МерейТәуелсіздік күні

2020

Бұл жылдың басты оқиғалары Әбу ­Насыр әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдықтары болды. Бұл қатарда Қазақ хандығының 555 жылдығын, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын, Қазақстан Конституциясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдықтарын да атап өтуге болады. Жылдың айшықты оқиғаларын төмендегі топтамада жинақтадық.

[smartslider3 slider=655]

 

Мерейлі күндер  көп болды

Тарих пен тұлға тұрғысынан маңызды мерейтойлар дәл осы жылға дөп келді. Атап айтқанда, Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750, ұлы Абайдың – 175, Қазақ хандығының – 555, Ұлы Жеңістің – 75, Қазақстан Конституция­сы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығы осы жылдың еншісіне жазылды. Бұл мерейтойлардың барлығын лайықты атап өтуге әлемді жайлап, көктемде елімізге жеткен қауіпті індет кесірін тигізді. Elorda Aqparat ЖШС-ке қарасты, қазақ және орыс тілдерінде шығатын бас қаланың бас басылымдары – «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің шыға бастағанына қазан айында 30 жыл толды.

[smartslider3 slider=656]

Қазақ Автономиялы Республикасына – бір ғасыр

24 тамыз күні қазақ жерінің шекаралық аумағы бекітілгеніне, қазан айында Қазақ автономиялы республикасының жарияланғанына 100 жыл толды. Қазақ жерінің шет-шегін белгілеу үшін Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков (баяндамашы) Ленин мен Сталинге кіріп жүріп, 1920 жылы 24 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірді. 1920 жылдың 26 тамызы күні Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді.

Табиғи газдың келуі – тарихи оқиға

Жазда елорданың әлеуметтік нысандары мен жеке тұрғын үйлерге табиғи газ келді. «Көгілдір отынның» игілігін алдымен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 орта мектеп, «Көктал-1» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарының бірқатар тұрғындары көре бастады. «Бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес әлеуметтік бастаманың басты жобаларының бірі – елорданы газдандыру. Елордаға өткен жылдан бері 1 мың шақырым магис­тралды газ құбыры тартылды. Биыл 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салуды жоспарлап отырмыз» деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

[smartslider3 slider=658]

Еріктілер ерік-жігері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Волонтерлер жылы болып жарияланды. Еріктілер жылының аясында волонтерлік қызметті дамыту мен қолдаудың басым бағыттары айқындалды. Бұл – «Сабақтастық» жобасы (балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алу), «Саулық» (медициналық волонтерлік – науқастарға қарауда көмек көрсету), «Таза әлем» (қоршаған ортаны қорғау), «Асыл мұра» (материалдық және рухани мәдени-тарихи мұраны сақтау), «Қамқор» (еріктілердің қарттар үйіндегі жұмысы), «Білім» (ауылдық жерлердегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға да­йындау, ағылшын тілін үйрету, компьютерлік сауаттылықта волонтерлік көмек), «Үміт» (Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерліктерін паш ететін құжаттарды іздеу).

Абай жылының айшықтары

Қаңтар айында «Астана Опера» театрында Абай жылы ресми түрде ашылды. Оның алдында Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы жарық көрді. Президент онда ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатынымызды, оған Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екенін атап өтті. Ұлы ақынның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетініне ерекше тоқталып, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлемге кеңінен таныстыру қажеттігін айтты.

«Abai tv» телеарнасы мен Семей қаласында «Абай және ұлдары» ескерткіші бой көтерді. Онда хакім перзенттері Ақылбай және Тұрағұлмен бейнеленген.

Елордада Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай тұғырлы тұлғаның есімін иеленген даңғыл бойындағы тұрғын үйдің қабырғасына ұлы ақынның айшықты бейнесі салынды. Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы ашылды. Аталмыш орталық «Бала Абай», «Ақын Абай» және «Хакім Абай» аталатын үш бөлімге бөлінді.

[smartslider3 slider=657]

Театрлар көбейген кезең

Тәуелсіздік күні қарсаңында тәуелсіздіктің төл құрдасы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры жаңа, еңселі ғимаратта М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен өзінің мерейтойлық ХХХ маусымын ашты. Қойылымның қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков спектакльді жаңаша нұсқада ұсынды. Театр Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың тапсырмасымен салынды. Жаңа маусымның ашылуы алдында Қазақстанның Тұңғыш Президенті өнер ошағын аралап, театр ұжымының қуанышын бөлісті.

2020 жыл елордада театр жылы болып жарияланған еді. Осы жылы елордада театрлар саны артты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Музыкалық жас көрермен театры алғашқы маусымын Тәуелсіздік күні қарсаңында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов­тің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты. Театрдың ашылу салтанатына қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, жас өнер ұжымына шығармашылық табыс тілесе,

Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ыстық ықыласты лебіз білдірді. Ал Nomad City Hall театры Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры болып қайта аталды.

Індет іргеден енді

13 наурызда Қазақстанда үш адамнан коронавирус анықталды. Екеуі Алматыдан болса, біреуі Нұр-Сұлтан қаласынан. Италияның Милан қаласынан Мәскеу арқылы елордаға ұшып келген 90 жолаушының бірінен қауіпті індет шықты. Ол шұғыл түрде карантинге жатқызылды. Осы жағдайға байланысты кешенді іс-шаралар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеу жолдап, өз Жарлығымен 16 наурыз күнгі сағат 08.00-ден ел аумағында бір ай мерзіміне төтенше жағдай режимін енгізді.

Жағдайға байланысты ол екі айға жалғасып, 11 маусымда аяқталды. Барлық сақтық шаралар қолданыла бастады. Нұр-Сұлтан қаласында ірі сауда нысандары мен сауда, ойын-сауық орталықтарының, киім-кешек базарларының жұмыс уақытына шектеу қойылды. Мемлекеттік қызметтер мен мәдени іс-шаралар онлайн форматқа көшті. Елорда әкімі Алтай Көлгінов 19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап карантин енгізілгенін жариялады. Қалаға кіреберіс жолдарда жеті блокбекет қойылды. Халықаралық және жүк тасымалынан басқа әуе рейстері мен теміржол қатынасы жабылды. 30 наурыз-5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Екінші тоқсанда мектеп оқушылары, студенттер қашықтан оқытыла бастады. Бас қалада ауқымды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Табысын жоғалтқан азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы мөлшерінде 42500 теңге төлеу белгіленді.

[smartslider3 slider=659]

Спорт сарайы – Үшкемпіров атында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен елордадағы жекпе-жек сарайына даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілді. Бұл шешім Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Балуанның Мәскеу Олимпиадасында топ жарғанынан арада қырық жыл өтсе де, еш қазақ баласы оның жетістігін қайталамаған еді. Атақты спортшы соны армандап кетті. Күрес түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған, Үшкемпіров есімін иеленген ғимараттан енді жеңімпаздар шықса деген біздің де тілегіміз бар.

2020 жыл – Волонтерлер жылы болып жарияланды.

Елімізде Абайдың 175 жылдығы және әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шаралар бастау алды.

13 наурыз – Қазақстанда COVID-19 инфекция­сының алғашқы жағдайы тіркелді.

20 наурыз – Қазақстан Республикасында пандемия жағдайына байланысты төтенше жағдай жарияланды.

28 наурыз – осы күннен бастап Нұр-Сұлтан қаласының 18 жасқа жетпеген тұрғындарына қоғамдық көлікте жүру тегін болды.

1 сәуір – мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілді.

11 мамыр – Қазақстанда төтенше жағдай тоқтатылды.

25 мамыр – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға қол қойды.

30 маусым – Румыния астанасында «Нұр-Сұлтан», ал елорданың Есіл ауданында «Румыния-Бухарест» саябақтары ашылды.

5 шілде – Қазақстанда локдаун режимі жұмыс істей бастады.

5 шілде – көрнекті композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев өмірінің соңғы жылдары тұрған елордадағы Бөгенбай батыр даңғылы, 36 а мекенжайындағы тұрғын үйге ескерткіш тақта орнатылды.

10 тамыз – Үкімет қаулысымен Абай күні болып белгіленді.

12 тамыз – елімізде Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтті.

2 қыркүйек –Абайдың 175 жылдығына арналған «Нұр-Сұлтан-Жидебай» веложорығы басталды.

17 қыркүйек – коронавирусқа қарсы QazCovid-in атты қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталды.

26 қыркүйек – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен бас қалада ІТ-кеңес құрылды.

25 қазан – Қазақстанның егемендігі туралы декларациясының қабылданғанына 30 жыл толды.

24 қараша – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

2 желтоқсан – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды.

22 желтоқсан – Қазақстанда «Спутник V» атты Ресей вакцинасын өндіру басталды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button