Ел тынысы
Қазақстан халқының ең басты құндылығы – бірлік
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты «Ana tili» газетіне берген сұхбатында өткен жылы елімізде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, биылғы жылы жүзеге асатын жобалармен көпшілікті таныстырды. Сұхбатты оқи отырып, көптеген мәліметтерге қанық болдым.
Шынында өткен жыл ел халқы өте күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Дегенмен, барлық қиындықты ауызбіршілік пен ынтымақ бірліктің арқасында жеңіп шықты. Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмылып тасқын судан зардап шеккен аймақтарға қол ұшын берді. Қазақстан халқының ең басты құндылығы бірлік екендігі осы тұста айқын көрінді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында елді алаңдатқан сауалдарға да жауап берді. Атап айтар болсақ, әлеуметтік желіде «Қ.К.Тоқаев 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруға кетеді, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді» деген алып қашпа әңгіменің нүктесін қойды.
«Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін» – деді ел Президенті.
Сондай-ақ, бірыңғай уақыт белдеуі мен «Таза Қазақстан» экоакциясы, доллардың көтерілуі, қаңтар оқиғасы, Талғар оқиғасы және мемлекеттік тіл секілді бірнеше өзекті мәселелер жөнінде жүзеге асып жатқан жұмыстар жөнінде арнайы тоқталып өтті. Ал, елімізде мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтеді деген ел ішіндегі болжамға да нақты жауап берді.
«Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұласбек Сәдібеков,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты