16 мың үлескердің 15,5 мыңы пәтер алды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Астанада ведомствоаралық комиссияның шешімімен құрылысы ұзаққа созылған 150-ге жуық тұрғын үй кешені болды. Соңғы жылдары 140-тан астам тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Осылайша, 15,5 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерінің кілтін алды. Олардың арасында тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуын 15 жылдан астам күткендер де бар.
Биыл қалған үйлердің құрылысын аяқтаймыз. Бұл ретте үлескерлердің жалпы саны 431 отбасыны құрайды. Қаланы аралау барысында «Араби 2 Гранитный 2» және «Зере 2» тұрғын үй кешендерінің құрылысымен таныстым.
Мәселен, «Араби 2 Гранитный 2» тұрғын үй кешені 11 жыл бұрын проблемалы деп танылған. Мұнда пәтерінің кілтін 200-ге жуық адам күтіп жүр. Нысанды «Елорда құрылыс компаниясына» өткізу кезінде тұрғын үй кешенінің жер учаскесі де болған емес. Жер учаскесін бөлу, қажетті рәсімдерден толықтай өту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта Б блогы бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр.
«Зере 2» тұрғын үй кешенінің де жағдайы осыған ұқсас. Оның тарихы 10 жыл бұрын басталған. Үлескерлер саны – 230-дан асады. «Елорда құрылыс компаниясы» бұл үйдің де құрылысын басынан бастады. Қазір ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.
Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.