Басты ақпаратШартарап

2022: Әлемнің 10 ірі оқиғаcы

Тағы бір жылдың парағы жабылды. Әр жылдың әлемге сыйлар әртүрлі жаңалығы бар десек, Барыс жылының жасыл шарға сыйлаған ­қуанышы мен жұбанышы бірдей сияқты. Себебі бұл жылда адамзат ­тарихында болмаған жаңалықтар да ашылды. «Астана ақшамы» газеті 2022 жылдың әлемдегі 10 басты оқиғасын былайша тізбелеп шықты.

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс

24 ақпанда Ресей Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропада ең ірі әскери шабуылға кірісті. АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейді санкцияның астына алып, Ресей әлемдегі санкция ең көп салынған елге айналды. Бастапқыда Киевке дейін анталап барған Ресей күштері кейін Киев, Харьков облысынан кері шегіндірілді. Қыркүйек айында Ресей өзі басып алған Украинаның шығысындағы Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облысында референдум өткізіп, 4 облысты өзіне қосып алды. Соғыс әлі жүріп жатыр, екі жақтан қанша адам өлгені туралы нақты ақпарат жоқ.

500 жылда болмаған құрғақшылық

2022 жылы жазда Еуропада соңғы 500 жылдағы ең ауыр құрғақшылық болды. Салдарынан кәрі құрлықтың 47 пайызы­ның суы тартылып, топырақ қабаты құрғап қалды. Соңынан аптап ыстық күшейіп, ыстық пен құрғақшылықтың кесірінен 700 мың гектар орман өртеніп кетті. Қытайда да қатты ыстық болып, «тарихтағы ең құрғақ жаз» тіркелсе, Африка елдерінде «күшті қуаңшылық» осымен бесінші жылға жалғасты.

Патшайым дүниеден өтті

Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета 8 қыркүйекте 96 жасында қайтыс болды. Ханзада Чарльз Ұлыбритания королі ретінде таққа отырды.

ІІ Елизавета патшайым таққа 1952 жылы 6 ақпанда, яғни 25 жасында, әкесі VI Георгтың қазасынан кейін отырған еді. Елизавета Ұлыбританиядағы және әлемдегі ең ұзақ билік еткен монарх болды. Патшайым билік құрған 70 жыл ішінде технологияның қарқынды дамуы, ғарышты жаулап алу, социалистік жүйенің күйреуі мен әлемнің толығымен қайта құрылуы, экономикалық дағдарыстар мен түрлі әскери экспансиялардың куәсі болды.

Қазақстанның елордасы ­Астанада Салтанат сарайы кешені және «The St. Regis Astana» қонақүйі арасында орналасқан атаусыз скверге II Елизаветаның аты берілді.

Астероид бағытын өзгертті

26 қыркүйекте NASA Dart ғарыш аппаратын Диморфос астероидына соқты. Бұл – NASA-ның жерді астероидпен соқтығысу қаупінен қорғауға арналған әлемдегі алғашқы сынақ миссиясы. Ол жер шарынан 9,6 миллион шақырым қашықтықта орындалды. Агенттік әкімшісі Билл Нельсон: «Бұл миссия NASA ғаламның бізге жіберетін кез келген нәрсеге дайын болуға тырысатынын көрсетеді. NASA біздің планетаны қорғауға шындап кірісетінімізді дәлелдеді деп ойлаймын» деді ол журналистерге.

Оңтүстік Корея мен Индонезиядағы қайғылы жағдай

1 қазан кеште Индонезияның Ява аралында өткен футбол матчы кезінде 127 адам қаза болды, 180 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Жеңілген команда жанкүйерлері футбол алаңына жүгіріп шығып, соның салдарынан адамдар сығылысып, бір-бірін таптап кеткен.

29 қазан кеште Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде Хэллоуин­ды мерекелеу кезінде 158 адам қаза тауып, 100-ге жуығы жарақат алды. Хэллоуин­ды атап өтуге 100 мыңдай адам жиналған. Көшеге сыймаған халық бір-бірін итеріп, құлағандарды таптап тастады.

Жер шары халқы 8 миллиард адамнан асты

15 қарашада ғаламшардың 8 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді. Жер шарындағы халық санының 2 есеге өсуіне жарты ғасырдан аз уақыт қана кеткен. 1974 жылы жер бетінде 4 миллиард адам болған еді. Бірақ келесі меже – 9 миллиардқа жету үшін шамамен 14,5 жыл (2037 жылға дейін) қажет. Бұл жаһандық өсімнің баяулайтынын көрсетеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті халық санағы бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, жер бетіндегі алғашқы миллиард адам 1804 жылы тіркелгенін жазады. 1987 жылға қарай бұл көрсеткіш бес миллиардқа жеткен. Ал 1999 жылы жер шарындағы халық саны алты миллиардты құраса, 2011 жылы жеті миллиардқа жеткен.

Орамал оқиғасы

Иранда орамалды «дұрыс тақпағаны» үшін қамауға алынған 22 жастағы Махса Әмини әдеп полициясының фургонында қайтыс болғаннан кейін наразылық шерулері басталды. Салдарынан жүздеген адам мерт болып, 15 мың адам қамауға алынды. Полиция наразыларға қарсы атыс қаруын қолданып жатыр деген де ақпарат бар, соған қарамастан наразылар көшеге шығуын тоқтатқан жоқ.

Иран президенті Эбрахим Раиси Ислам Республикасына қарсы шыққандарға «мейірім көрсетілмейді» деп мәлімдеді. Иран басшысы «Иранның жауларын» жаппай үкіметке қарсы наразылық ұйымдастырды деп айыптады. Қазірге дейін Иранда үкіметке қарсы шыққандар арасында болған екі адам өлім жазасына кесілді. Сондай-ақ тағы 20 наразылық білдіруші өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Климат өзгерісі – келелі тақырып

Мысырда ашылған БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 27-конференциясы (x27) тарихи келісімге келді. Дамыған елдер климаттың өзгеруінен туындаған экономикалық шығындардың орнын толтыру үшін кедей елдерге көмек көрсететін болды. Сондай-ақ жер шары жылынуының алдын алу тұрғысынан келелі шешімдер қабылдады.

Әлемді таңғалдырған доп дода

Бұл әлем чемпионаты бірқатар рекорд орнатты. Мысалы, бірінші рет қыста және Таяу Шығыстағы елде өткізілді, жартылай автоматты офсайдты тану технологиясы алғаш рет қолданылды және бірінші рет әйел төреші жарысқа төрелік етті. FIFA Player ойыншыларының өнімділігі туралы ақпарат алуға арналған қосымша және футбол деректерінің экожүйесі енгізілді. Сондай-ақ ол «Гол жауған жарыс» деп аталды. Жиыны 172 гол соғылды.

Аргентинаның мықтысы ­Лионель Месси әлем чем­пионатының тарихында екі рет «Үздік ойыншыны» жеңіп алған алғашқы ойыншы болды. Марокко әлем чемпионатының тарихына енген жартылай финалға шыққан алғашқы африкалық команда болды. Сондай-ақ ол ең қымбат әлем чемпионаты атанды. Төрткүл дүние көз тіккен доп додасын өткізуге ел билігі 300 миллиард доллар жұмсады.

Футбол королі қайтыс болды

1940 жылдың 23 қазанында Бразилияда дүниеге келген Эдсон Арантис ду Насименту жанкүйерлерге Пеле деген лақап есімімен белгілі болды. Атақты футболшы ұзақ уақыт бойы онкологиямен күресіп келді. Аталған ауру оның ағза­сынан 2021 жылдың күзінде анықталған.

Пеле – үш рет ойыншы ретінде әлем чемпионы атанған жалғыз футболшы (1958, 1962 және 1970 жылдары). Ол – төрт әлем чемпионатының қатысушысы. 1999 жылы ХОК бразилиялықты ХХ ғасыр спортшысы деп таныды. Ойыншы мансабының көп бөлігін (1957-1974) «Сантос» үшін өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты футболшы, үш дүркін әлем чемпионы Пеленің қайтыс болуына байланысты Бразилия президенті Жаир Болсонаруға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button