16 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды
Астанада санитарлық нормаларды сақтамаған 16 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
“Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі” атты экологиялық акция аясында Астана қаласының Полиция департаменті қоршаған ортаны абаттандыру, жалпы пайдалану орындарын ластау ережелерін бұзудың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізуде. Көше-жол желісіне, құрылыс объектілеріне зерттеу жүргізу бойынша мобильді топтар құрылды.
Акция басталғаннан бері қоқысты заңсыз шығару, жалпы пайдалану орындарының ластануы және абаттандыру қағидаларын өзге де бұзу фактілері бойынша барлығы 15 900 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына бейім орындарда рейдтер жүргізіліп, белгіленбеген орындарда қоқысты түсіру фактілері анықталды.
Рейдтер барысында жүк көлігінің 200-ден астам жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Shacman жүк көлігінің жүргізушісі Хусейн бен Талал көшесінде қоқысты рұқсатсыз түсіруге жол берді. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабында (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) көзделген әкімшілік жазалау шаралары қабылданды, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Полиция азаматтарды қоршаған ортаны ластамауға, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады. Қала аумағын абаттандыруды бұзғаны үшін қоқыс үйіндісін құру бөлігінде ескерту немесе жеке тұлғаларға – 20 АЕК-тен, кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК-тен айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген.