Мәдениет

15 жыл ішінде 25-тен аса спектакль қойыппын…

Болат ҰЗАҚОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер:

Президенттің астананың Алматыдан Ақмолаға көшетіні жайлы Жарлығы республикада үлкен серпін тудырғаны анық. Бүкіл халықтың зейіні бұған дейін елеусіз болған Ақмола қаласына ауды. Солардың қатарында өнер адамдары – біз де елеңдеп қалып едік. Сөйтіп, жаңа елордаға бет түзеген алғашқылардың бірі болып, Ақмола қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы театрының режиссері, қызметіне шақырту алдым.

1997 жылы шілде айында бұрын аяқ баспаған, мен үшін бейтаныс Ақмола қаласына келдім. Вокзалдан мені Қ. Қуанышбаев атындағы театрдың сол кездегі директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Халық әртісі Қадыр Жетпісбаев жүргізушісімен келіп, қарсы алды. Шынымды айтсам, осындай үлкен кісінің менің алдымнан шыққанына таң қалдым, әрі қуандым.
Ақмолаға Қадыр аға өзі арнайы шақыр­­ған болатын. Қапырық вагоннан шыға салысымен, Сарыарқаның самал желі бірден көңілімді сергітіп жіберді. Өйткені, менің туған жерімнің де жыл он екі ай тынбай соғып тұратын желі бар. Осы ұқсастық жаңа жерді жатсынбай, бірден бауыр басып кетуіме себепші болды. Бірақ, келген күннен бастап көпке дейін бір нәрсе жетіспейтіндей, көңілім алаңдаулы еді. Сөйтсем, маған жетіспей тұрғаны тау екен. Туған жерім – Алатаудың етегі. Әкем жылқышы болғандықтан, балалық шағымның бәрі ат үстінде, жасыл жайлауда, қарағайлы таулардың арасында өтті. Менің туған жерімде қайда қарасаң да көзіңе тау түседі.
Ақмоланың енді бір ерекшелігі – масасы. Жалпы, мен масадан қорқатын адам емеспін. Өйткені, ол өз ауылымда да бар. Бірақ, Ақмоланың масасы ерекше болып шықты. Ал, енді, жергілікті тұрғындарға келсек, қазақтарының орысшасы басым екені бірден көзге түсті. Міне, Ақмола жеріне келгендегі алғашқы әсерлерім осылай болды.
Астананың Алматыдан көшетінін барша жұрттың қуана карсы алмағаны белгілі ғой. Бұл жерде де қарапайым халық­­тың арасында күмәнмен қараған адамдар кездесіп жатты. Бірақ, болашаққа деген сенім, жақсылық пен жаңалыққа деген ұмтылыс басым болды. Театрға Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан сол жазда актерлік бөлімін бітірген бір курсты түгел алдық. Театрда жаңа қойылымды бастасақ, ал, қалада Ақмолаға мемлекеттік рәміздердің көшіп келу салтанатына дайындық қызу басталып кетті. Міне, осылай жаңа қоныстағы жұмысыма кірісіп кеттім.
Содан бері 15 жыл уақыт өтіп кетіп­ті. Былай қарағанда, аз ғана уақыт. Көз­ді ашып-жұмғандай. Ал, біршама өз­­геріс болды. Егер көзімен көрмесе, ешкім сенбес еді. Мысалы, біреу сол кездегі Ақмола 15 жылдан кейін бүгінгі күндегідей болады десе, мен де сенбес едім. Алайда, Астананың өсуі, көркеюі қиял жеткісіз жылдамдықпен дамыды. Өнер ошақтары бірінен кейін бірі ашылып жатты. Біздің театр да актерлік құрамы жағынан 4-5 есе өсті. Ұжымның шығармашылық деңгейі көтерілді. Шығармашылық жағын 90 пайыз жастар құрады. 1999 жылы Елбасының шақыруымен, театрымызға Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз келіп басшылық жасады. Ол кісінің келуімен театр тағы да жаңаша бір серпін алып, дамыған үстіне дами түсті. Ұжым ерекше шығармашылық рухта болды. Өйткені, сол кездегі Астананың даму қарқыны ешкімді де бей-жай қалдырмады. Күрделі жөндеуден өткен театрымызды Елбасымыз өзі келіп ашып берді.
Сол алғашқы жылдары театр сахнасында М.Әуезовтің «Қанды азу», «Қа­­ра­­қыпшақ Қобыланды», А.Сей­дім­­бектің «Күзеуде» және өзім жазған «Үміт» спектакльдерін қойдым. Оның үстіне, Астананың алғашқы тұсаукесерін, бір жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде өткіздік. Бұл шаралар барысында біздің театрға жеке бағдарлама «Этноауылды» өткізу тапсырылды. Халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін бейнелейтін көріністерді мыңдаған Астана тұрғындары мен шетелдік қонақтар қызыға тамашалады. Бұл бағдарлама содан кейін он жыл қатарынан біздің театрдың еншісінде болды.
Астана – менің режиссер ретінде қа­­лып­­тасып, өсуіме үлкен мүмкіндік бер­­ген қала. Балаларым да осындағы жақсы білім ошақтарынан білім алып шық­­ты. Осы өткен 15 жыл ішінде 25-тен­­ аса спектакль қойыппын. Ха­­лық­­аралық және республикалық фес­­тивальдарда жүлделі орындар ал­­дым, бас бәйгені де ұттым. Сонымен бір­­ге, елордамызда өткен ақын-жазу­­шы­­лардың, қоғам қайрат­­кер­­ле­­рі­­нің­­ шығармашылық мерейтойларын, Жаңа жыл, Наурыз мерекелерін өткіздім. Осылай Астана қаласының мәдени өмірінің өсуіне аз да болса өз үлесімді қосқанымды мақтан етемін.
2000 жылы ҚР «Құрмет» грамотасын алдым. 2001 жылы Елбасының қолынан пәтер алдым (сол пәтерде кенже қызым Асылжан дүниеге келді). 2006-2007 жылдары «Үздік режиссер» атандым. 2009 жылы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағын алдым.
Астананың бас қала ретінде дамуы мен сияқты мыңдаған адамдардың өмір жолын, қоғамдағы орнын табуға зор мүмкіндік берді.

Сол кездегі Астананың даму қар­­­­­қы­­­­­­ны ешкімді де бей-жай қал­­дыр­­ма­­ды. Күр­­делі жөндеуден өткен теат­­рымыз­­ды­ Елбасымыз өзі ке­­ліп ашып берді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button