Басты ақпарат

ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН «ДҮНИЕ-ДУМАН»

Қазақстан халқының бірлігі күні елордада сән-салтанатымен аталып өтті. Қала әкімдігінің алдындағы орталық алаңға жиналған дүйім жұрт кең-байтақ отанымызды мекендеген жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлі достығын дәріптеген концертті тамашалады. Елордалықтармен бірге татулық тойын тамашалауға ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов келді.

Астана түркі дүниесінің мәдени астанасы деп жарияланғаны белгілі. Бірлік мерекесінің биылғы ерекшелігі де сол, Наурыз мейрамынан кейінгі елдегі күллі ұлттармен бірлесіп той¬лайтын атаулы күн осы – 1 мамыр мерекесі. Сондықтан, ұлтаралық татулықты ту еткен Қазақстан үшін бұл мейрамның маңызы зор.
Алаңдағы концерт «Дүние-думан» деген атаумен өтті. Ә дегеннен мың бұралған бишілер шығып, қазақтың биімен концертті бастап берді. Одан соң жиналған жұрт немістердің «Видергебурт», дұңғандардың «Ху¬эйцзу», қырғыздардың «Қырғызстан- Астана», украиндердің «Оберег», поляктардың «Поляки», беларустардың «Злата», грузиндердің «Колхети», армяндардың «Ван», әзербайжандардың «Хазар», түріктердің «Ахыска», татарлар мен башқұрттардың «Тан», сондай-ақ ұйғыр, түркімен, тәжік, корей өкілдерінің өнерлерін тамашалады.
Бұған қоса, осы этно-мәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен орталық алаңда көрме өтті. Қаз- қатар тігілген 16 шатырға бас сұққан қонақтар әр ұлттың тарихы мен тұрмысымен танысып, өнерін тама¬шалап, дастарханынан дәм татты.
Сондай-ақ алаңда балаларға арналған ойын қалашықтары мен спорт алаңқайлары жұмыс істеп тұрды. Сауда-саттық ұйымдастырылды. Мұндай бұқаралық мерекелеу Қаржы министрлігінің қарсы бетіндегі алаңда, М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайының алдында және елорда саябағында да өтті.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button