Басты ақпарат

2021 жыл

Артта қалып бара жатқан Сиыр жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында өтті. Жыр алыбы – Жамбылдың 175, күш атасы – Қажымұқанның 150 жылдықтары осы жылы республикалық деңгейде атап өтілді. Жалпы 2021 жылы ел мен елордада айтулы оқиғалар аз болмады. Солардың негізгілерін төмендегі топтамада жинақтадық. 

[smartslider3 slider=1695]

Басты оқиға – мерейтой

ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылының басты оқиғасы – тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы жылдары алған бағдарымыз бен бағындырған белестерімізге тоқталып, тәуелсіздігімізді таным мен тағылым, қоғам мен құндылық, ұлағат пен ұстаным тұрғысынан қарастырып, азаттық мерейтойын соған сай атап өту керектігіне назар аударды.

«…Бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды кезең. Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деп жазған Мемлекет басшысы тарихи сананы жаңғырту және әрі қарай дамуымыз үшін бірқатар маңызды тапсырмаларды берді.

Тұңғыш-Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерейтойға «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын арнады.

«Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.

Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік» деп жазды онда Елбасы.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы

10 қаңтарда елімізде Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өтті. Nur Otan партиясы – 71,09 пайыз, «Ақ жол» партиясы – 10,95 пайыз, Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) – 9,10 пайыз, «Ауыл» партиясы – 5,29 па­йыз дауыс, ADAL саяси партиясы 3,57 пайыз дауыс жинады. Елордада барлығы 283 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қорытындысында тиісті 7 пайыздық межені бағындырған Nur Otan партиясы, «Ақ жол» партиясы және Қазақстан Халық партиясы өкілдері Мәжіліс және Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары атанды.

Жыр алыбы –  Жамбыл

Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы елордадан басталды. Алдымен елордадағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті. Шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ақын-жазушылар, жамбылтанушылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 500-ге жуық әлеуметтік, ғылыми, танымдық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, ақын өмірінен деректі фильм түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, айтыстар мен әдеби конкурстарды, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және басқа да шаралар өткізу көзделді. Композитор Әлқуат Қазақбаевтың «Жамбыл жырау» операсының премьерасы өтті. Либретто авторлары – Дархан Қыдырәлі мен Ақеділ Тойшанұлы.

Қажымұқан ұлықталды

Биыл – халқымыздың ардақты ұлы, даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл. Тұлға мерейтойына орай елордада бейнечеллендж өтті. Бұл мазмұнды шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Қарулы күштері Ұлттық әскери патриоттық орталығының қолдауымен іске асты.

Аталған іс-шараға күшпен жасалатын нөмір көрсетуде әлемнің төрт дүркін рекордсмені, Гиннес рекордтар кітабының және Қазақстанның алты дүркін рекордсмені Сергей Цырульников және қалалық Жастар саясаты мәселелері мен Білім басқармалары, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері қатысты. 3 ақпанда басталған шара атақты балуанның өмірге келген күні 7 сәуірге дейін жалғасты.

Октябрь Бөкейханға ауысты

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының атауы Әлихан ­Бөкейханға ауысты. Бұл ақжолтай жаңалық Алаш көсемінің биылғы 155 жылдығымен сәйкес келді. Тиісті шешім облыстық мәслихаттың кезекті IX сессиясында мақұлданды.

Аудан 1938 жылы қаланың солтүстік бөлігінде құрылған. 1961 жылға дейін Сталин, содан кейін Октябрь деп аталды. Оның ауданы – 22,4 мың га, халқы – 227 мың адам. Құрамына Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау елді мекендері кіреді.

Қайырымды істер марафоны

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласында республикалық «Қайырымды істер марафоны» өтті. Акцияны қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – мемлекет пен бизнес, еріктілер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар мен қарапайым азаматтар арасында ынтымақтастық пен серіктестікті қолдау. Халық арасында жомарттық пен жақсылық жасау идеяларын кеңінен насихаттау.

«Қайырымды іс жасау марафоны арнайы түрде бүгін ашылып жатқанымен, бұл бағыттағы іс-шаралар бізде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Өздеріңіз білетіндей, жақсылық жасау, қол ұшын созу, игілікті істерді жүзеге асыру – «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты. Елордада волонтерлер мен меценаттардың ұйытқы болуымен жыл сайын көптеген қайырымдылық шаралары өтіп келеді. Бізде, әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде меценаттардың үлесі зор. Кейбір қол ұшын созушылар қанша жақсылық жасаса да, аты-жөнін атамауды сұрайды» деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен аталған марафонның ашылу салтанатында.

 Елорда – ерекше монетада

Қазақстан Ұлттық Банкі алтын компоненті бар күмістен жасалған номиналы 1000 теңгелік «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан «Qazaqstannyń astanasy – Nur-Sultan» коллекциялық монеталарын шығарды. Номиналы – 1000 теңгелік, жалпы массасы – 62,2 грамм, 925/1000 сынамалы күмістен, массасы – 46,2 грамм, құрамдас бөлігі – 999/1000 сынамалы алтыннан, массасы – 16 грамм, «proof» дайындау сапасымен, диаметрі 50 мм монеталар 1000 дана таралыммен дайындалған. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында шығарылды.

 Түркістандағы керуен сарай

Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды турис­тік кешені ашылды. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды. Кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды.

Нысан 20,5 га аумақта орналасқан. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қол­өнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған. Онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.

Бір миллион көшет отырғызылды

Елордада бір миллионнан астам көшет отырғызылды. 10 сәуірде басталған «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында ­«Астана Опера» маңындағы аумақта емен бағы, Триатлон саябағында бөртегүл бағы, «Астана Балет» аумағында жасыл бақ пайда болды. Педагогтардың, дәрігерлер мен құтқарушылардың құрметіне скверлер ашылып, олар да абаттандырылды.

«Елорданың жасыл белдеуінде де ағаш отырғызамыз. Бұл жасыл «оазис» қаласын құруға мүмкіндік береді. Тек саябақ аумақтарын, тұрғын үйлер мен аулаларды абаттандырып қана қоймай, сонымен қатар қаламыздың көрікті жерлерін де көгалдандырамыз. Саябақтарда, скверлерде, бульварларда суару жүйесі 5 есе жақсарды. Суару жүйесі автоматты және механикалық режимде жүзеге асырылады. Нұр-­Сұлтандағы экологиялық аймақтар саны жыл сайын өседі» деді елорда әкімі Алтай Көлгінов экологиялық шараның ашылуында.

Елдікті асқақтатқан есткерткіштер

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында тұғырлы тұлғалардың ескерткіштері бой көтерді.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, Астана күніне орай бір ансамбльді құраған Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалап, тұңғыш президенті болған Қаныш Сәтбаевтың, күй анасы Дина Нұрпейісованың, тамыз айында көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің, күзде ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының, Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің, Тәуелсіздік күні қарсаңында әлем ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіштері ашылды.

Жер сатуға тыйым салды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға ­тыйым салатын заңға қол қойды. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес ауыл шаруа­шылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады.

Отандық вакцина – мақтаныш

Көктемде QazVac брендімен шығарылатын QazCovid-In отандық вакцинасын салу басталды. Бұл вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Ол биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында жасалған. Вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Оның қауіпсіздігі мен басқа вакциналарға қарағанда артықшылығы дәлелденді. QazVac вакцина ассоциацияланған ауруларды тудырмайды. Екі компонентті QazVac вакцинасының тиімділігі клиникалық сынақтардан кейін 96 пайызды көрсеткен.

Партия төрағалығын президентке тапсырады

Тұңғыш Президент-­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдады. ­Елбасының бұл шешімі Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жария етілді. Партия басшысының өкілеттігін тапсыру рәсімі партия жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

Елбасы өз сөзінде партияның негізін қалап, осы уақытқа дейін басшылық еткенін атап өтті. Nur Otan партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыру керектігін айтты.

Тұңғыш Президент-­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясында Елбасы Ассамблеяны басқару құқығын Президент Қасым-­Жомарт ­Тоқаевқа берді. ­Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін иеленді

Nur-Sultan – Тәуелсіздік тұмары

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: жарқыраған елорда» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы басқосуға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық интеллигенция өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын барысында қала әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Nur-Sultan – Тәуелсіздік тұмары», «Нур-Султан – символ независимости», «Тарихи шешімдер, тағдырлы белестер» кітаптары және «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан» әндер жинағы таныстырылды.

«Nur-Sultan – Тәуелсіздік тұмары» және «Нур-Султан – символ независимости» кітаптары «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің материалдары негізінде дайындалды. Аталмыш басылымдар ұжымдары әзірлеген көлемді еңбектерде Тәуелсіздіктің 30 жылындағы еліміз бен елорданың елеулі оқиғалары қамтылды.

Ардагерлер орталығы ашылды

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және «Ардагерлер ұйы­мы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесі құрылғанының 30 жылдығына орай қала әкімі Алтай ­Көлгіновтің қолдауымен елордада Ардагерлер орталығы ашылды. Достық көшесіндегі «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінде орналасқан орталық шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары және спорттық жаттығу құралдарымен жабдықталған. Мұнда көркемөнерпаздар, хор ұжымдары дайындалатын залдар бар. Шайхана мен кітап­хана да жұмыс істейді. Зейнеткерлер белгіленген кестеге қарай осы орталықта көңілдері қалаған үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік алды.

Үлескерлер баспаналы болды

Елордада ел басшылығының тапсырмасы бойынша құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау бойынша ауқымды, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың жазында 52 нысан ұзақ құрылыс ретінде есептелген еді. Бұл – 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені.

Былтыр жүргізілген жұмыс­тар нәтижесінде 20 тұрғын үй пайдалануға беріліп, екі жылда жасалған тиісті жұмыстардың қорытындысында 5 мыңнан астам үлескер баспаналарына кірді. Осы жылы проблемалық 57  тұрғын үй кешені тапсырылды. Осылайша биыл 7500-ге жуық отбасының баспана мәселесі шешілді. Соның бәрін қорытындылай келгенде, 2021 жылды аяқтағанда Нұр-Сұлтан қаласындағы 16 мың үлескердің 13 мыңы пәтерлеріне кірді. Қалған проблемалық нысандар алдағы екі жылдың ішінде тапсырылады.

Тәуелсіздік салтанаты

«Астана Опера» театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Елбасы қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығымен құттықтап, Қазақстанның осы жылдар ішінде қол жеткізген басты жетістіктерін атап өтті. Тәуелсіз мемлекет құру және оны дамыту ісіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан халқына ризашылық білдірді. Өскелең ұрпақты тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғауға және елімізді одан әрі өркендетуге атсалысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде Қазақ мемлекеттілігінің ғасыр­лар бойғы тарихының ең маңызды кезеңдеріне, Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, сыртқы саяси, мәдени, ғылыми салалардағы маңызды жетістіктеріне назар аударды. Тұңғыш Президент –
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен Қазақстанды құру ісіндегі ерен еңбегіне арнайы тоқталды.

Ерекше қамқорлық 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар жағдайына ерекші көңіл бөліп жатыр. «Elorda Jastary» бағдарламасында сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігін дамытуға көмек көрсету, кәсіптік бағдарлау, бос уақытты тиімді өткізу, салауат­ты өмір салтын насихаттау, басқа да өзекті мәселелер қамтылды.

Бағдарламаның бір бағыты – жастарды баспанамен қамту. Бұл бағдарламаға 36 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Шарттары: елордада тіркеуде кем дегенде бір жыл болу, жеке баспананың болмауы, ресми жұмыс өтілі 1 жылдан кем емес болуы. Бағдарламаға қатысушы тұрғын үй сатып алуға 13 млн теңгеге дейін қарыз ала алады (жылдық жеңілдік 5%).

Қалада бірқатар әлеуметтік жобалар, соның ішінде «Кедергісіз келешек» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба желісі бойынша 12 бейімдеу секциясы ашылды. Республикалық клиникаларға квоталар бөлінді, мүгедектер арбалары және т.б. құралдар сыйға тартылды.

Қазір елордада бірқатар әлеуметтік нысандар – оңалту орталықтары, көз көруі нашарлаған балаларға арналған балабақша салынып жатыр.

Отыз жылдыққа – отыз аула клубы

Нұр-Сұлтан қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларға, жетім балаларға және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған «BABYTOWN» және «Самғау» атты жаңа аула клубтары ашылды. Қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ашқан алғашқы орталық Қабанбай батыр даңғылында орналасқан. Клубта карате, жүзу спорт секциялары, сурет салу, би, балшық терапиясы сынды шығармашылық үйірмелері бар. Мектепке дайындық курстары, сондай-ақ массаж терапиясы сауықтыру бөлмелері де бар. Ал «Самғау» клубында тоғызқұмалақ, карате, қазақша күрес, дзюдо және шахмат спорт секциялары жұмыс істейді. Жалпы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жыл соңына дейін елордада 30 аула клубын ашу жоспарланды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button