Басты ақпарат

2019: Елорданың абыройы асқақтаған жыл

Доңыз жылы несімен есте қалды? 2019 жылдың ең айтулы оқиғасы – ел астанасы атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елордамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге ұсыныс жасады. Сол күні Парламент бас қаланың атауын өзгерту туралы заңды екі оқылымда мақұлдады. Бұған дейін 6-шақырылымдағы Астана қалалық мәслихатының депутаттары 46-кезектен тыс құрылтай өткізіп, ұсынысты бірауыздан мақұлдады. 23 наурызда Президенттің «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан деп қайта атау» туралы Жарлығы шықты. Бұл – тарихта қалатын күн.Нұр-Сұлтан – әлем назарында

16-17 мамыр күндері елордада «Ынталандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономикалар» деген тақырыппен өткен XII Астана экономикалық форумында әлемдік экономика мен саясаттың, заманауи инновациялар мен инвестициялардың ең түйткілді мәселелері талқыланды. Бұл басқосуға әлемдегі 74 мемлекеттен 5,5 мыңға жуық делегат қатысты. 30 елдің журналистері форумнан ақпарат таратты. Екі күнде ұзын-ырғасы 50-ден аса сессия мен іс-шара өтті. Бұл – Астана экономикалық форумының тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
29 мамырда Тәуелсіздік сара­йында Еуразиялық экономикалық одақтың жоғары органы – Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің мәжілісі өтіп, 5 мемлекет басшыларының ұйғарымымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа
ЕЭО-ны құруға қосқан тарихи үлесі үшін ЖЕЭК-тің құрметті төрағасы атағы берілді. 4 шілдеде Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО – AIFC) биыл екінші рет өткізілген Astana Finance Days қаржылық конференциясында өңірлік және жаһандық қаржы нарықтарындағы ең өзекті мәселелер ашық талқыланды. Astana Finance Days әлемдік деңгейдегі саясаткерлерге, қаржы сарапшыларына, бизнестің, мемлекеттік құрылымдардың және
ғылыми қауымдастықтың өкілдеріне есігін айқара ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейтін АХҚО-ның соты мен Халықаралық арбитраждық орталықты ресми түрде ашты. Президент ғимараттардың ашылуы еліміздегі экономикалық және қаржылық реформалардың бір бөлігі болып табылатынын атап өтті.
14 шілдеде бас қалада триатлоннан IRONMAN 70.3 ASTANA халық­аралық турнирі жалауын желбіретті. Әлемдегі 50 елден 1400-ден аса адам қатысқан шараны Үкімет басшысы Асқар Мамин мен елорда әкімі Алтай Көлгінов ашты. Қала басшысының өзі 21 шақырым қашықтыққа жүгіріп, нұрсұлтандықтарға бұқаралық спортты насихаттауға керемет үлгі болды. Сондай-ақ биыл бас қалада хоккейден, грэпплингтен, киокушинкай каратэден, пара пауэрлифтинг, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаттары өтті. Еуропа лигасының топтық кезеңі шеңберінде «Астана» – «Манчестер Юнайтед» командалары арасындағы ойынға 2 мыңнан аса шетелдік жанкүйер жиналды. Бұқаралық-спорттық шараларға 15 мың шетел турисі тартылып, қала бюджетіне 1,9 млрд теңге тікелей табыс түсіпті.
9-12 қазанда елордада Бүкіл­әлемдік туризм ұйымының (UNWTO) қала туризмі жөніндегі VIII жаһандық саммиті өтті. Осы жиында қала әкімі Алтай Көлгінов сөз сөйлеп, шетелдік меймандарға туризмді дамытудың үш бағыты, «ақылды» қала жобасы туралы әңгімеледі. Нұр-Сұлтан әкімдігі мен БҰҰ-ның UNWTO туристік ұйымы ұйымдастырған жаһандық деңгейдегі форумға 80 мемлекеттен 1600 делегат келді. Саммит аясында елордаға ат басын бұрған Анкара, Исламабад, Таллин, Ұлан-Батыр, Ташкент, Самарқанд, Қазанның мэрлерімен екіжақты ынтымақтас­тық жөніндегі маңызды келісімдер жасалды.Жаңа әкімге жаңа міндеттер жүктелді

13 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысына қатысып, депутаттарға Нұр-Сұлтанның жаңа әкімі Алтай Көлгіновтің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдады. Президент шаһар активімен кездесуде бұрынғы әкім Бақыт Сұлтановтың атқарған жұмысына жоғары баға беріп, жаңа әкімнің алдында маңызды міндеттер қойды. «Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Ол – ұйымдас­тырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман. Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл табысты еңбек етіп, жергілікті халықтың алдында зор беделге ие болды. Оның білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадым» деді Мемлекет басшысы.
8 қазанда Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөнінде жиын өткізді. Басқосуда елордамыз­дың соңғы жылдардағы жетістіктерімен қатар, қала тіршілігіне қатысты қордаланып қалған, шұғыл шешуді қажет ететін өзекті, өткір мәселелер ортаға салынды. Алтай Көлгінов Президентке төр қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, стратегиялық жоспары, тұрғындарды мазалайтын негізгі түйткілді мәселелер жөнінде баяндады. Президент қала басшысына көптеген мәселелерді шешу үшін нақты тапсырмалар берді.

Халық сөзіне құлақ асатын мемлекет

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасына орай қала басшылығы бірнеше өміршең жобаны жүзеге асырды. Мәселен, биыл екі аудан «Ашық әкімдік» қағидатын енгізді, төрт ауданда «Ашық есік күндерін» өткізді. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасады. Тұңғыш рет жер комиссия­сы, үлестік құрылыс бойынша ведомствоаралық комиссия, бизнес-жобаларға грант беру жөніндегі комиссия және т. б. отырыстары онлайн-тәртіппен өткізіліп, әлеуметтік желілерден тікелей көрсетілді. Сарыарқа ауданында «Ашық бюджет» қанатқақты жобасы іске қосылып, оған 100 млн теңге бөлінді. Тұрғындар өз жобаларын ұсынып, жүзеге асыру жолдарын да өздері таңдады. Бұдан бөлек, «I-Qala», «IKomek» орталықтары, «Астана – адалдық алаңы» және қалалық акселератор жобалары да билік пен бұқараның арасын жақындата түсті. Қалалық акселераторға 38 белсенді тұрғын, 20 компания мен ұйым қатысты. Олар ПИК, санитарлық тазалау және қоғамдық көлік мәселелерін талқылап қана қоймай, кейбір мәселелерді толықтай шешу жолдарын тапты.
Биылғы жылдың тағы бір жағымды оқиғасы – «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ашылуы. Бұл орталықта қазір 12 мемлекеттік орган 70-тен аса қызмет түрлерін халыққа ұсынады. 14,5 мың сұрақ бойынша 7 мың адам орталыққа арызданып, соның ішінде 11,4 мыңына құзырлы мекемелер кеңес берген. Ал 3 мыңнан аса адамның мәселесі сол жерде шешілген. Айтарлығы, Алтай Сейдірұлы 4 айда 600-ге жуық адамды қабылдады.Өзекті мәселелер шешімін тапты

Жыл бойы тұрғындардың көптеген түйткілді мәселелері шешілді. Әкімдіктің бастамасымен «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіліп, Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың әртүрлі бағыттарға (жер учаскесін сатып алу, үйлерді бұзу, жаңа нысан салу, алдын ала қаржы бөлу
т. б.) жұмсалуы «сақалды» құрылыстардың тамырына «қан жүгіртуге» жол ашты. Сөйтіп үлестік құрылыстағы салынып бітпеген үйлердің саны 52-ден 42-ге азайды. 2,5 мың үлескер зарығып күткен баспанасына қол жеткізді. Жыл басынан бері сәтті жүзеге асырылған «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 235 отбасы (1303 адам), «Еңбек» бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысына 104 отбасы (364 адам) көшірілді.
Тұңғыш Президент күніне орай үлкен айналма автокөлік жолын толықтыратын тас жол учаскесінің 34 шақырымы іске қосылды. Жолдың бұл бөлігі тәулігіне 15 мыңнан аса (соның 20 па­йызы – ауыр жүк тиелген автокөліктер) автокөлікті өткізуге мүмкіндік береді.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button