Заң мен тәртіп қағидасын іске асырудың мән-маңызы сарапталды
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту” атты көлемді сұхбаты “Ана тілі” газетінде жарияланды. Қоғамның барлық саласындағы мәселелерді толық қамтыған сұхбатта елдіктің сара жолына, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты түйдек-түйдек бастамалар жан-жақты қамтылды.
Әсіресе, қоғамда заң мен тәртіп қағидасын іске асырудың мән-маңызы сарапталды.
“Біз құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажет…” деп барша қазақстандықтарды заң мен тәртіпті басты құндылық етуге шақырды.
Міне, сұхбаттың түйінді тұсы осы деп білемін. Біз озық елге айналамыз десек, Президент айтқандай, заңға бағынған, тәртіпті биік ұстанатын ұлтқа айналуымыз тиіс.
Ортақ тәртіпке бағынған немістер мен жапондардың тәжірибесі осыған мысал бола алады. Жалпы, елімізде әлеуметтік инфрақұрылымдық дамыту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және бизнесті дамыту, цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Қазақстанның әлеумет-экономикалық, рухани-ағартушылық бағытында іске асырылып жатқан жарқын бастамаларды Қызылорда облысынан айқын көруге болады. Мәселен, еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын күре жол – Қызылорда-Жезқазған жолының құрылысы қарқынды жүргізіліп, бюджеттен тыс қаржы көздерінің есебінен Қызылордадағы Қорқыт ата әуежайында жаңа заманауи ғимарат пайдалануға берілді. Қызылорда-Ақтөбе бағытындағы халықаралық екі жолақты жолды төрт жолақты етуді құжаттандыру жұмысы жүргізіліп, жол құрылысы басталады.
Бұл өңірлердің көліктік қолжетімділігін айтарлықтай арттырады, жолаушыларға қызмет көрсетуді сапалы жаңа деңгейге шығарады және қалалардың жеделдетілген экономикалық дамуына ықпал етеді.
Экономиканы әртараптандыруда шағын және орта бизнес шешуші рөл атқарады. Озық елдердің экономикасын бәсекеге қабілетті етуде бизнестің рөлі зор. Сыр өңірі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру аясында қаржы тартудан да көш басында келеді.
Әлеуметтік инфрақұрылымдарды жетілдіруден де Сыр өңірінде ілкімді істер жетерлік. Былтыр барлық ауданда “Руханият орталықтары” бой көтерді, биыл орталық “Қызылорда-Арена стадионы салынады. Жеке инвестор қаржысы есебінен Жылу электр орталығы салынуда. Яғни, Қызылорда облысы инвестиция тартудан көш ілгері. 2024 жылы негізгі капиталға 559 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 20,6 пайызды құрады. Айта кететіні, Сыр өңірі шетел инвестицияларын, озық технологияларды тарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. 2025 жылы облыс аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
Өңір тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 78 пайызды құрайды. Өңірді кесіп өтетін “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” жолы барлық ауданды байланыстырады. Қазір облыста сапалы жолдың үлесі 90 пайыздан асты. Мұның бәрі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын, рухани-мәдени көкжиегін кеңейтіп, спорт, туризм саласының дамуына серпін береді.
Әрине, мұндай игілікті бастамалар еліміздің барлық аймағында сәтті іске асуда. Жалпы, Президенттің сұхбатында елдің әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, рухани-мәдени ілгерілеуі қамтылды. Әрі Президенттің бастамалары өңір-өңірлерді толық қамтуда. Бұған Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар да дәлел болады.
Руслан Рүстемов,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты