Жаңа саяси жылды қоғаммен ашық әңгімеден бастау – Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіне тән айрықша ұстанымы
Президентіміздің жаңа жылды елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой-толғамдарымен бастауы тағы бір саяси дәстүрімізге айналды. Мемлекет басшысы биыл да өзінің ауқымды сұхбатында өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге нақты межелерді белгілеп берді. Ең бастысы, Президент сұхбатында ішкі және халықаралық күн тәртібі төңірегіндегі халықты толғандыратын ең өзекті мәселелерге нақты әрі толыққанды жауап берілді.
Жаңа саяси жылды қоғаммен ашық әңгімеден бастау – Қасым-Жомарт Кемелұлынының өзіне тән айрықша ұстанымы. Халықпен мұндай форматта тілдесу жұртшылықты жұмылдырып, елде жүріп жатқан үдерістерді түсінуге, қоғамдық пікірталасқа сеп болады. Бұл – Президенттің елдегі маңызды өзгерістердің бәрі тек халықпен бірлесе жүзеге асырылуға тиіс деген берік позициясының тағы бір айқын айғағы.
Өткенге көз жүгіртсек, біз Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіндегі былтырғы сұхбатында айтылған, мемлекеттік аппарат пен қоғам алдына қойылған мақсат-міндеттер толық орындалғанын көреміз. Демек, сұхбатты мемлекетіміздің бір жылға межеленген нақты даму жоспары, Президенттің Әділетті Қазақстан құру жолындағы ауқымды бағытының құрамдас бөлігі деп айтуға болады.
Өткен жыл Қазақстанды өзгерістерге бастаған тағы бір елеулі кезеңге айналды. Ол іргелі істер мен айтулы оқиғаларға толы болды.
Рекордтық мөлшерде астық жиналды. Бір жылда миллиондаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Тұрғындарымыздың шаңырағына жайлылық пен жылу қайта ұялады. Мүшкіл күйге түскен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жаңарып-жаңғыртылды. Жылдар бойы қордаланған мәселелер ешқандай пафос пен көзбояушылықсыз, қалыпты жұмыс жағдайында шешімін тапқанын айта кеткен жөн. Ең бастысы, мұның бәрі бүкіл елде азаматтардың тұрмысы едәуір түзелгенін көрсетеді.
Сонымен қатар сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарамастан, халқымыздың әлеуметтік жағдайы мен көңіл-күйі жақсарып келеді. Президентіміздің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Жұртшылықтың әлеуметтік әділдік жөніндегі талап-тілегіне түбегейлі жауап берілді. Заңсыз шығарылған капиталды қайтару туралы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заңның арқасында миллиардтаған қаржы қысқа мерзімде елге қайтарылды. Ол қаражатқа бүкіл елде мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен спорт нысандары салынып жатыр. Осы күрделі іс әрі қарай да жалғасын табады.
Сонымен бірге жетекші шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылып, ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсуде. Осының барлығы елімізде адам мен оның жан-жақты дамуы басты назарда екенін аңғартады.
Біз азаматтарымыздың ой-санасы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, былтырғы алапат су тасқынына төтеп беруі халқымыздың ұйымшылдығы мен жұдырықтай жұмылуының жарқын үлгісіне айналды. Ең қиын сәттерде ұйыса білу – ұлтымызға тән ерекше қасиет. Өткен көктемде дәл солай біріге алдық. Жұртшылық жоғарыдан ешқандай пәрмен күтпестен, тілсіз жаумен жанқиярлықпен күресті. Олар тек өз үй-жайын ғана қорғап қоймай, жақындарына қол ұшын созып, басқа өңірлерге де көмекке барды. Волонтерлер қозғалысы бүкіл елді қамтыды. Президент өз сұхбатында айтқандай, біз қарқын суды аз уақытта ауыздықтадық. Оған қоса, зардап шеккен нысандарды қалпына келтіріп, тіпті жаңасын салып үлгердік.
Өткен жылы халықаралық деңгейде де көп жетістікке қол жетті. Әлемдік ахуал түбегейлі әрі қарқынды өзгеріп жатқанда біздің ел өзін халықаралық қоғамдастықтың беделді де жауапты мүшесі ретінде көрсете алды. Бүгінде дұрыс жолға қойылған сыртқы саясат кез келген елдің табысты және тұрақты дамуының шешуші әрі негізгі факторы екені анық. Ал мемлекеттің көш басында тәжірибелі саясаткер, білікті дипломат тұрғанда ол ел әлемдік диалогтың жаңа ұстанымдары қалыптасатын және іске асырылатын мекенге айналады.
Президентіміздің өзге тілдерді терең меңгергені, басқа елдердің мәдениетін жақсы білетіні, ой-өрісінің кеңдігі оның кез келген кездесуде биіктен көрініп, ұлттық мүддемізді сәтті, табанды түрде қорғауына септігін тигізетінін көріп жүрміз.
Жуырда ғана Мемлекет басшысы нағыз дипломатиялық қадам жасады. Әзербайжан әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына байланысты туындаған күрделі жағдай мен сыртқы қысымға қарамастан, Президент тергеу амалдарының шынайылығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін қара жәшікті құлаған әуе кемесін жасаған елге, яғни Бразиялияға жіберіп, бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Мұндай шешім мүдделі тараптардың бәрінің көңілінен шығып, Қазақстанның негізгі мәселелердегі табандылығы мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге паш етті.
Былтыр еліміз біраз беделді халықаралық ұйымға төрағалық етіп, бірқатар саммит пен форумның ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Президент ел ішінде де, шет елдерде де ең жоғары деңгейде көптеген кездесу өткізді. Олардың бәрі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, барлық салада мемлекетіміздің ілгері басуының кепіліне айналды. Мемлекет басшысының әр шетелдік сапары, халықаралық форумдардағы әрбір сөйлеген сөзі жаңа келісімдер мен уағдаластықтарға жол ашып, елімізге деген сенімді арттыра түседі.
Президент өз сұхбатында Қазақстанның Ресей, Қытай, АҚШ, түркі әлемі елдерімен өзара қарым-қатынасының келешегіне егжей-тегжейлі тоқталды. Барлық мемлекетпен арада ауқымды жоспарларымыз бар, ешқайсысымен түсініспеушілік жоқ. Бұған көп ел қол жеткізе алмай отыр. Осының бәрінің артында Президентіміздің күнделікті атқарып жатқан орасан зор еңбегі тұр.
Елге жаңа инвестициялар, технологиялар тартылуда, өндірістер бой көтеруде. Қазақстан әлемдік сауда нарығындағы өрісін кеңейте түсуде. Мұның барлығы еліміздің бақуаттылығына әсерін тигізеді.
Қазақстан 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар тікелей инвестиция тартты. Ол былтырғыдан 88 пайыз жоғары. Бұл – Орталық Азия өңірі елдеріндегі ең жоғары көрсеткіш. Осы ретте тікелей шетелдік инвестицияның шамамен үштен екі бөлігі біздің елімізге тиесілі.
Мемлекет басшысы өз сұхбатында биліктің барлық тармағының жұмысына жан-жақты тоқталды. Парламент қызметіне оң баға берді. Бұл депутаттарға тың күш-жігер беріп, ел игілігі жолындағы жұмысқа бізді жұмылдыра түседі.
Қазіргі таңда Парламент алдында үлкен міндеттер тұр. Атап айтқанда, төрт құжатты – Салық, Құрылыс, Су кодекстері мен Цифрлық кодексті жаңадан қабылдау.
Ауқымды әрі келешегі зор тақырыптың бірі – жасанды интеллектіні дамыту. Депутаттар осы инновациялық саладағы қарым-қатынасты жаңаша қалыптастыратын, оның ел игілігі үшін прогрессивті дамуына жан-жақты жағдай жасайтын заң жобасына бастамашылық етті. Жұмыс тобына бүгінде ASTANA HAB-та жұмыс істейтін жетекші ІТ компаниялардан маман-сарапшылар кірді. Мәжілісте әзірленіп жатқан осы заң жобасының жақын арада таныстырылымы өтеді деп ойлаймын.
Осы орайда елімізде озық зерттеулерді экономикаға енгізу тәжірибесі бар. Кезінде майнерлердің жұмысына құқықтық тұрғыдан жағдай жасалды. Қазіргі уақытта Астана халықаралық қаржы орталығы базасында крипта-биржа табысты жұмыс істеп, бюджетке тұрақты түрде миллиардтаған салық түсуде.
Әр заң жобасы жаңа жағдайлар мен қоғамның сұранысын ескере отырып, өзі реттейтін салалардағы құқықтық қатынастарды қайта жандандыруға тиіс. Мемлекет дамуына тың серпін беруі керек. Бұл – депутаттардың халық пен Президент алдындағы зор жауапкершілігі. Осы ретте Мемлекет басшысы жан-жақты насихаттап жүрген «Заң мен Тәртіп» принципі жағдайында Парламенттен шығатын әр құқықтық құжаттың құндылығы мен маңызы арта түсуде. Сондықтан депутаттар азаматтық және сарапшылық қоғамдастықпен әріптестікке заңнаманы жетілдірудің барлық деңгейінде ерекше көңіл бөледі.
Қазір елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Ашықтық пен пікір алуандығы жаңа саяси сипаттарға айналды. Алты саяси партиядан, бір мандатты округтерден сайланған депутаттар өз сайлаушыларымен күнделікті байланыста. Олардың талап-тілегін Парламент мінберінен жеткізуде.
Осылайша, қоғамда қызу талқыға түскен бірыңғай уақыт белдеуі мәселесін депутаттар жұмысқа алды. «AMANAT» партиясының Парламенттегі фракциясы аталған мәселені Үкімет мүшелерімен, сарапшылармен, өңір өкілдерімен бірге екі рет қарады. Үкімет алдына сағат белдеуі ауысуының тұрғындар өмірі мен ел экономикасына әсерін анықтау бойынша жоспарланған барлық зерттеуді биылғы наурызға дейін жүргізу міндеті қойылды. Президент айтқандай, соның негізінде Парламент Үкіметпен бірге байыпты шешім қабылдайды. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы нақты жұмыс істейтіндігін және өзін-өзі ақтағандығын айқын көрсетеді.
Сұхбатында Президент болашақ жас буынның келбетін айшықтап берді. Түптеп келгенде, реформаларымыз сол өскелең ұрпақтың қамы үшін жүргізіліп жатыр. Бұл – барлық мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Қазір біздің елде Отанымыздың өркендеуіне зор үлесін қосып отырған шын патриот жастар бар екенін мойындауымыз керек.
Мәселен, «Жастар рухы» жастар қанаты Президенттің айтқан сөздеріне әрдайым алғашқылардың бірі болып үн қосады. Осылайша, бұл ұйым «Таза Қазақстан» акциясының негізгі қозғаушы күшіне айналып, волонтерлық қозғалыс бүкіл ел бойынша қанат жайды.
Сонымен қатар, Президентіміз айтқандай, жастармен үнемі жұмыс істеу қажет. Соның ішінде жастар арасында дұрыс бағдар қалыптастыру үшін Мемлекет басшысы осы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Ел бойынша еңбек адамының мәртебесін арттыруға, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған ауқымды жұмыс қолға алынды.
Президентіміз сұхбатында мерзімінен бұрын сайлау өткізу ықтималдығы, парламенттік республика құру, БҰҰ-дағы жұмыс туралы әр түрлі алып-қашпа әңгімелерге нақты әрі тура жауап берді. Бұл сұрақтарға нүкте қойылды десе де болады. Мемлекет басшысы өзінің таяу жылдарда елді дамытуға арналған айқын жоспары бар екенін және оны кезең-кезеңімен іске асыратынын тағы да растады.
Бұл – азаматтардың талап-тілегінен және елдің мүддесінен туындайтын, әбден ойластырылған стратегия. Реформалардың нәтижесін біз күн сайын көріп отырмыз. Биліктің барлық тармағы толыққанды жұмыс атқарып, алға қойылған міндеттерді бірге орындап жатыр.
Қоғам мен саяси иниституттар арасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына негізделген өзара байланыстың нақты жүйесі қалыптасты. Біз жұртшылықпен жиі жүздесіп тұрамыз. Қазір де депутаттар өңірлерді аралап жүр. Президент бастап берген өзгерістердің тек «кабинет ішінде қалып қоятын» емес, азаматтардың сұранысымен біте-қайнасатын өміршең істер, нақты жауаптар екенін көпшілік түсіне бастады. Оны көріп отырмыз.
Сондықтан әлеуметтік зерттеулер Президентке және оның саясатына деген сенім деңгейі 80 пайыздан жоғары екенін көрсетуде. Қоғамымыз жедел өзгеріп жатыр. Жұрт мемлекеттік шешімдер қабылдау ісіне араласуда. Азаматтардың саяси сауаты артып келеді. Ал мұның бәрі – қазіргі жағдайда елдің табысты дамуының берік кепілі.
Бүгінгі сұхбатпен танысқанда Қасым-Жомарт Кемелұлының құжаттармен мұқият жұмыс жүргізетініне тағы да көзім жетті. Оның қасында қызмет еткен кездері Президенттің талапшыл екенін, әсіресе өзіне қатаң талап қоятынын көрдім. Ол өзінің мәтініне өте тиянақты, ұқыпты қарайды. Әрбір құжаттың, өзінің сөйлейтін сөзінің мазмұны мен ондағы негізгі ойларды өзі қалыптайды. Әрине, бұл кей кездері біздің жұмысымызды жеңілдететін. Өйткені, аппарат алдында нақты, түсінікті міндеттер қойылатын еді. Бірақ сонымен бірге Президенттің жоғары талабына сай болу үшін бізге үнемі өз-өзімізді жетілдіру қажеттігін де түсінетінбіз.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының жаңа жылды халықпен тілдесуден бастау, өз пайымдарын, ой-толғаныстарын ортаға салу дәстүрі Президентімізді халықпен одан әрі жақындастыра түсіп, азаматтардың жүрегіне сенім мен тыныштық ұялатады. Нәтижесінде бұл баршамызды елдің болашақ дамуы жолындағы игі мақсаттар төңірегінде топтастырады.
Ерлан Қошанов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы