Әлеумет

2019 ЖЫЛЫ МЕГАПОЛИСКЕ АЙНАЛАМЫЗ

Ел астанасын Арқа төсіне ауыстырғалы 18 жыл өтіпті. Шаһарда сол кез­дері 275 мыңдай ғана халық тұрған. Бара-бара барлық мүмкіндіктердің көзін мұнда көшірген соң, жұртшылық та тізгінді тұп-тура осы өңірге қарай бұра бастады. Бүгінде елордалықтардың саны 900 мыңға жуықтады.

ERA_5885

Көш басында Алматы ауданы
2016 жылдың 1 мамырын­дағы жағдай бойынша Астанада 880191 адам тұ­рады. Оның 48 пайыз­дан астамы, яғни, 424380-і ерлер болса, қалған 455811-і – әйелдер. Тұрғындар саны жағынан Алматы ауданы көш бас­тауда. Қазіргі таңда бұл ауданның халқы – 382387 адам. Со­ның ішінде 183252 ер мен 199135 нәзік жанды бар. Одан кейінгі орын Са­ры­арқа ауданына тиесілі. Мұнда 357314 кісі, дәлірек айт­сақ, 172789 ер мен 184525 әйел тіркелген. Ал Есіл ауда­нын­дағы көрсеткіш 140490-ды құрайды. Соның 68339-ы – ерлер, 72151-і – әйелдер.
Қаладағы бұқара қатары күн сайын артуда. Бұл сөзімізге статистикалық деректер дәлел. Мәселен, алысқа бармай-ақ, осы жылдың басындағы ахуал­ды қарайық. Қаңтар айын­да Астана халқы 872619 адам болған. Демек, 4 айдың ішінде 7572 адамға көбейіппіз. Нақтыласақ, Сарыарқа ауданына 3612 адам, Есіл ауданына 2679 адам, Алматы ауданына 1281 адам қосылған.
Осы қарқын қайта үдемесе, еш кемімейтін тәрізді. Өйт­кені, бас шаһарға қоныс аударушы азаматтар да, елордада өмірге келіп жатқан сәбилер де көп. Астана қаласы Статис­тика департаменті Әлеуметтік және демографиялық статис­тика басқармасының бас маманы Бауыржан Исмай­лов­тың мәлімдеуінше, қалып­тасқан жайтты есепке ала оты­рып, 2019 жылы астана­лық­­тардың саны 1 миллионға жетеді деген болжам жа­сал­ған. Бұл дегеніңіз – 2 жарым жылдан кейін мегаполиске айналамыз деген сөз.

Іңгәлаған ұлдар көп
Бәрінен бұрын елордада іңгәлаған сәбилердің саны жыл сайын артып бара жатқандығы қуантады. Биылғы жылдың қаңтар мен сәуір айла­рында 8954 кіш­кентай аста­налық дүние есігін ашыпты. Бір қы­зығы, олардың көбісі – ат ұстарлар. Атап айтсақ, 4578-і – ұл, 4376-сы – қыз бала. Халық саны жағынан Алматы ауданының көш басында екенін ескерсек, дәл осы ауданда сәбилердің көп­­­теп тууы заңды. Жыл ба­сы­­нан бері мұнда 5167 нә­ресте, оның ішінде, 2653 ұл мен 2514 қыз өмірге келген. Сарыарқа ауданында 2803 бөбек (1438 ұл, 1365 қыз), Есіл ауданында 984 бөбек (487 ұл, 497 қыз) туған.
Өлім көрсеткіші тым жоғары емес. Биыл Астанада 1270 кісі қайтыс болған. Оның 699-ы – ерлер, 571-і – әйелдер. Ау­дандарға шаққанда үлкен үлес – Алматыда. Мұнда 607 кісі (332 ер, 275 әйел), Сарыарқа ауданында 574 кісі (313 ер, 261 әйел), Есіл ауданында 89 кісі (54 ер, 35 әйел) дүниеден озыпты.
Жоғарыдағы қос статис­тиканы салыстыру арқылы ха­лықтың табиғи өсімі шы­ғады. Биылғы жылдың басынан бергі табиғи өсім қала бойынша 7684 адамға тең. Оның ішінде жартысынан астамы, яғни, 3789-ы – ерлер, 3805-і – әйелдер. Алматы ау­данындағы табиғи өсім көр­сеткіші – 4560 адам (2321 ер, 2239 әйел), Сарыарқа ауданында – 2229 адам (1125 ер, 1104 әйел), Есіл ауданында – 895 адам (433 ер, 462 әйел).

Төрт айда 3098 неке
Жаз басталысымен той мау­сымы да ашылатыны белгілі. Аппақ отауларын Астанада құруға асығатын жастар да жағымды статистикалар санын көбейтетіні сөзсіз. Мысалы, осы жылдың қаңтар мен сәуір айларында 3098 қыз-жігіт некеге тұрыпты. Оның 1448-і Алматы ауданында, 1129-ы Сарыарқа ауданында, 521-і Есіл ауданында тір­келген. Өкінішке қарай, ажырасатындар қатары да саябырсымай тұр. Соңғы 4 айдың көлемінде 1120 шаңырақ бұзылған. Соның ішінде Алматы ауданында 564, Сарыарқа ауданында 416, Есіл ауданында 140 ажырасу фактісі тіркелген.
Көші-қон мәселесіне келгенде, қаңтар-сәуір айларында Астана қаласына 11750 адам қоныс аударғанын байқаймыз. Оның ішінде Алматы ауданына 4123 адам, Сарыарқа ауданына 4567 адам, Есіл ауданына 3060 адам көшіп келген. Қоныс аударушылардың 98 пайыздан астамы, яғни, 11605-і – республикамыздың аумақтарынан, ал қалған 145-і – басқа мемлекеттерден. Әйт­кенмен, елордадан өзге өңір­лерге көшіп жатқандар да же­терлік. Биылғы 4 айда 11862 кісінің 11589-ы Қазақстанның басқа қалаларына, 273-і шет елге қоныс аударған.

P.S. Күн өткен сайын құлашы кеңейіп, өркен жайып бара жатқан бас қаламызды жалпақ жұртшылық асқақ армандарымен, биік мақсаттарымен байланыстырады. Өйткені, мұнда еліміздің ең маңызды мекемелері, үздік жоғары оқу орындары, озық мектептері қоныс тепкен. Шаһар көшелері де көркейіп, көз тартар сұлу кейіпке еніп келеді. Шетелдіктердің есінде Астана сөзі Қазақстан және Бәйтерек деген ұғымдармен бірге сақталған. Соның өзі елорданың ел символына айналған бейнесін айғақтаса керек. Бұйырса, 2019 жылы қала халқының саны 1 миллионнан асады деп болжануда. Әрі қарай, Мәскеу, Лондон, Вашингтон секілді ірі мегаполистер деңгейімен қатарласу да қиын емес. Лайым сол күнге жеткізсін!


Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button