Елорда тынысы

1300 жұмыс орны ұсынылды

Жастар сарайында жұмыссыз азаматтар үшін жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

[smartslider3 slider=3758]

Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдас­тырылған жәрмеңкеге 54 жұмыс беруші қатысып, 1300-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде 9 мекеме пробация қызметінің есебінде тұрған және жазасын өтеп жатқан жұмыссыз азаматтар үшін 197-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Білім беру, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, жұмыс іздеп жүрген азаматтардың түйіндемесін қабылдады.

Қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Талғат Есімов жыл соңына дейін әлі осындай 8 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтетінін айтты.

«Соңғы екі жылда карантин шектеулеріне байланысты қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткен жоқ. Біз осы жылдың соңына дейін жалпы 10 жәрмеңке ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз» деді Т.Есімов.

Жұмыс табуға ниетті азаматтардың қатарында еңбекке енді араласатын жас мамандар болса, енді бірі тұрмыстық жағдайға байланысты жұмыс орнын ауыстыруды көздейді. Солардың бірі – елордаға қоныс аударған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынгүл Өңей.

«Мен Аршалы ауданы Сарыоба орта мектебінде 17 жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Биыл отбасылық жағдайға байланысты елордаға көштік, бірақ әлі жұмыс таппадым. Қала бойынша 30 мектепке барып көрдім, бірақ мұғалім жеткілікті. Мысалы, қалалық бір мектепке конкурсқа қатысып жатырмын, бір жұмыс орнына 55 мұғалім үміткер. Осы жәрмеңкеде бірнеше мекемеге түйіндеме тапсырдым, жақсы хабар күтемін» деді А.Өңей.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер қатарында қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы қатысып, 5 бағыт бойынша бос жұмыс орнын ұсынды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының өкілі Бақтияр Әлиақпаров елордадағы орталықтарға 50 адам жетіспейтінін атап өтті.

«Елордада 9 ХҚО бар. Қазір қызмет көрсету орталығына жұмысқа кіру жеңілдеді. Үміткерлер психология­лық тест тапсырмайды, жұмысқа әңгімелесу арқылы қабылданады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды да жұмысқа алу жағы ойластырылған. Бүгінгі жәрмеңкеде түскен түйіндемелермен танысып, барлық талапқа сәйкес келетін азаматтарды жұмысқа қабылдаймыз» деді Б.Әлиақпаров.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button