Басты ақпаратЕл тынысы

2024: Елді елең еткізген елордалықтар

Астанада әртүрлі оқыс оқиғалар мен қиындықтардан адамдарды құтқарып қалған ержүрек жандар аз емес. Тіпті ұшқыр білімі, спорттағы және сахнадағы жетістігі арқылы Астана атауын асқақтатып жүрген жандар арамызда жүр. Elordainfo.kz жыл басынан бері жұртшылық назарында болған астаналықтар туралы айтуды жөн көрді.

Қаңтар

Жылдың алғашқы айы жемісті басталды. Елордалық спортшы Дастан Ордабай Балларат қаласында өткен 2024 жылғы Virtus Oceania Road Cycling World Series велоспорт чемпионатында жеңіске жетті. Аутизм диагнозы қойылған қатысушыларға арналған жаңа II-3 санатында Дастан Ордабай екі алтын медаль жеңіп алды. Ол аутизм спектрі бұзылған алғашқы азиялық спортшы атанып, Қазақстан тарихында өз ізін қалдырды.

Астананың №3 көпбейінді қалалық ауруханасында 5 484 гр салмақпен батыр сәби дүние­ге келді. Сәбидің 35 жастағы анасы бұл оның үшінші баласы екенін айтады.

Елордалық келіншек егізден кейін үшемді дүниеге әкелді. 18 қаңтарда Астана қаласындағы алғашқы үшем №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушерлік блогында дүниеге келді. Сәбилердің анасы Ажар Қабитова жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздары мен 2022 жылы туған егіз балаларын тәрбиелеп отыр.

Ақпан

Елордалық спортшылар үшін ақпан айы жеңіске толы болды. Атап айтқанда, Қатар астанасы Дохада өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен астаналық спортшы Эдуард Ким мен оның жұбы алтыннан алқа тағып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген алғашқы алтын медалі.

Германияда елордалық пара дзюдошылар Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шамей ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс жүлде салды.

Елордалық пара спортшы Айсұлу Сүлейменова Дубай қаласында өткен жеңіл атлетикадан Dubai 2024 World Para Athletics Grand Prix 15th Fazza International Athletics Championships турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Жүзуден ХІ Азия чемпионатында астаналық спортшылар Арсен Қожахметов пен Әділбек Мусин рекорд орнатты. Бірінші жарыс күнінде жүзу және суға секіру бәсекесінде елордалық спортшылар алдына жан салмай, алтыннан және күмістен алқа тақты.

Наурыз

Елордалық еріктілер әйелдерге 1000-нан аса қызғалдақ сыйлайды. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында елорданың нәзік жанды тұрғындарын осылайша құттықтады.

Елордалық ағайынды боксшылар Париж Олимпиадасына екі жолдама жеңіп алды. Атап айтқанда, ерлер арасында аса ауыр салмақтағы 92 келідегі Айбек Оралбай мен оның сыңары – 80 келідегі Нұрбек Оралбай.

Республикалық оқушылар олимпиадасында астаналық команда 5 алтын, 6 күміс, 6 қола медальді қоржынға салды.

Сәуір

Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аты аңызға айналған футболшы Коло Туре мен Фадига Халилу көшет отыр­ғызды.

Елордалық Айбота Ертайқызы Францияның Тье қаласында өткен көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде 3 медаль иеленді.

Астаналық бұрымдылар Динара Сәдуақасова, Амина Каирбекова мен Меруерт Камалиденова шахматтан «Үздік команда» аталымын жеңіп алды.

Елордалық спортшы Ризабек Айтмұхан Бішкекте күрестен өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Мамыр

Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экология­лық акциясына алты ай бұрын бүйрек трансплантациясын жасаған қала тұрғыны Бекболат Шерниязов қатысып, игі бастамаға қолдау білдірді.

Елордада 7-сынып оқушысы Ақан Әкімжанов ерлік жасап, тұрғын үйдің 4-қабатындағы балконнан құлай жаздаған баланы құтқарып қалды.

Астанада №52 мектеп-гимназияның 11 «А» сынып оқушысы Марлен Көшербай суға батып бара жатқан бес жасар баланы құтқарып қалды.

Маусым

20 жастағы елордалық гроссмейстер Қазыбек Нөгербек Үндістанда шахматтан әлем чемпионы атанды. Ол 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы FIDE World Junior (Open & Girls) Chess Championships – 2024 әлем чемпионатында алтын жеңіп алды.

Елордалық өрт сөндірушілер көп қабатты тұрғын үйде өрт сөндіру кезінде 7-қабаттағы балконнан әйел адамды құтқарды. Астана қаласы ТЖД №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бағлан Бекшенов пен сол бөлімнің жүргізуші Қадыр Өмірзақовты «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады.

Шілде

Астанада «Елдік рухым – домбыра» атты гала-концертте бір сәтте 400 домбырашы бірге күй шертті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында бүркітші Астананы қоғамдық көлікпен аралап шықты. Одан бөлек автобустарда жолаушылар батырларды көріп үлгерді. Олар қаланы арнайы безендірілген автобуспен жүріп өтті.

Тамыз

8 тамызда 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен елордалық боксшы Нұрбек Оралбай XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Астанада Нұрбек Оралбайдың жекпе-жегі «Толқын» спорт кешенінде тікелей эфирде көрсетілді. Олимпиа­да ойындарының финалдық жекпе-жегінде украиналық Александр Хижняк Нұрбектің қарсыласы болды. Финалдық кездесу мыңдаған жанкүйер үшін эмоцияға толы болды және Александр Хижняктың жеңісімен аяқталды.

Елорда тұрғыны өртеніп жатқан пәтерден жасөспірім қызды құтқарып қалды. Ол қызыл жалынға оранған пәтерді көргеннен кейін балконнан ішке еш ойланбастан секіріп кірген. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Алтынбек Алтаевпен және оның ұлымен кездесіп, бейбіт күннің батырын марапаттады.

Елордалық дәрігерлер ауруханада жүкті әйелді клиникалық өлімнен құтқарып қалды. Келіншектің жүрегі бір сағат ішінде 3 рет тоқтап қалған. Бір ай бойы барлық медициналық қызметкерлердің қажырлы еңбегі арқасында науқас тыныс алуды, тамақтануды, жүруді және сөйлеуді қайта үйренді.

Қыркүйек

Елордалық пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алды. Ақмарал тарихи нәтижені бірінші рет көрсетіп отырған жоқ. Оның есімі еліміздің тарихына пара дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы ретінде енген. Ол осы спорт түрінен Паралимпиадада алтыннан алқа таққан алғашқы спортшы атанды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана еріктілері 100 келіден аса бауырсақ таратып, шетелдік қонақтарға бауырсақтардың қазақ мәдениетіндегі маңызы және оны дайындау әдісі туралы айтып берді.

Қазан

Ұстаздар күні мерекесіне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ісінде ұзақ жылдар бойы аянбай қызмет етіп келе жатқан Астанадағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Күшай Тердікбайды марапаттады.

Елордалық 11 жасар Нұрғиса Қуанышұлы Үндістанның Бангало қаласында көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында шахматтан өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Айта кетейік, Нұрғиса Қазақстан бойынша көру мүшесі зақымданған жастар арасындағы әлем чемпионаттарының алғашқы жүлдегері атанды.

Астана қаласындағы БИЛ мектебінің 10-11 сынып оқушылары «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы аясында егістікті арам шөптен тазалайтын робот машина ойлап тапты.

Республика күніне орай ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша елорда мектептерінде «Туған елім – Қазақстаным» атты мега челлендж өтті. Астанадағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.

Елордалық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды. Тиранада өткен әлем чемпионатында 97 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Ризабек финалда ирандық Махди Морафахты айқын жеңіспен тізе бүктірді.

Елордада бір мезетте үш мыңнан аса домбырашы «Балбырауын» күйін орындап, өнер әлеміндегі бұл ерекше жарқын оқиға Қазақстанның Гиннес рекордтарын тіркеу кітабына енді. Күй мерекесіне мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек дирижерлік етті.

Қараша

5-12 қараша аралығында Үндістанның Гоа штатында өткен пара каратэден Әлем чемпионатында өнер көрсеткен елорданың 5 спортшысы жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты.

Екі елордалық азамат Ақбұлақ өзенінде суға батып бара жатқан балаларды құтқарып қалды. Жағадан балық аулаған 2014 және 2013 жылы туған екі бала абайсызда өзенге құлап кеткен. Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм мен Роман Стратонов балаларды қауіпсіз жерге алып шықты.

Еліміздегі үздік 10 ұстаздың қатарына Астана қаласындағы №71 мектеп-лицейінің математика пәні ұстазы Октябрина Жүніс және Экономикалық лицейдің қазақ тілі және әдебиеті пәні ұстазы Нұржан Байсаков қосылды. Үздік он ұстаздың қатарына кірген елордалық екі ұстаздың әрқайсысына 1 миллион теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді.

Астана қаласының №91 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы шахматтан (U8-U12) Италияда өткен халықаралық жарыста екінші рет әлем чемпионы атанып, еліміздің көк байрағын желбіретті.

Желтоқсан

Мысырдың Каир қаласында өткен World Series of Paraswimming әлемдік жарысында Қазақстан намысын қорғау үшін Астана қаласынан аттанған екі спортшы жеңіс тұғырынан көрінді. Жастар арасында 50 метрлік еркін стильде Ерсұлтан Нәметуллаев (S9) пен 100 метрлік брасс бойынша Әли Тұрғанбеков (SB4) қола медаль жеңіп алды.

Тәуелсіздік күніне орай Астана қаласындағы №29 орта мектебінің 700 оқушысы ұстаздармен қосылып, «Мен қазақпын» әнін хормен орындады.

Астана қаласындағы 86 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Әбдіқайым Мұхаммедғали шахматтан Тайландта өткен Азия чемпионатында топ жарып, алтын медальға ие болды. Сегіз жасар чемпион Әбдіқайым бұған дейін шахмат ойынынан өткен «Akbulak Open-2023» халықаралық турнирінде бақ сынап, үш мәрте күміс жүлдегер атанған, әлем чемпионаттарына да қатысқан.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button