам тек сол Қаңтар оқиғасынан кейін ғана тірілген секілді әсер қалдырады. Оған дейін ешкім ит аузына ағаш тығып отырған жоқ қой…
Әрине, қасіретті “Қаңтар оқиғасы” биліктің ұшар басынан ауылдық бөлімшеге дейін, алтын сандықтың үстінде отырған олигархтан күркеде күнелтіп жүрген жанға дейін, қарттарымыздың әмиянынан сәбидің жөргегіне дейін, Дубайдағы сән салтанаттың ортасында кофэ ішіп отырған алпауыттан бес мың метр тереңде кен қазып жүрген кеншіге дейін жағдайды қайта қарап, “корректировка” енгізуді күн тәртібіне қойды. Алайда, 2019 жылғы Президент сайлауынан кейінгі, жаңылмасам 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған кезең-кезеңімен (үш кезеңнен тұратын) жүзеге асырылуы тиіс реформалық пакеттер түрлі ахуалдарға қарамастан жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап айтқым келеді.
Көрер көз, түйсінер сезім болса Президенттің қоғамның, Парламент пен Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің алдына қойған міндеттері бойынша аз жұмыс істелген жоқ. Парламент төріндегі Жолдаулар, Ұлттық Құрылтай мінберіндегі тұжырымдамалар, кәсіби Форумдардағы салалық тапсырмалар, Партиялық платформалардағы міндеттер, бәрі-бәрі бір жіпке байланған жүйелі жобалар.
Әрине, кейбір мәселелерде жекелеген уәкілетті органдар сыр берді. Жауырды жаба тоқитын емес, Үкіметтің біртұтас шистерналық айналымына үйлесе алмай, нәтижесінде зардабы халыққа тиген жағдайлар болды. Ең бастысы — мемлекеттік құрылымды құрап отырған негізгі жүйенің ырғақты жұмысы сыр берген жоқ. Президент Үкіметке қатысты бағасында бұл мәселені жасырып-жаппай, барын — бар, жоғын — жоқ деп атап көрсетіпті. Емеуріннен түсінгенім, алдағы күндері өтетін Үкіметтің қортынды жиынында нақты диагнозы қойлатын да секілді…
Президент халықпен қоянқолтық жұмыс істеп жатқан Парламенттің кәсіби қызметін, қоғамның тамырын тап басатын сапалы заңдарды шығарудағы еселі еңбегін өте жоғары бағалағанына дән риза болдым. Бәрін көзіммен көріп, жаныммен сезініп, бойымыздан өткізіп, жүрекке жеткізіп бел ортасында жүрміз ғой. Түрлі қаржылық топтар мен көзге көрінбейтін лоббистердің қарсылықтарына қарамастан әрбір тағдыршешті норма үшін жан аямай күресіп жатқан, сын сағатта от пен судың ортасында жүрген әріптестерімнің жанкешті еңбегі — ерлікке пара-пар дер едім.
Осы орайда Мемлекет басшысының:
– Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып,
жақсы жұмыс істеп жатыр, – деген сөзінің астын сызып айтқым келеді.
Рас!
“Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер”. Осылай деген мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидасына құрылған сұхбатында бүгінгі қоғамымыздағы ашық сұрақтардың бәріне жауап беріліпті.
Басынан бақайшығына дейін саясиланып алған бүгінгі қоғамымызда сұрақтар аз емес.
Уақыт белдеуіне қатысты Президенттің көзқарасы қалай?
Бүгінгі экономистердің кәсіби қызметіне көзқарасы қалай?
Президент негізгі басымдықтарды сыртқы саясатқа бағыттап жатқан жоқ па?
Ішкі саясаттың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық кардиограммасы қалай?
Қоғамда үлкен резонанс туғызған Талғардағы жағдайға қатысты ойы қандай?
Қаңтар қасіретінің себеп-салдары, құпиясы толық ашылды ма?
“Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару” мәселесінде “шаш ал” десе, бас алып жатқан жоқ па?
Ауылшаруашылығына миллиардтаған қаржы
бөлінсе де тамырына неге қан жүгірмей жатыр?
Заң қатайса да қоғамдағы жемқорлық мәселесі неге тиылмай тұр?
Тоқаев БҰҰ-на басшы болып кетеді екен-мыс…
Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді-мыс…
Жаңадан Парламент сайлауы өтеді-мыс..
Қос палата бірігіп, басқару жүйесінде Парламенттік республика үстемдік құрады екен…
Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару қызметінде сіңірген тарихи еңбегі мен түрлі кезеңдерде жіберген кемшіліктері.
Назарбаев Қауіпсіздігін басқарған кезеңде қос билік болды ма?
Бұрынғы президент таяуда Мәскеуге не үшін барды?
Үкімет ауыса ма?
Сұхбатта жоғарыда атап өткен сұрақтарға ашық жауап берілген. Және бұған дейінгі қиын шақтарда атқарылған жүйелі жұмыстар мен болашақта жүзеге асуы тиіс жобалар туралы кеңінен баяндалған.
СҰХБАТТАН: ШАШЫЛЫП ТҮСКЕН ТІРКЕСТЕР
———————————————————————————
Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің
экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді.
Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты
зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді.
Жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан
азаматтарға да әділ қарауымыз керек!
Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шынайы бағалай алмасақ, алға сенім мен қадам баса алмаймыз. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті…
Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді.
Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін.
Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай
қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын.
«Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді…
Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты.
Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat»
партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент
өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты.
Жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымыз ға, яғни Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет.
Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге қақылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын
тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ. Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді. Менің аппаратым әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр. Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады. Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім.
Жанарбек Әшімжан,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
журналист