Таным

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ ОҒЫ

123

«Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» Кеңестер одағының барша халықтарындай Жеңіс күнін жақындатқан қазақстандықтар да осы ұранмен күн кешті. Соғыс өртінде қалған жерлерден көшіріліп келген 220 ірі кәсіпорын осы халықтың жанкешті еңбегінің арқасында қысқа мерзімдерде іске қосылды. Қазақстанда 460 зауыт пен фабрика, кен орындары тек майдан үшін жұмыс істепті. Неміс фашистеріне қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақ жерiнде жасалды…

окҚанды қырғын өрті тұтанған кезеңнен жетпістен астам жыл өткенде сол соғыста атылмай қалған соңғы оқты өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық. Фашизмге деген өшпенділіктен жасалып, құрыштан құйылған, әкелері мен ағаларын, туыс-бауырларын майданға аттандырған жас өркеннің алақанының табы қалған – соғыстың соңғы оғы. Бұл оқ -Ақмолада 1941-1946 жылдары №317 қару-жарақ зауыдында жасалған екен. Даңқты жылдардың шежіресін сақтаған қазіргі «Целингидромаш» насос (сүзгі) зауытында болып, кешегі тарихы мен бүгінгі тірлігінің баянын біліп қайттық.

Соғыс алдында №317 ОГПУ атындағы Мелитополь станок зауыты дербес энергетикалық базасы бар, оншақты ірі цехтардан тұратын іргелі кәсіпорын болатын. Кең алқапты алып жатқан цехтардың арасына зауытішілік рельстер орнатылып, бір-бірін темір жолымен байланыстырып тұратын.

Екінші дүние жүзілік соғыстың  қаупі бейбіт кәсіпорынның қалыпты тірлігіне өзгеріс енгізіп, станоктармен қатар  қару-жарақ шығаруға бейімделе бастайды.

Ал, 1941 жылы тамыздың ортасына қарай майдан шебі еліміздің шекарасынан өтіп, ішкерілей енгенде, зауыт өндірісін жинақтап, қажетті құрал-жабдықтарын сайлап, эвакуацияға дайындалады. Ал, құю және темір балқыту цехтары ең соңынан көшіріліп, жұмысын бір сәтке де тоқтатпайды. Жау ұшақтары жаудырған бомбаның астымен жүріп, айнала от жалынға оранып жатқанда бүкіл зауыттың басты мамандары мен шебер ұсталары эшелонмен Қазақстанға бет алады. Алғашқысына адамдар мен құрал-саймандар тиелсе, екінші эшелон ауыр станоктар мен дизельдермен толтырылды. Ақырғы эшелон 41-ші жылдың қыркүйегінде дайын болады. Ақмолаға барлығы 69 вагон жеткізіледі.

Араға ай салып қазақ жеріне жеткен алғашқы эшелондарға тиелген құрал-жабдықтар бұрынғы педагогикалық училищенің аумағына орнатылды. 170-ке тарта негізгі мамандар да бел шешпестен зауытты қайта жасақтауға кірісіп кетеді. Кәсіпорын басшылығы алдында өте қысқа мерзімде зауытты қайтадан қалпына келтіру міндеті тұрды. Наркоматтың бұйрығына сай снарядтың алғашқы легін жөнелту 41-ші жылдың 10 желтоқсанына белгіленген еді. Облыстық партия комитеті цехтарды іске қосу, монтаждау мерзімін одан да қысқартады. Сонымен 1 желтоқсанда алғашқы қару-жарақ құйылып, майданға жеткізілуі тиіс. Уақыт тығыз, сөз қысқа. Әрбір жұмысшы өз станогын орнататын жерді қазып, оны  ұнтақталған кірпішпен толтырып, цементпен  бекітті. Бұл маңызды жұмыспен бірге қалалық электр стансасын құру ісі қоса жүрді. Жергілікті халық ауыз суды өгізге артқан бөшкемен тасыды. Зауытты қайта жасақтауға барлық күш жұмылдырылды. Сонымен, 15 қарашада соғыс қажеттілігін өтейтін ірі өнеркәсіп толық іске қосылады. Обком айтқан күннен жарты ай бұрын, Нарком бекіткен мерзімнен 25 күн бұрын…

Үлкен кәсіпорында техникалық мамандардан кемдік болмаса да, токарлар мен дәнекерлеушілердің тапшылығы сезілді.

Жұмысшылардың қатарын жеткіншектер толықтырды. Келген бетте, 200 жасты қабылдап, әрқайсысын мамандарға бекітіп береді. Оның жартысы буыны бекімеген, өрімдей қыздар екен.

Осындай қиыншылықтарға қарамастан, зауыт тоқтамастан жұмыс істей бастады. Снарядттардан артылған құрыш қиындыларын да кәдеге жаратты. Оны трактор бригадалары мен МТС-тың дәнекерлеуші құралдарына айналдырды. Одан бөлек, ыдыстар, құрал саймандар, тағы басқа  қосалқы бөлшектерді жасап жатты.

1941 жылдың өзінде-ақ, жұмысшыларды Қызыл армия қатарына шақырта бастайды. 1942 жылы 212 жұмысшы майданға аттанады. Олардың арасында енді ғана кәсіби машықталып зауыттың жұмысын атқарып жүрген жас жігіттер бар еді.

Сол жылдардың шежіресі жазылған түрлі бұйрықтар, мақтау қағаздары мен Сталиннің өзі қолын қойған Алғыс хаттары мұражайда сақтаулы тұр.

… «Жұмысқа 15 минут кешіккенге сөгіс берілсін, 15 минуттан артық кешіккен адам сотқа тартылсын.  (№317 бұйрық. 18.10.41 жыл».

Күнделікті жоспарын асыра орындамағандарға да қатал жаза бұйырды. Яғни  тәулігіне берілетін 800 гр нанды 500 граммға дейін қысқартты.

… «1-цех токарының шәкірті Б.Жұманов жоспарын  7 сағат ішінде  245 пайызға асыра орындағаны үшін, 800 гр нан берілсін».

Ерен еңбегімен көзге түскендерге «стахановшылар талоны» бекітілген. Бұл қосымша азық-түлікке  берілетін талон.

… «Ауысымдық жоспарын 417,9 пайызға орындаған цех фрезоровшы жолдас Костинге алғыс жариялап, зауыт есебінен халат берілсін».

Осы жолдарды оқып отырып, ашқұрсақ жүрген адамның жанкештілігіне таң қаласың.

Сол жылдары 11, ал 1942 жылдан бастап 16 сағаттық жұмыс күні белгіленген. Арасында екі сағаттық үзіліс бар.Жұмысшыларды екі рет тамақтандырған, ал жатақханадағылар үшін үш мезгіл тамақ берілген. Тіпті, «Жолбарыс» деп аталатын күзетші итті де тамақсыз қалдырмапты. Асхана меңгерушісіне ол туралы арнайы тапсырма беріпті. Міне, үлкен-кіші демей, тіпті зауыт игілігін күзеткен «Жолбарысқа» дейін жеңіс үшін жұмыс істеп, құрыш құйып, болат балқытыпты.

Қазіргі күнде бұрынғы алып кешенді кәсіпорынның көлемі біршама  тарылған. Алайда табанына темір төселген алып цехтардың  ауыр станоктары сол күйінде жұмыс істеп тұр.

– 1946 жылдан 1990 жылдарға дейін зауыт химиялық өнеркәсіпке арналған өнімдерді, атап айтқанда насос шығарумен айналысты. 1960 жылы Ақмола насос зауыты, ал 1965 жылы Целиноград атауымен аталды. Осы жылдары үш мәрте Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атанып, дипломдарымен марапатталды, 1973 жылдан бастап өнімдеріміз «Сапа белгісін» иемденді. Біздің мекеме алғашқылардың бірі болып, 1991 жылы мемлекеттік меншіктен жеке иелікке өтті. 2001 жылы өнім 2000 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Жалақы көлемі 1,7 есе өсті. 1 млн астам АҚШ долларына дайын өнімізді экспортқа шығардық.

Зауыттың іргесін қалаған ардагерлеріміз игіліктен шеттеп қалған емес. Біз өткен тарихымызды құрметтеп, еліміздің машина жасау ісіне белсене араласып жүрегімізді әрдайым мақтан тұтамыз,-деді «Целингидромаш» сүзгі зауытының директоры Андрей Лавриков.

Біз зауыд аймағын еркін араладық. Кіре берістегі темір қалқаннан бастап, еңсесі биік ғимараттар мен атшаптырым цехтарындағы құрал-жабдықтардың жұмысымен танысып, еңбек етіп жатқан адамдармен сөйлестік.

Бұл, қаланың қақ ортасында өткен ғасырдың ең ауыр деген бес жылында адам мүмкіндіктерінің шегін көрсеткен ерекше жер. Мұнда жанқияр еңбектің күшін сезіндік. Жетпістен астам жыл өтсе де, күні кеше ғана станоктан шыққандай, әлі тот баспаған оқ – енді қайтіп адамзаттың қажетіне жарамаса екен деп тіледік.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button