Қала мен СалаТаным

ДӘРІГЕР ПЯ

1374919992_4x4x6692Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы жарап тұр. Жақында еліміз бойынша екінші донор жүректі сәтті орнатты. Жүректің орнына жүрек қою – күрделі операция. Бұл кез келген елдің қолынан келе бермейді. Тіпті, мемлекеттегі медицинаның даму деңгейі трансплантация жасауымен бағаланады екен. Демек, осы жағынан алғанда, қазақ елінің медицинасы осал емес деуге болады. Бұл орайда бір өзі талай адамның өмірін аман алып қалған жанкешті дәрігер, халықаралық деңгейдегі кардиохирург, профессор, кеше ғана Елбасының өз қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған Юрий Пяны ерекше атап өтеміз.

  

Пя

Отанына оралу

Қазір елімізде кардиохирургия мәселесі қозғала қалса, ойға орала қалатын дәрігер – Юрий Пя. Жур­налист ретінде де жүрек-қан тамырлары дәрігерлерінен сұх­бат алу керек болса, ол бас­қаратын Ұлттық ғылыми кардио­хи­рур­гиялық орталықтың мамандарын жағалап жатамыз. Өйт­кені, бұл орталық бүгінде білікті де тә­жі­рибелі мамандар ұйыс­қан ор­таға айналды. Жақында «Бо­лашақ» бағдарламасының 20 жыл­ды­ғына байланысты өткен форумда осы Ұлттық ғылыми кар­­диохи­рур­гиялық орталықтың жас дәрігері Дмитрий Горбунов Юрий Пя бастаған ұжымнан көп нәрсе үй­ренгенін, осыдан бес жыл бұрын 300-ге жуық операция жасаса, бүгінде оның саны 2 мыңға жуық­тағанын айтқаны есімізде. Жаңа туған шақалақтың жүрегіне операция жасау тіптен оңай емес. Ал, мұндай күрделі опе­рацияны жасауды орталықтың жас дәрі­герлеріне дейін меңгеріп алған. Міне, осыдан-ақ кардиохирургия орталығының деңгейін бағалай беріңіз.

Осыдан тура он жыл бұрын жел­тоқсан айында дәрігер Юрий Пя Астанаға келгенде Ұлттық кардио­хирургия орталығы ашыл­маған да болатын. Ол алғашында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың құрамындағы кар­дио­хиургиялық клиниканың тіз­гінін ұстады. Кейін қазіргі ор­та­лықты басқарып кетті.

Юрий Владимирович Жамбылда туып-өскен. Түлкібаста білім алған. Ол оқыған посткеңестік ке­зеңде жас маманды жолдамамен жан-жаққа жіберетін үрдіс болған. Юрий Пя өзі сияқты дәрігер зайыбы екеуі Мәскеудегі екінші медицина институтын бітірген соң жолдамамен Тула облысына тартты. Бірақ  жарты жылдан кейін әйелінің туған жері – Қырғызстанға кетуге мәжбүр болды. Алғашқы операцияларды да сонда жасады. Кейін Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Түркиядан бір-ақ шықты. Мүмкін, әлі күнге дейін сонда жүрер ме еді, егер бір оқиға сеп болмаса… Бірде Мәскеуге ғылыми конференцияға барған ол бұрын қызметтес болған досы Серік Елембаевпен кездесіп қалады. Өткен кеткенді әңгімелегеннен кейін досы қазір Қазақстанда жұмыс істейтінін, онда соңғы үлгідегі құ­рылғылармен жабдықталған заманауи кардиохирургиялық орта­лық салынғалы жатқанын жеткізеді. Әріптесінің сөзінен кейін ойланып қалған Юрий Пя Отанына оралуды ұйғарып, Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазады. Көп ұзамай хатына жауап алып, 2004 жылы еліне оралады. Дәл осы жылы Астанадағы алғашқы отасын жасады. «Астана – белсенді және жаңашыл азаматтардың қаласы. Мұнда өз мүмкіндігіңді көрсетуге жан-жақты жағдай жасалған. Мен Астанаға келгеніме әлі күнге қуа­намын. Осында мамандығыма бай­­ланысты армандарымның бәрін жүзеге асыра бастадым», – дейді дәрігер ағынан жарылып.

 

Орталықтың көмегі көп

Бүгінгі таңда әлем бойынша жүрек қан тамырлары ауруынан өлім-жітім көрсеткіші бірінші орынға шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жер шарында жүрек-қан тамырлары ауруларынан жылына 15 миллиондай адам көз жұмады екен. Ал, елімізде бір жылда 80 мыңдай адам жарық дүниемен қош айтысады. Осыдан бес жыл бұрынғы жағдай тіптен мүшкіл еді. Жүрегіне операция жасатуға 10 мың адам кезекте тұрды. Қалтасы көтеретіндер шетелге барып емделіп қайтса, қаржысы жоқтар тағдырдың жазуына үнсіз мойынсұнатын. Астанада Ұлттық кардиохирургиялық орталықтың ашылуымен қордаланған мәселенің түйіні тарқатыла бастады деуге әбден негіз бар. Елорда мен Алматыда, облыс орталықтарында заманауи технологиямен жабдықталған кар­диохирургиялық орталықтардың ашылуы арқасында бүгінге дейін жүрекке 40 мыңға жуық операция жасалыпты. Мұндай игілікті істің басы-қасында жүрген Юрий Владимировичтің өзі бүгінге дейін жүрекке 5 мыңға жуық ашық ота жасаған екен.

 

Алғашқы трансплантация

Былтыр тамыз айы еліміздің кардиохиургия саласы үшін тарихи күн болды. Юрий Пя бастаған дә­рі­­герлер жүректің созылмалы дертіне шалдыққан адамға донор жүрек салу операциясын жасауға тәуе­кел етті. Олардың қобалжитын жөні бар. Мұндай ота ТМД мемле­кет­те­рінде тұр­мақ, дамыған елдердің өзінде бола қойған жоқ. Алпауыт Аме­риканың өзі бертініректе қолға алды. Алайда, Юрий Пя өз-өзіне се­німді еді. Әрі небір күрделі опе­ра­цияларды жасауға Ұлттық кар­дио­хирургия орталығының мүм­­кіндіктері де, мамандары да жет­кі­­лікті еді. Сөзімен де, ісімен де әріп­­тестерін жігерлендірген Юрий Вла­­димирович еліміздегі тұңғыш донор жүректі орнатуға кірісіп кетті. Операция сәтті өтті. Өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан қос­танайлық Жәнібек Оспанов ақ халаттылардың аялы ала­қандарының арқасында аман қалды. Жақында осы орталыққа сапарлау барысында еліміздегі тұңғыш донор жүректі иеленген азаматпен кездейсоқ кездесіп қалдық. Ол күрделі операциялардан кейін ас­қы­нулар болмағанын, бүгінде ден­саулығы қалыпты екендігін айтты.

Жақында жұртшылық Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық ор­талығынан және бір сүйінішті хабарды естіді. Алматы қаласының же­­дел медициналық көмек ауруханасында клиникалық өлімге ұшыраған адамның туыстары оның жүрегін алуға рұқсат бергені туралы хабар келіп түсісімен,  орталықтың Юрий Пя бастаған дәрігерлері іске кірісіп, оған сәйкес келетін сырқатты шұғыл іздестіре бастайды. Сөйтіп, барлық көрсеткіштері бойынша алматылық 50 жастағы тұрғын сәйкес келген. Қазір донор жүрек кеудесінде бүлк-бүлк соққан екінші науқастың да жағдайы жақсы көрінеді.

Осылайша, еліміз жүрекке трансплантация жасайтын әлемдегі жетінші мемлекетке айналды.

Адамға өмір сыйлау, алғыс арқа­лап, сауап алу – ең игілікті іс. Осы із­­гіліктің нұрына бөленген Юрий Пя басқарған ұжым әлі талай азаматтың өміріне араша болары анық. Қазірдің өзінде елімізде өзгенің ағзасын салуға мәжбүр болып, күн санап отыр­ған 5 мыңға жуық адам бар екен. Әттең, донор тапшы. Табыла қал­­ған күннің өзінде қайтыс болған адам­ның органын туысқандары өзгеге беруге келісе қоймайды. Әйт­песе, талай адамның өмір жасын ұзартуға дәрігер Юрий Пя да, өзге әріптестері де аянып қалмас еді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button