Әлеумет

2022 жыл: АЕК, «Жеткілікті шек», цифрлық майнинг

[smartslider3 slider=1702]

 

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ

2022 жылдан бастап жәрдем ақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 063 теңге болды. Сондай­ақ ең төменгі жалақы көлемі 60 000 теңге болып өзгереді. Мұның мөлшері 2021 жылы 42 500 теңге болды.  Президент Қасым­Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру ең маңызды фактор екенін атап өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның кірісінің өсуіне әсер етеді. Елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасы 60,5 жасқа дейін өсті. 2027 жылға дейін осылайша әйелдердің зейнет жасы кезең­кезеңмен ұлғаяды. Сөйтіп, ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады. Ал мемлекеттік базалық зейнетақыны ең төменгі мөлшері 19 450 теңгеге дейін артады. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 46 302 теңге болады. Егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз, сондай­ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%ға артады.  2021 жылы қазақстандықтар зейнетақы жинағындағы артық соманы өз қажеттеріне алған еді. Яғни, 370 мыңға жуық адам тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және басқа да қажеттіліктері үшін пайдаланды. 2022 жылдан бастап, зейнетақы жинағындағы шектік соманың жеткілікті мөлшері артады. Атап айтқанда, 21 жастағы азамат есепшотында – 3,2 млн теңге, 30 жаста – 4,4 млн теңге, 40 жаста – 5,8 млн теңге, ал 50 жаста – 7,4 млн теңге, 59­62 жаста 9,1 млн теңгеден артық қаражат жинауы қажет. Президент Қасым­Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

ЖӘРДЕМАҚЫ АРТАДЫ

2022 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің өсуіне сай бала туғанда біржолғы берілетін мемлекеттік жәрдемақы деңгейі де артады. Жөргекпұл сомасы бала санына байланысты өзгеріп отырады. Яғни, бірінші, екінші, үшінші балаға – 116 394 теңге (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға 192 969 теңге болады. Ал егіз немесе үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке есептеледі. Жүктілік пен босану бойынша табысынан айырылған жұмыс істейтін әйелдерге берілетін біржолғы әлеуметтік төлем 1 587 600 теңге болады.

Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы мөлшері де артады. 4 балаға – 49 100 теңге (16,03 АЕК), 5 балаға – 61 382 теңге (20,04 АЕК), 6 балаға – 73 665 теңге (24,05 АЕК), 7 балаға – 85 948 теңге (28,06 АЕК). «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы 19 603 теңге (6,4 АЕК) болады. Мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері артады: І топ – 69 155 теңге, ІІ топ – 55 108 теңге, ІІІ топ – 37 459 теңге, ал 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 50 426 теңге төленеді. Бала кезінен мүгедектерге, 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 43 222 теңгеден 69 155 теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 5 пайызға артып, 36 018 теңге болады. Осы орайда ең төмен күнкөріс деңгейімен байланысты төлемдер де өседі. Яғни, асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақы мөлшері артады. Отбасының еңбекке жарамсыз бір мүшесі болған жағдайда – 30 976 теңге; еңбекке жарамсыз екі адам болған жағдайда – 53 667 теңге, үш адам болса – 66 634 теңге; төрт адам үшін –  70 596 теңге; бес адам үшін – 73 117 теңге; алты және одан көп 75 998 теңге төленеді. Ал ата­анасынан айырылған жетім балалар ай сайын 42 501 теңге жәрдемақы алады.

АЙЫППҰЛ ӨСЕДІ

2022 жылы көлік жылдамдығын 10­20 шақырымға арттырғаны үшін – 15 315 теңге, 20­40 километрге арттырғаны үшін 30 630 теңге айыппұл салынады. Жол белгілерін немесе жол жүру бөлігіндегі белгілер бойынша талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл 9 189 теңге (3 АЕК) болады. Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының ЖҚЕ талаптарын орындамауы 5 834 теңге (2 АЕК) орнына 6 126 теңгеге артты.  Сондай­ақ тыйым салынған жерлерде темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, электрон тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну үшін айыппұл 45 945 теңгеге өсті. АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты бірқатар құжатты алу үшін төленетін мемлекеттік салық та өзгереді. Енді туу туралы куәлік алу үшін төленетін мемлекеттік баж салығы –  24 504 теңге (8 АЕК ), жеке куәлік – 613 теңге (0,2 АЕК), жүргізуші куәлігі – 3 828 теңге (1,25 АЕК), некені тіркеу – 3 063 теңге (1 АЕК), неке куәлігін екінші рет алған жағдайда – 1 532 теңге (0,5 АЕК), ажырасуға арыз бергенде төленетін мемлекеттік баж салығының мөлшері – 6 126 теңге (2 АЕК).

ЦИФРЛЫҚ МАЙНИНГ, GOOGLE САЛЫҒЫ

1 қаңтардан бастап азаматтар төлеген салығын көре алатын жаңа қосымша іске қосылады. Жеке тұлға қосымша арқылы меншігіндегі жері мен мүлкі үшін қанша салық төлегенін және қандай қарыздары барын білуге мүмкіндігі бар. 2022 жылдан бастап Қазақстанда Google салығы пайда болады. Цифрлық салықты шетелдік интернет­компаниялар (мысалы, Google, Facebook, Netflix) төлейді. Қызметтер мен тауарларын онлайн платформа арқылы сататын барлық шетелдік компания Қазақстан бюджетіне қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі. ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12%­ін құрайды. Сондай­ақ салық маркетинг пен жарнама саласына да қолданылады. Қарапайым қазақстандықтарға жаңа салықтың қатысы жоқ. Ұлттық экономика минис трлігі Google салығынан ел бюджетіне жыл сайын 2 миллиард теңге түседі деп болжап отыр. 2022 жылдан бастап күшіне енетін жаңалықтың бірі – утилизациялық алымның артуы. Қазақстанда автокөлікті елге кіргізу үшін 2016 жылдан бері міндетті утилизациялық алым төленіп келеді. Ал 2022 жылдан бастап базалық ставканың мөлшері 153 150 теңге деңгейінде белгіленді. Мәселен, жеңіл автокөлік үшін (қозғалтқыш көлемі 1 000 см3) утилизациялық алым 459 450 теңге болады. Утилизациялық алымды автоөндірушілер, ресми импорттаушылар және Қазақстанға көлік кіргізгісі келетін жеке тұлғалар төлеуге міндетті. Алым техниканы есепке қойғанға дейін төленеді. Ал 5 қаңтардан бастап істен шыққан көлік құралдарын жоюға қабылдау басталады. Яғни, өңірлердегі 18 бекет жұмысын бастайды. Істен шыққан көлік құралын өткізгені үшін көлік санаты мен жиынтығына байланысты 165 402 теңгеден бастап 606 474 теңгеге дейінгі аралықта ақшалай өтемақы беріледі. Тағы бірі атап өтер жаңалықтың бірі ­ цифрлық майнингке салық салынады. Енді Қазақстанда жұмыс істейтін майнингтік фермаларға тұтынған электр энергиясының әр 1 киловатт­ сағатына 1 теңгеден төлейді. Бұл өзгерістер Салық кодексіне енгізілген түзетулерде қарастырылған.

МӘМС

Жұмыс беруші қызметкер үшін жалақы деңгейінің 3%­ын төлейді. Бұл мөлшер 18 000 теңгеден аспайды. Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық­құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының

2%­ын, яғни 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар ­ ЕТЖ­ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%­ын немесе 4 200 теңге төлейді. БЖТ: қала тұрғындары үшін – 1 АЕК немесе 3 063 теңге; Ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге. Дербес төлеушілер ЕТЖ­ ның 5%­ын немесе 3 000 теңге төлейтін болады. Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдігі бар санаты үшін төлем жасайтын болады, бүгінде бұл санаттағылар 11 млн­нан асады. Бір адам үшін жарна мөлшері 3 614,2 теңгені құрайды.

БАСҚА ДА ӨЗГЕРІСТЕР

1 қаңтардан бастап бір қорап темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы  520 теңгеден 550 теңгеге дейін өседі. Бұл баға 2022 жылдың 30 маусымына дейін сақталады. Одан соң әр жарты жыл сайын темекінің ең төмен бағасы кезең­кезеңмен, 2023 жылы 600 теңгеге дейін өседі. Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап шетелдік екпелер ақылы болатынын ескертті. Тек қазақстандық QazVac пен Қарағандыда өндірілетін ресейлік «Спутник V»­ді тегін салдыруға болады. Бұлардан бөлек, қазір Қазақстанда Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ­де өндірілген Hayat­Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге Қытайдың Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі және Америка мен Германия бірігіп жасаған Pfizer/BioNTech вакцинасы бар. Бұл екпелердің бағасы қанша болатыны айтылмады. 2022 жылдан бастап, мемлекеттік мекемелердің маңдайша жазулары мен бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады. Бұл Заң 2021 жылы 29 желтоқсанда бекітілді. Ал мемлекеттік емес мекемелердің маңдайша жазулары мен бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде жазылады. Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерде өзгеше көрсетілмесе, жол белгілеріндегі жазулар мемлекеттік тілде болады. Азаматтық іс жүргізу заңдарына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 1 қаңтардан бастап дауды реттеуге міндетті адамдардың тізімі артты. Мәселен,  алимент төлеу жөніндегі келісімді нотариустан бөлек медиатор, адвокат я заң кеңесшісі рәсімдей алады. Енді Қазақстанға саяхаттап келген шетелдіктерден туристік алым алынады. Бұл туралы арнайы ереже енгізілді. Яғни хостел, қонақжай, жалдамалы тұрғынжайды қоспағанда, туристерді қабылдайтын басқа орындарға келген шетелдік әр қонған күні үшін ақша төлеуі тиіс. Операторлар туристік алымды жергілікті бюджетке жібереді. Дегенмен, 2022 жылы бұл алымның көлемі 0 пайыз болады да, алдағы жылдан бастап ұлғаяды.

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button