БілімСұхбат

БІЗ БІЛІМНІҢ НӘРІН БЕРЕМІЗ

сканирование00031

Биылдан бастап Астана қалалық Білім басқармасының мұрындық болуымен елордадағы үш оқу ошағы – №66 мектеп-лицей, №4 мектеп-гимназия мен №8 жалпы білім беретін орта мектеп және №71 «Мөлдір» балабақшасында «Сатылай оқыту» технологиясы бойынша балаларға білім беру қолға алынды. Біз осы технологияның авторы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Алжанбайқызынан сатылай оқытудың ерекшелігі мен берер пайдасы туралы сұрап білген едік.

 

– Нұрша Алжанбайқызы, сөз басында бұл технологияның қыр-сырымен толығырақ таныстырып өтсеңіз. Себебі, көпшілікке «сатылай оқыту» деген сөздің өзі түсініксіздеу болуы мүмкін…

– Алғаш бұл жобаны 1994-1995 оқу жылдарында қолға алғанда «Сатылай кешенді талдау» деп атаған едік. Оның басты себебі, әу баста талдау жұмыстары қазақ тілі пәнінен басталды. Кейін Алаш арыстарының еңбектерін оқып сараптай келе, бұл тек талдау емес, осы талдау арқылы балаға терең білім беруге болатынына көз жеткіздік. Жүсіпбек Аймауытовтың бір сөзі бар: «География, математика секілді пәндердің негізін қалайтыны, бұл – ана тілі. Егер біз ана тілі арқылы білім беретін болсақ, басқа пәндерге негіз қалаймыз, баланың логикалық ойлауын, танымын дамытамыз». Сол себепті соңғы жылдары мен Алаш қайраткерлерінің еңбектерін қайтадан оқып, сүзгіден өткізіп шықтым. Олардың педагогикалық, психологиялық, әдіс­темелік идеяларын қарап отырсақ, кезінде өздері технология деп атамаса да, білім берудің нағыз берік жүйе­сін қалап кеткенін көруге болады. Осы идеяның ұтқырлығы әрі мұғалімдермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу арқылы алғаш рет қазақ тілі пәніне сатылай кешенді талдау технологиясын енгізген едік. Сатылай кешенді талдау­ды үйренген мұға­лімдердің алдыңғы қатары қазір жаттықтырушы болып, оқу құралдарын жазып, осы технологияны басқа пәндерге де қолданып келеді. Мәселен, математика, химия, биоло­гиядан бастап, ән, денешынықтыру, сурет сабақ­тарында да бұл жаңашыл тәсіл кеңі­нен қолданылып келеді. Яғни, бейнелеу өнері сабағында балаға тек бояу-қағазын ұстатып қойып, сурет салғызу емес, сөйлету арқылы сурет салу, оқушының сөздік қорын байыту, сауатты сөйлеу дағдысын қалыптастыру, мәдениетті сөйлеуге үйрету – осының барлығын соны технология тәсілімен жүзеге асы­руға болады. Сырттай қа­рағанда тек талдау жұмысы болып көрінуі мүмкін, алайда, бұл тәсіл баланы өз бетінше ізденуге талпынды­рады, зерттеушілік қабілетін ашады. Мәселен, бір сөздің мән-мағынасын түсіну үшін бала түсін­­дірме сөздіктермен жұмыс жасайды, ата-анасынан сұрайды, мұға­лімімен кеңеседі. Сондай-ақ, топ болып жұмыс істегеннен кейін ба­лада бауырмашылдық, жолдастық қасиет басым болады. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі балаларда эгоизм бар. Ал команда болып сөзді талдау кезінде бірін-бірі тартады, жаны ашиды. Сол себепті, бүгінде бұл технологияның атауын «Сатылай оқыту» деп алып отырмыз.

– Бүгінде соны технология аясы қанша пәнді қамтып отыр?

– Қазіргі таңда бұл технология бойынша 13 пән – негізгі он және қосымша үш пән оқытылып келеді. Республикамыздың Оңтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан басқа өңірлердің барлығында бұл оқыту технологиясы кең таралуда. Осы технологияның жергілікті жердегі әдіскерлерімен жыл сайын кез­десіп, оқыту тәсілін жетілдіру мақсатында курс өткізіп, кері бай­ланыс орната алдық. Мұғалім бұл жаңашылдықты қаншалықты мең­герді, тәжірибесінде қай дең­гейде қолданып келеді, осы арқылы ол қандай жетістіктерге жетті? Осы сұрақтардың барлығына кері байланыс арқылы нақты жауап бере аламыз.

Бізге бәрін шетел жасап, солар жаңалық ашып жатқандай көрі­неді. Ал, шындап келгенде, осы техно­ло­гиялардың барлығын кезінде Алаш азаматтары жүйелеп, зерттеп, негізін қалап кеткен. Егер ғалым­дарымыздың еңбектерін ерінбей қарап, зерделеп көрсеңіз, осының барлығы сонда бар. Біз соларды елеп-ескере бермейміз. Алла жазса, 2017 жылы – Алаш арыс­тарының 100 жылдығы. Соған орай олардың әлі де толық зерттелмеген педагогикалық, психологиялық, әдістемелік саласындағы тың идея­­ла­рын өндірістік мектептерге, жоғары оқу орындарына дендеп енгіз­сек, сол азаматтардың ойларын, тұжы­рымдамаларын жарыққа шығарсам деген арманым бар.

– Нұрша Алжанбайқызы, шын­дығына келгенде, балабақ­шадағы бала тұрмақ, мектептегі оң-солын таныған оқушының өзі бұрын-соңды білмеген технологияны игеруде белгілі бір қиындықтарға тап болып жатады…

– Ойыңыздың төркінін түсіндім. Жамбыл облысының Меркі ауданында бір олимпиада өткізгенімізде оған ба­лабақшада тәрбиеленіп жүрген балалар да келіп қатысты. Алғашында менде де жазу-сызуды білмейтін бүлдіршіндер бұл технологияны қалай алып кетуі мүмкін деген күдік болды, шынымды айтсам, сенімсіздікпен қарадым. Бірақ, кезінде ата-бабамыз жазуды білмесе де жыр-дастандарды жатқа айтып, қалың топтың алдында іркілмей сөз бастаған емес пе?! Балабақша балаларына арналған технология да осы ерекшелік құрылымына сай жасалған. Яғни, балаға қайталау, әлсін-әлсін айта беру арқылы санасына сіңіру, жаттатқызу, дағды қалыптастыру. Негізінен, бұл тәсілді неғұрлым ертерек, баланың ерте жасынан қолға алса, соғұрлым бойына сіңімді болады екен. Неге десеңіз, қазіргі балаларда алаңдаушылық басым, ойлары шашыраңқы, зейіндері тұрақсыз. Ал, бұл технологияның бір ерекшелігі – зейінді тұрақтандыруға көп көмектеседі. Баланы қызықтыру үшін талдау технологиясы он деңгейге жіктелген. Әр сатыға өтуде бала бір дең­­гейде қатып қалмай, алға ұмтылады, ойын жетілдіреді, қызығушылығы артады. Тағы бір айта кетерлігі, біз ба­лаларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге арнайы дайындамаймыз. Себебі, бұл технологияның өн бойында үйре­тілетін, оқытылатын жүйелі білімнің өзі соған үлкен дайындық. Балаларымыз отыз балдық тестен ойнап отырып-ақ, жоғары ұпай жинап жүр.

– Қазіргі уақытта Астана қала­сын­дағы үш мектеп – №66 мектеп-лицей, №4 мектеп-гимназия мен №8 жалпы білім беретін орта мектептің 1-ден 5-сыныпқа дейінгі оқушыларын осы технологиямен оқыту жобасын қолға алдық. Яғни, 1 мен 4-сыныпқа дейінгі бір жетістігін байқау арқылы қазақ тілінінің ғылыми курсы басталатын 5-сынып оқушыларының 11-сыныпқа дейінгі білім-біліктіліктеріне баға беруді көздеп отырмыз. Мен, негізі, қазақ тілінің грамматикасын 7-сы­ныпқа дейін оқытуды жөн санаймын, ал 7-сыныптан кейін тілдің жаңа ба­ғыттары жүргізілсе деймін. Ал, бізде қазақ тілін таптаурын болған тәсілмен оқыту әлі де жалғасып келеді. Бастауыш сыныпта да зат есім, сын есімді оқимыз, жоғарғы сыныпта соны тағы қайталаймыз, жоғары оқу орнына түс­кенде де сол алдыңнан шығады. Бір жағынан бала мезі болып кетеді, екін­шіден, жаңашылдық жоқ, бұрынғы айт­қандарды қайталау ғана. Неліктен тілдің танымдық жағына бет бұрмасқа? Алматыдағы Тіл білімі институтында небір жаңа, жақсы жобалар, зерттеулер бар. Неге соны қолданысқа енгізбеске? Болашақта осының барлығы іске асса, тамаша болар еді.

«Сатылай талдауды» «қиын тәсіл» деп қиналған ата-аналардың көзін жеткізу үшін апта сайын ашық сабақ өткіземіз. Алғашында жаңа технологияға тосырқай қараған ата-аналардың дені енді-енді түсініп: «Біз жақсы бағыт алып келе жатырмыз, жеке репетитор жалдағаннан гөрі, осы тәсілмен оқытқан анағұрлым арзан әрі тиімді екен» деп мойындап жатады. Жеке дайындаушы алдырып ұтпайтынын түсінген ата-аналардың дені балаларының тек үй тапсырмасымен ғана шектеліп қалатынын енді ғана біліп келеді. Ал, біз білімнің нәрін береміз. Қазір бұл технологияға сұраныс бар, қызығушылық та артып келеді.

Елордаға алғаш болып шақырып, қолынан келгенше қолдау-көмек беріп келе жатқан азаматтардың бірі – №66 мектеп-лицей директоры Шаях­метова Айтжан Ермұханқызы осы технологияның берері мен бағытын түсініп, «балаларымыз бен мұға­лім­дерімізге қажет, мектептегі пәндерге енгізіп көрейік» деп ұсы­нысын айтып, соны техникалық құралдармен жабдықталған кабинет берді. Ол кісіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. №4 мектеп-гимназияның директоры Ба­заркүл Сыздықова мен №8 жалпы бі­лім беретін орта мектептің директоры Сақан Сәтмағамбетовтің де қолдауын, көмегін сезініп отырамыз. Ең бастысы, балаға сапалы білім беруді алға қойып, сол межеге жетуде қолынан келгенше демеу беретін осындай аза­маттар азаймасын деген тілек бар.

Сұхбаттасқан
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button