Мәслихат

14 жыл бойы депутат

Мирас Шекенов 2007-2021 жылдары аралығында Астана қаласы мәслихатының ІV-VІ шақырылымдарының депутаты болды. V шақырылымда қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарса, VІ шақырылымда бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға төрағалық етті. Биыл Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толып отырса, Мирас Ерғалиұлы депутат ретінде бақандай 14 жыл бойы елорданың дамуына белсенді атсалысты.

Мирас Шекенов кейінгі жылдары бой көтерген елорданың «Жағалау» шағын ауданы кіретін №11 сайлау округінен мәслихат депутаттығына сайланған еді. Осы шағын ауданның инженерлік инфрақұрылымының реттелуіне, атап айт­қанда, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың орталық жылу жүйесіне қосылуына, жолдардың салынуына үлес қосты. Соның ішінде №71 мектеп-
лицей аумағы, І.Омаров көшесі толығымен абаттандырылып, орамішілік көшелер, тұрғын үй кешендері аумағы асфальтталды, №78 мектеп-гимназияға, сол төңіректегі №53 балабақшаға апаратын жолдарға асфальт төселді. «Құлагер» тұрғын үй кешені мен басқа да көппәтерлі үйлер аулаларында балалар және спорт алаңдары салынды. Бір атап өтерлігі, Астана қаласы әкімдігінің «Ескі, апатты үйлерді сүру» бағдарламасына кірген қаланың орталығындағы кейбір үйлердің тұрғындарына «Жағалау» тұрғын үй кешенінен баспана берілді.

Мирас Ерғалиұлының сайлау округіне «Үркер» тұрғын алабы да кірді. Ол депутат ретінде осы елдімекен маңайында жасыл белдеу мен веложолдың салынуына атсалысты. Тұрғындардың өтініші көбінесе коммуналдық шаруашылық мәселелеріне, инженерлік-техникалық инфрақұрылымға барып тірелетін болғандықтан, осы мәселелердің шешілуімен айналысты. Бұл – абаттандыру жайы, ПИК жұмысы, үлескерлердің жағдайы, т.б. болып кете беретін.

Шыңғыс Айтматов көшесіндегі жол кіші айналма тас жолының құрамына кіретін болғандықтан, өте маңызды автожол. Мирас Шекенов осы жолдың құрылысын қадағалады. Қорғалжын тас жолы бойындағы көппәтерлі үйлердің тұрғындары қоныс тойынан кейінгі алғашқы жылдары жылу үшін ғана 60-70 мың теңге төлейтін. Депутаттың тездетуімен бұл үйлер орталық жылу жүйесіне қосылды.

Мирас Ерғалиұлы депутат кезінде қаланың шет аймақтарына ерекше көңіл бөлді. Сол кезде елорда орталығы мен шет аймақтарды дамыту тепе-тең дәрежеде жүргізілуі керек деп жиі айтатын. «2020 жылға дейінгі перспективасымен Астана қаласының шет аймақтарын ортамерзімді кезеңде дамыту» тұжырымдамасының іске асуын бақылауда ұстады. Аталмыш тұжырымдамада 20 тұрғын алап қамтылып, 232 шақырым жол, 900 шақырым инженерлік желілер салынып, шет аймақтар абаттандырылуы тиіс болатын.

Сол уақытта айтқан мына сөзі есімізде: «шет аймақтардағы абаттандыру мен тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерімен қатар әлеуметтік, қоғамдық-іскерлік инфрақұрылымға көңіл бөлген абзал. Кейбір аймақтарды олар мүлде жоқ. Ал мұндай инфрақұрылым қала экономикасы дамуының негізін құрайды. Шет аймақтарды дамуы үшін инвес­тиция құйылу керек».

Депутат кезінде «Жасыл технологиялардың» енгізілуін қолдады. «Жасыл технологиялар» – бірқатар саланы дамытудың маңызды құралы. Бұл технология­лар тікелей қоршаған ортаның жайлылығы мен экономикалық қауіпсіздікке әсерін тигізеді. Құрылыс секторы, энергиялық кешендер, көлік және қоқысты басқару салалары инновациясыз бірте-бірте тоқырауға ұшырайды» деген еді бірде ол.

Астана қаласы мәслихаты VІ шақырылымының депутаттары қабылдаған қала үшін маңызды шешімдердің арасында 18 жасқа толмаған ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары және заңды өкілдерінің автобустарда тегін жүру болды. Бұдан бұрын мұндай тәртіп 7 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне жүретін еді. Бұл мәселе Мирас Шекенов басқарған қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия сараптауынан өткен соң оң шешілді.

Мирас Ерғалиұлы бюджетті жоспарлағанда оның бастапқы кезеңіне қоғамды да тарту керек деген пікірде болды. «Бұл жағдайда әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелі болады. Себебі бәрі қоғам үшін жасалып, халықтың жағдайына әсерін тигізеді. Бюджетті жасағанда ашықтықты қамтамасыз етсек, мемлекеттік органдар мен халық арасы жақындайды және бюджет қаржысы қала халқының өзекті мәселелеріне бағытталады» дейтін.

2010-2015 жылдары Қалалық жылжымайтын мүлік кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне де жетекшілік етті. «Астана – менің туған қалам. Жас астананың тұрғындары мен зиялы қауымын тәрбиелеу маңызды. Сол үшін бірқатар іс-шаралар кешені іске асырылды. Мәдениет және спорт нысандары көптеп салынып, түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жалпы Астана әлемдік қоғамдастықта өз дәрежесін күн санап көтеріп келеді» дейді Мирас Шекенов.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button