Тағзым

17=32+37Х НЕМЕСЕ ҮРЕЙ ФОРМУЛАСЫ

Бұл сандардан білген адамға ызғар еседі… оларды «41, 49, 40-50, 79, 86» деп жалғастыра беруге болады. Басқаны білмеймін, өз басым осы бір «бейкүнә» сандардың өзіне тітіркене қараймын. Қасақана ашаршылық та, саяси қуғын-сүргіндер де, Семей атом полигонының зардабы да, Ұлы Отан және Ауған соғыстары мен біртуар тарихшы Ермұқан Бекмаханов бастатқан қазақ зиялыларының 50-ші жылдарда тартқан тауқыметі мен 86-дағы желтоқсан «құйыны» да сол бір 17-нің қомағай «қызыл» қазанынан ақтарылғандай.

«АЗАТТЫҚТЫҢ АЗАПТЫ ЖОЛЫ»

Пролетариаттық күйрету құралына айналған Кеңестер Одағы – адамның өркениеттен адасуының сойқанды қорытындысы. Олай болса, кейбіреу әлі де «тұлыбына мөңіреп», көксеуін қоя алмай жүрген «коммунизм» кезеңі тәуелсіздік жылдарынан, тіпті оның небір тауқыметінен садаға кетсін. Путин мырза айтпақшы, оны қайта тірілтуді көксейтіндердің «басы жоқ». Сөйте тұра, Украинадағы сепаратизм… өзіміздің жекелеген облыстардағы «ағалық» астам пиғыл еріксіз алаңдатады.
Үрей синдромы… ол қатерлі сырқаттай тарам-тарам тамырлана жайылып, жүйке-жүйкені буып тастайды. Ұлттың ділі мен тінін әбден меңдеп алып, жансақтау арманға айналады. Жалпы бұл «обырдың» диагнозын математикалық формулаға сый­ғызу қиын. Үрей синдромының текқуалаушылық, яғни гендік-биологиялық, ортаға сыйымдылық, яғни, жүйкелік-психикалық зардаптарын жою алыс болашақтың сыбағасында қалып тұр. Ол, өкінішке қарай, ұзаққа созылып, жүрелете діңкелетеді және оған тек еркін адамның бостандығы мен дәйекті демократия, сондай-ақ халықаралық құқық талаптарының мүлтіксіз сақталуы жағдайында ғана шипа қонады.

Сайып келгенде, үрейдің жеке тұлғаны қуыс кеуде – міскінге айналдырар мазағы өз алдына, оның тұтас ұлттарды ұйыққа жұтар азабы ойран-асыр. Елес қуғандардың коммунизмге сеніп, құрбандықтардан қорықпай жасаған қадақтай ғана қасіретінің өзі-ақ жантүршігерлік. Қырғынға ұшыратқан қуғын-сүргін кезеңіне лағнет айтқан Зерде орталығының бірі және бірегейі – 70 жыл өткен соң, Астана қаласының іргесіндегі Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында 2007 жылы Елбасының бастамасымен ашылғаны мәлім.

Содан бері Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешеніне келушілер «көз жасының» құрғар түрі көрінбейді… Өткен жылы осындағы мөлдір шыныдан құйылған «Көз жасы» сынтасы жарқ етті. Онда Алаштың жазықсыз атылған Ұлы перзенті Мағжан Жұмабаевтың айшықталған мына өлеңі біртуар ақынның айналайын алашына жанын садаға етуге дайын сүйіспеншілігін паш етеді:

«Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!»

Осы көз жасындай мөлдір сынтастағы «АЛЖИР» тұтқыны София Солунованың туындысы ақын Мағжанның дауысына қосыла жаңғырығып, қабырғаңды қайыстырады:

«Нам не верит страна. Ни единый прохожий
Нам на встречу ответной улыбки не шлет.
Нам не верит страна! Что же делать, мой любимый!
Как же ей доказать, что мы сердцем чисты!»

«Көз жасы» стеласынан Қарағанды лагерлер басқармасына қарасты тозақ ошақтары да сұстана сес көрсететіндей: Алжир, Қарлаг, Кеңгір, Дальний, Ақтөбелік, Қамысты, Далалық, Өскемендік, Петропавлдық, Жезқазғандық, Балқаштық лагерлер. Қара раушан гүлдері көмкерген ескерткіштен жанарларынан жас сорғалаған ана бейнелері мен аш-жалаңаш жетімдер, өлімді жерді адақтаған құзғындар, сондай-ақ үмітін үзбей, сурет өнерінен жандарына алданыш тапқан «періштелердің» туындылары араша сұрайтындай.

Көз жасы көлдей аққан жылауық жылдар еді ол…

Елде бұрын-соңды болмаған үрей етек жайды. Жүрек шіркін бір шошынған соң, тулап қоймайды, мүлде үркек болып алады. Кезінде Колбиннің «қазақша үйренемін» деп мәймөңкелеген бір ауыз сөзіне иіп сала берген қазақпыз ғой. Шел басқан көзіміз мазаққа айналған тіл мен дәстүрдің мүшкіл халін көрмеді, керең құлағымыз атамекенді былғаған Атом жарылысын естуден қалды.

Ұзақ әрі ду қол шапалақтаулар жалғаса берді…

Білмейтіндер үшін мұражай кешені тек қана кезіндегі «АЛЖИР» лагерінің тарихына арналғандай көрінеді. Шындығында оның толық атауының өзі айтып тұрғандай, бұл мұражай Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандығын, яғни, алты алаштың соңғы ханы Кенесары заманының запыранынан бастап, 1986 жылғы намыс найзағайы – Желтоқсан көтерілісіне дейінгі қызыл империяның жасаған жантүршігерлік қылмыстарын әшкерелеуге арналған. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Азаттықтың азапты жолы» атты шағын залды арнайы жоспарлап, ғалымдар мен БАҚ өкілдерін шақыра отырып ашқандағы мақсатымыз да осы ақиқатты жариялау еді және ол ойымыз орындалғандай. Азапты жолдың «Ашаршылық азасы», «Атом тозағы», «Тіл мен дәстүр мазағы» және «Қуғын-сүргін қасіреті», «Ауған қайғысы», «Арал апаты» бөлімдері құнды дерек көздері арқылы қазақтың тәуелсіздікке дейінгі соры мол жолын жан-дүниеңді шымырлата отырып, нақты дәлелдермен жайып салады.

Тәуелсіздік алған соң ғана халық тағдырын тұмшалаған қасірет құпиясының пердесі бірте-бірте ашылуда. Конус нысанында салынған ғимаратқа тек қана шаңырағынан құйылған жарықтың мұражайдың бүккен сырын ақырын ашуында да осындай мән бар. «Ұлы Абайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары мен туыстары» экспозициясының ақынның балалары мен інілерін былай қойғанда немерелерінің, тіпті, шөберелерінің де тартқан азабы Кеңестер жасаған қылмыстың бір ғана айғағы.

Қазір мұнда осы жерде болған арнаулы лагердің жабылғанынан бері де алпыс жылдан астам уақыт өтсе де алыс-жақыннан келушілердің бойын үрей мен аяушылық сезімі қатар толқытады. Қазақстандықтар түгілі сонау Еуропа мен Америкадан немесе іргедегі Ресей мен Қытайдан арнайы ат ізін салатын қонақтар да мұражай аумағына қадам басқан сәттен бас­тап жандарын шүберекке түйіп, жүректері қан жылағандай хәлде болатынын көзіміз көріп жүр.

«ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛДЕР»

Қара күш пен ақылға арқа сүйеген қоғамда адам бақыты әдірем қалады екен. Ұлы Абай айтқандай (17-ші сөзі) адам баласын біріктіретін қуат та, ақыл да емес, жүрек екен. «…билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, Жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді: Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгілі қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сені де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет».
Жүрекке жүгінбеген жерде ақыл өз ойлағанына жету үшін әкімшіл жүйе құрып, зорлыққа иек артады. Бұдан соң, «бесжылдықтар» балғасының табанына түсіп, орағынан құрақша жапырылдық. Иә, пролетариат көсемдері Владимир Ульяновтың да, оның ізашары, ұлы ойшыл Карл Маркстің де бойларын буған күш-жігер мен ақыл-айла ағыл-тегіл еді. Екеуін де жүрексіз, немесе мейірімсіз деп айта алмайсыз. Бар өкініштісі, олардың ойларына алып, өздеріне аса әділетті көрінген идеясының ұшқыны қоғамдық дамудың қарама-қайшылықтары әбден шиеленісіп, буыны босаған жері – Ресейді өртке орады. Оның жалмауыз жалынын азамат соғысы лапылдата түсті. Жан бере алмай аласұрған аю айналасындағы тірлік атаулыға айбат шегіп, қатер төндірді.

Басталды…

Бар пәленің басы 17- нің қазанында қайнап, буырқана ақтарылған болатын. Тірліктің тамыр соғысы бұзылып, тынысы деміккеніне де қарамастан қызыл диктатура алпауыттар жайлаған капитал әлемінен асып түспек болып жанталасты. Құдайды да, патшаны да елемей, «екі құлағы тік шыққан» неме көксеген мақсатына жету жолында ешкімге де, ештеңеге де қарайламақ емес-ті. Жалаң ақыл мен қара күш төске өрлеп, басқа шапты. Күштеп тәркілеу мен ұжымдастыру секілді сорақы науқандар елді сорлатты.

Голощекиннің «Кіші октябрі» алқымнан алды. Пікірі басқалар атылды, асылды, айдауға жіберілді. Бұл кесапат «халық жауларының» отбасы мүшелерін де жаппай қан қақсатты. Сол тұста, 1937 жылғы 15 тамыздағы НКВД-ның N00486-шы бұйрығы Компартияның Орталық Комитеті Саяси Бюросының «отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне қарсы арнайы шешімін жүзеге асырудың нақты тегершігін айқындап берген еді. Мәселен, бір ғана Мәскеуден сол жылғы жаздың үш айында, балаларды қоспағанда, 2,5 мың адам қуылды. Кезек енді «халық жауларының» әйелдеріне де келіп жетіп, олар да ерлерімен қатар қамауға алынып, кемінде 5-8 жыл темір торға тоғытылды.

Мұражайда жақында ашылған «Біз куәлік етеміз» кіші залының жәдігерлері қоғам қайраткерлерінің жарларының басына түскен қайғыдан хабардар етеді. Мұнда қазақ әдебиеті классигінің отбасылық серігі – Гүлжамал Майлина, халық комиссарларының, Қазақ өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысының, тұңғыш қазақ прокуроры мен банкирінің аяулылары: Әзиза Рысқұлова, Әйіш Құлымбетова, Гүләндам Қожанова, Зұфнұн Нұрмақова, Дәмеш Жүргенова, Фатима Дивеева, Елизавета Сәдуақасова, Рабиға Асфендиярова, Шәкітай Тәтімова, Рәзия Меңдешева, Бибіжамал Сырғабекова, Сағадат Таштитова мен Мариям Есқараева, Фатима Османова – барлығы 87 қазақ әйелі қанқасаптың ащы дәмін татты.

Халық трагедиясына көзімізді ашатын мұражай үш қабатты ғимаратта орналасып, 7 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Оның негізгі және ғылыми-көпшілік қорларында 12 мыңнан астам мұражайлық маңызы бар материалдар жинақталған. Олар іссапарлар және жұртшылық өкілдерімен кездесулер барысында жылма-жыл бір мың данаға байи түседі. Жәдігерлердің дені кезіндегі «Отанын сатқандардың» әйелдерінің, Ақмола лагерінде отырған тұтқын әйелдерінің жеке заттары, қолдарымен жасаған дүниелері, сағыныш сарғайтқан хаттар, олардың өздері мен ұрпақтарының еңіреген естеліктері, ғалымдар, зерттеушілер мен журналистердің тебіреністі мақалалары, БАҚ-тың «бұлқан-талқан» материалдары, сондай-ақ зұлмат жылдар туралы сай-сүйегіңді сырқыратар фильмдер мен теледидар хабарлары.

Соның бірі – «Бес стақан темекі» деп аталады… Ұлы Отан соғысы басталардан бір күн бұрын, 21 маусымда Б.Приклон деревнясының тұрғындары Николай мен Анастасия Леонтьевтер базардан бес стақан темекі сатып алады. Ертеңіне отағасы майданға аттанады да, темекі асығыста ұмыт қалады. Арада біраз уақыт өткен соң, Анастасия жаңағы темекіні сатуға мәжбүр болады. Одан арғысы қорқынышты түстей. Жеті баланың анасы, майдангердің жары заңның «алыпсатарлық» бабы бойынша бес жылға сотталып кете барады. Оның кенжесін емізетіні, тіпті аяғының ауыр екені де еске алынбайды. А.Леонтьева Карағанды лагерінде 43-ші жылы қайтыс болады, ері де тап сол жылы майданда қаза табады. Жаңа туған сәби – Сергей балалар үйінде тәрбиеленіп, жеті бауырымен арада 60 жыл өткенде Ресейдің ОРТ теледидарының «Жди меня» бағдарламасының арқасында қауышады.

«АЛЖИР» лагерінің тозағында 18 мыңнан астам әйел азап шексе, оның 8 мыңнан астамы темір торда бір мезгілде торықты. Олардың жандарына сыз төсеніп, ашқұрсақ жүргендері емес, әділетсіз жаза тартқандары батты. Сонда да ертеңгі күннен күдерлерін үзбеді. Мұражай аумағындағы «Күрес пен үміт» және «Түңілу мен әлсіздік» мүсіндік композициясындағы көзінің оты сөнбеген әйел бейнесі соның айғағындай. Бұл бейбақтар не көрмеді дейсіз: мұражай экспозициясының «тергеуші кабинетіндегі» арқасыз биік орындықтағы әйелдің бейкүнә әрі қорғансыз хәлі біраз жайды ұқтырады. Тергеуші ұрып-соқпай-ақ тұтқынның діңкесі құрып, басы айналып, құлаудың сәл-ақ алдында. Аяғын жерге тигізбей биік орындыққа отырғызып қойса, 5-6 сағат өткеннен кейін кез-келген адамның қан айналысы бұзылып, миы зеңгиді. Осындай азаптың зардабын мемлекет басшыларының «АЛЖИР-де» отырған жарлары мен аналары, тіпті кәмелетке толмаған қыздары аямай тартты. Солардың қатарында Бүкілодақтық старостаның әйелі Екатерина Калинина, Ресейдің танымал әншісі Лидия Русланова, атақты балет бишісінің анасы Рахиль Плисецкая, көрнекті театр қайраткері Наталья Сац, белгілі жазушы әрі аудармашы Галина Серебрякова және басқалары болған.

Міне, мынау – тұтқын әйелдер лаждаған барак. Ол сабан аралас балшықтан соғылады екен. Төбесі шыммен жабылып, қабырғасының жоғарғы жағынан жарық түсетіндей етіп қана кішкентай терезелер қалдырылған. Темір тордың ар жағынан үңірейген қараңғылыққа қарауға жүрек дауаламайтындай. Ал, оның есігін ашқанда НКВД жаналғыштары аналардан балаларын күштеп тартып алып жатқан қорқынышты оқиғаның үстінен түскендей боласыз. Қарағанды лагерлерінде аналарымен бірге қасірет шегіп, үш жасқа толысымен балалар үйлеріне жіберілетін 1507 өреннің көрген қияметін еш ұрпақтың басына бермесін деп тілеңіз.

… Міне, мұражайға жаңа қонақтар қадам басты. Оларды зарлы қобыз үні қарсы алып, бірінші қабаттағы «Алаш» залын аралата жоғарғы қабаттағы «АЛЖИР» залына қарай ұзатып салады. Келушілерді «Азаттықтың азапты жолы» арқылы алып өтіп, ата-баба арманы – тәуелсіздіктің қадірін тағы бір зерделетеді. Танымал әнші Азамат Жылтыркөзовтың қатысуымен көрерменге жол тартқан «37-ші жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны өткенді ұмытпауға шақырып, егемендіктің елдік мұратын асқақтата түседі.

Біздің бұл айтқандарымыз өзіміз түйген: 17 = 32 + 37Х – Үрей формуласының бір парасы ғана. Ал, тереңірек үңіліп, ойласатын жайттар қаншама?!

Болат Жүнісбеков,
Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің директоры, жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button