Қала тіршілігі

БОЛАШАҚ СӘУЛЕТIНIҢ БЕДЕРI

Қалабасы есеп берген брифинг алдында елордада жүзеге асып жатқан ілкімді жобалардың көрмесі өтті. «Қазмедиа» орталығының дәлізінде өткен ауқымды шара бас шаһардың бүгінгі һәм ертеңгі бейнесін айшықтайды. Дәл ортаға қойылған қаланың бас жос­пары макетінен Астананың әр сарайын, ғимаратын алақандағыдай көресіз. Сол қапталдағы төрт телеэкран бүгінгі тыныс-тіршілігімізден сыр тартады. Оның қасындағы мультимедиялық тақтадан арнайы автобусқа мініп, болашақтағы елорданы аралай аласыз. Ары қарай шаһардың әр саласындағы жетістіктеріміз тізбектеле береді…

[wppa type=»slideonly» album=»24″ size=»auto»][/wppa]

«ЭКСПО»-ны ілгерілететін үш бағыт

Әңгімені «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен бастасақ. Өйткені, бұл ауқымды шара қазірден Астананың атын әлем елдеріне танытып тұр. Ендеше, бұған дайындық жұмыстары да үлкен жауапкершілікті талап етеді. «ЭКСПО»-ның кешегі көрмеден көрініс табуының да себебі  сол.

Халықаралық көрменің келбетін айшықтаған тақтайшалардан ұққанымызды былай тарқатсақ… Бес миллион адамның басын қосып, «Болашақтың энергиясымен» таныстыратын көрме негізінен «Astana mobility», «Welkome to Astana», «Astana Green City» бағдарламалары бойынша жүзеге асатын көрінеді. Мұның алғашқысы қаланың көлік инфрақұрылымын және логистикасының сапасын жақсартуға, жаңартуға бағытталған. Яғни, жоба аясында қоғамдық көліктердің басымдығын арттырып, интеллектуалдық көлік жүйесін жасау көзделген.

Бұл шараның алғашқы қадамдары басталып кеткенін күні кеше сүйіншілегенбіз. Жанармайдың экологиялық түрін пайдаланатын «Астана Экотакси» автомобильдері адам өмірінің қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұсауын кескен таксопарктің еншісіндегі 56 көлік қала тұрғындарына қызмет ете бастады. Олардың қатарына жақын арада 44 көлік қосылмақ.

Халықаралық көрмені ұйымдастырудың «Welkome to Astana» атты келесі бағыты қонақжайлық институтын дамытуға арналған. Бұл қызмет көрсету нысандарының сапасын стандарттауды, қонақ үй қызметкерлеріне ағылшын тілін үйретуді және еріктілерді тартуды көздейді. «Сити-Пасс» жүйесі арқылы экскурсиялық бағдарламалар әзірлеуді де қамтымақ. Сала мамандарының сөзіне сенсек, аталған бағыттың алғашқы кезеңі бойынша елордалық қонақүйлердің қоры дайындалу үстінде.

Үш жобаның соңғысы жылу жоғалтуды жоюды қолға алмақ. Яғни, экологиялық энергия көздеріне көшу жолында қала ғимараттарын жаңартып, жарықтандыруды оңтайландырады, қатты тұрмыстық шығындарды пайдаға жаратады. Жоба аясында Астанадағы 121 тұрғын үй техникалық тексеруден өткен. Келесі жылы тағы 300 нысанды қадағалау жоспарда бар екен. Ұйымдастырушылар бұл жобаға «Астана-АЭК» акционерлік қоғамы, «Астана су арнасы» мекемесі және «Астана-Теплотранзит» кәсіпорны мықтап күш салатынын жеткізді.

 

«Ақылды қаланың» айшықтары

«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысында қолға алынған ірі жобалардың бірі – «Smart-Astana». Еуропалық «ақылды» қалалардың даму моделінен алынған бастама елордалықтардың өмір сүру деңгейін жеңілдетуге арналған. Ақылды қала, ақылды экономика, ақылды басқару, ақылды өмір, ақылды ғимараттар сынды сипаттамалардан тұратын жобаның бірінші кезеңі аяқталуға таяу. Іргелі істің де келешектегі көріністері аталған көрмеден табылады.

«Біз бұл іске тәжірибесі мол «PrisewaterhouseCoopers» кеңесші-компаниясын тартып отырмыз. Бүгінде компания әлемнің «ақылды қалалар» рейтингіне Астананы енгізу үшін жоба көрсеткіштерінің, smart бастамалардың «Жол картасын» әзірлеуде. Десе де, бастама аясында біршама істер қолға алына бастады. Мәселен, «Wi-Fi» тегін интернет жүйесі елорданың 36 қоғамдық және адам көп жүретін нүктесіне орнатылды» дейді «AstanaInnovations» АҚ басқарма төрағасы Саят Нүсіпов.

 

Апатты үй иелері аулақта қалмайды

Астана әкімдігі ұйымдастырған көрме көп саладан мағлұмат береді. Солардың бірі апаттық тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі пилоттық жобаға арналған. Көңілге түйгеніміз, атам заманғы, жерге қазықтай қадалған жатаған үйлер бұзылып қана қоймайды екен, орнына ұшар басына көз салсаңыз, бөрігіңізді домалатып түсірердей зәулім нысандар бой көтереді. Нақты сандарға жүгінсек, «Елорда-даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 314 пәтерлі үш тұрғын үйді пайдалануға берген. Оның 90 пәтеріне Нұрғиса Тілендиев даңғылындағы апатты үйлердің иелері қоныс теуіпті. Сарайшық көшесінде бой көтерген 99 пәтерлік кешенге сегіз апатты үйдегі отбасы көшті. Ахмет Жұбанов пен Жәнібек Тархан көшелерінің бойындағы 7 мың шаршы метрді құрайтын кешен қайта инвестицияланбақ. Бұларға қоса, 1368 пәтерлі төрт жоба мерзімінен бұрын жүзеге аса бастады.

Тұрғын үй басқармасының мамандары келесі жылы 79 мың шаршы метрді құрайтын кешен салынатынын айтады. Оның 24 мың шаршы метріне апатты үйлердің иелері қоныстанбақ. «2017 жылға дейін 228 апатты үй бұзылады. Бұл – 3519 отбасы жайлы баспанамен қамтылады деген сөз. Ал, 2020 жылға таман 250 шаршы метрдегі апатты кешендердегі отбасылар жаңа үйлерге жайғасады» дейді басқарма басшылығы.

 

Индустриялық парктің игіліктері

Астана әкімдігінің көрмесі №1 Индустриялық паркке де кең орын беріпті. Ондағы сызбалар мен сандар, суреттер бүй дейді: 600 гектарға тақау алып паркте биылғы жылдың өзінде16 миллиард теңге шамасындағы қаражатқа сегіз кәсіпорын іске қосылған. Атап айтсақ, «Қазақстан ASELSAN инженеринг» ЖШС-ның электронды-оптикалық аспаптар шағаратын зауыты, «Тау-кен алтын» ЖШС-ның аффинажды зауыты, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының ілгерілеуіне септігі тиетін, ірі панельді құрылыс материалдарын өндіретін зауыт, «Стеклянный дом» ЖШС-ның шыны бұйымдарын жасау және өңдеу зауыты, «Аvalon-К» мекемесінің жиһаз дайындайтын зауыты, «Астанапромның» өндірістік-технологиялық кешені және «Спецэлектра» ЖШС-ның трансформаторлық станса жиынтығын шағаратын зауыт. Бұл нысандардың іске қосылуы жұмысшылар санын 1718-ден 2500-ге дейін арттырғанын айту керек.

«Дәл қазіргі уақытта 15 зауыттың іргетасы қалана бастаса, 15 нысан жобалау сатысында. Аталған жобалар 2016 жылдың соңына дейін іске кіріспек. Ол кезде жұмыс орындарының саны 8 мыңға дейін көбейеді. Іске қосылған және жүзеге асырылып жатқан 49 индустриалды-инновациялық жобаның инвестициялық көлемі 181 миллиард теңгеден асып жығылады» дейді мамандар.

 

P.S. Көрмеден түйгеніміз көп, таң қалдыратын мәліметтер де жетерлік. Қалғанын қысқақысқа қайырсақ, алдағы жылдары «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының маңы адам танымастай өзгереді екен, «Мыңжылдықтар» аллеясы Астанадағы басты демалыс аймағына айналатын сыңайлы, Ботаникалық бақ та кереметтердің қатарын толықтыратын түрі бар, Астаналық парктің келешектегі келбеті мүлде бөлек…

Айта беретін едік, ғажайыптардың шеті көрінбейді. Әйтеуір, болашақтың сәулетін бедерлеген құжаттар көкейдегі сенімді ұлғайтып, Астана айшықтарына сүйсіндіре берді.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button