2024 жыл: Мәдениет саласындағы айтулы оқиғалар
Елімізге тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі өнер туындысы әкелінді. Бірқатар халықаралық ірі шара өтті. Мәдениет қайраткерлерінің мерейтойы тойланды. Сондай-ақ көшпенділер мәдениетін әлем елдерінде танытқан көрмелер ұйымдастырылды.
Дүние жүзінен 10 мың көрермен келген Димаштың концерті
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу рәсіміне орай елордада әлемге танылған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің екі күндік жеке концерті өтті. Оған 80 елден 10 мыңнан астам шетелдік қонақ келді.
Концертті ұйымдастыруға 200-ден астам кәсіпқой маман атсалысқан. Сахнада Димаш Құдайбергенмен бірге 350 адамнан тұратын халықаралық топ, соның ішінде Қазақстан, Қытай, Ресей, Украина, Камерун, Гана, Уганда, Мексика, Испания және Кениядан келген бишілер, оркестранттар, әншілер өнер көрсетті. Жалпы, бұл жыл Димаш үшін табысты өтті әрі маңызды шығармашылық оқиғаларға толы болды. Оның ішіндегі ең елеулі жаңалықтарды атап өтейік:
19 қаңтар күні әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингомен дуэт болып ән шырқады.
4 мамырда Будапеште биылғы алғашқы жеке концерті өтті. Мажарстандағы ең үлкен алаң – Ласло Папп спорттық аренасына 77 елден келген әншінің жанкүйерлері лық толды.
Одан кейін Ыстанбұлдағы концертінде де аншлаг болып, 42 500 орындық «Бешикташ» стадионында ине шаншар орын болмады.
Әнші араға жеті жыл салып Singer ән байқауының сахнасына қайта оралды.
Сондай-ақ қытайлық музыкалық шоуда «Алтын әуен» сыйлығын жеңіп алды.
14-ші рет өткен «Халықтың сүйіктісі-2024» ұлттық сыйлығының қорытындысы бойынша Димаш төртінші рет жылдың «Мәдениет қайраткері» болып танылды.
Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойы тойланды
Халқымыздың жез таңдай, күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толды.
Сыңғырлаған үнімен (лирикалық-колоратуралық сопрано) миллиондаған тыңдарманын тәнті еткен біртуар талант 1958 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістері байқауының лауреаты атанған.
1967 жылы КСРО халық әртісі атағын, 1970 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын, 1991 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген.
1999 жылы «Алтын барыс» атты ҚР Президентінің жеке алтын белгісінің, 2000 жылы «Отан» орденінің,2019 жылы І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері болған.
Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері («Гауһар тас», «Жиырма бес»), Қазақстан композиторларының шығармалары (Хамидидің «Бұлбұлы», Брусиловскийдің «Қос қарлығашы», Төлебаевтың «Еске алуы», Рахмадиевтің «Тарантелласы», Мұхамеджановтың «Көктем вальсі», Тілендиевтің «Кел еркем, Алатауыма»), сондай-ақ П.П. Чайковский мен С.В. Рахманиновтың романстары, Н.А. Римский-Корсаковтың операларынан ариялар және Батыc Еуропа сазгерлерінің (Доницетти, Григ, Шуберт) шығармалары да бар.
Бибігүл Төлегенова опера өнеріне де елеулі үлес қосып, Жібек (Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), Гүлбаршын (Рахмадиевтің «Алпамысында»), Еңлік (Жұбановтың «Еңлік-Кебегінде»), Джильда, Виолетта (Вердидің «Риголеттосы» мен «Травиатасында») т.б. партияларды орындады.
Аты аңызға айналған әншінің 95 жас мерейтойы аясында Қазақстан бойынша концерттер, көрмелер, музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар секілді 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы өнер дарабозын айтулы датасымен арнайы құттықтады.
Қазпошта Бибігүл Төлегенованың мерейтойына арналған пошта маркасын жарыққа шығарды.
Осы шаралардың логикалық түйіні ретінде 16 желтоқсан күні Астанада әншінің салтанатты концерті дүркіреп өтті.
Абыз Әбіштің 85 жылдығы аталып өтті
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының тұңғыш Мемлекеттік хатшысыӘбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы аталып өтті.
Мерейтой аясында Ақтау қаласында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Сондай-ақ «Әбіш Кекілбайұлы оқулары-2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оған Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және отандық ғалымдар қатысты.
Сонымен қатар мерейтойға арналған «Әбіш әлемі» халықаралық театр фестивалі, «Әбіш әлемі – суретшілер көзімен» атты республикалық симпозиум өтті.
Жазушыны еске алған қазіргі ақын-жазушылар Әбіш Кекілбаев қазақ прозасына қандай жаңалық әкелгенін айтқан еді.
«Алтын адам және Ұлы дала» халықаралық көрмесі — Қытайда
30 қыркүйекте Қытайдың Тяньцзинь қаласының музейінде «Алтын адам және Ұлы дала» халықаралық көрмесі ашылды.
Көрмеге ҚР Ұлттық музейінің қорынан 185 бірегей экспонат қойылған. Көрме үш тақырыптық блокқа бөлінген. Олардың әрқайсысы қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің дамуының әртүрлі аспектілеріне арналған.
Экспонаттар арасында ерте темір дәуірінің артефактілері, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстанның ортағасырлық қалаларынан табылған заттар, сондай-ақ дәстүрлі зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары бар.
Көрме 2025 жылдың 12 ақпанына дейін жалғасып, Тяньцзинь тұрғындары мен қонақтары Қазақстанның бай мәдени мұрасымен таныса алады.
Көрме ашылған сәттен бастап 400 мың адам тамашалады.
Әйгілі да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасы Астанаға әкелінді
ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің La Bella Principessa («Әдемі ханшайым») картинасы 7 маусым мен 4 тамыз аралығында жұртшылыққа ұсынылды.
La Bella Principessa — Леонардо да Винчидің XV ғасырдың аяғында салған әрі пергаменттегі жалғыз туындысы, онда итальян ақсүйегі отбасынан шыққан жас қыздың портреті бейнеленген. Жоғалып, кейін қайтадан табылған шығарма шебердің ең жұмбақ және таңғалдыратын туындыларының бірі саналады.
Бұған дейін картина бүкіл әлем бойынша бес рет қана көрсетіліп, әр уақытта сыншылар мен көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырған.
Танымал туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай Италияның «Scripta Maneant» баспасымен бірлесе ұйымдастырылған. Жоғары Ренессанс дәуіріне жататын бұл құнды жәдігер Еуропадан тысқары жерге алғаш рет шығарылып отыр.
Картинаның түпнұсқасын тамашалауға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барды.
Айта кетейік, бұл көрмені 37,7 мыңнан астам адам тамашалады.
Қазақ кітаптары — әлемнің басты кітап көрмесінде
Қазақстанның баспа өнімдері алғаш рет әлемнің басты кітап көрмесі – Frankfurter Buchmesse-де көрсетілді.
Германияның Майндағы Франкфурт қаласында 16-20 қазан аралығында өткен кітап жәрмеңкесі осымен 76 мәрте ұйымдастырылып отыр. Онда әлемнің 95 елінен мыңнан аса автор 4 мыңға жуық туынды ұсынды.
Жәрмеңкеде еліміздің баспа өнімдерін насихаттайтын көрнекі стенд ұйымдастырылып, сөреге 250-ден аса автордың шығармасы орналастырылды.
Атап айтқанда, «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», «Arman-PV», «Steppe & World Publishing», «Astana-kitap», «АmalBooks» сынды мекемелер басып шығарған кітаптар еуропалық оқырманға таныстырылды.
Франкфурт кітап жәрмеңкесінің 550 жылдан астам тарихы бар. Ол алғаш рет 1473 жылы өткізілсе, 1574 жылдан бастап жүйелі түрде қолға алынған. Бұл кітап жәрмеңкесі Майнцта (Франкфурт маңында) Иоганн Гутенберг негізін қалаған кітап баспасымен тығыз байланысты. Сол себепті Франкфурт «Еуропаның кітаптар астанасы» атанған.
Белгілі тұлғалар мерейтойы мен тарихи даталар
Биыл Қазақстанда елдің ұлы тұлғалары мен тарихи даталарына арналған ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтті.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің 90 жылдығы, Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы, Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы, Герольд Бельгердің 90 жылдығы, Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы аталып өтті.
Бұл іс-шаралар қазақ мәдениетінің маңызы мен оның халықаралық аренадағы рөлін ерекше көрсетеді. Мысалы, қараша айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің француз тіліне аударылған нұсқасының таныстырылымы өтті.
Аталған мерейтойлар қазақ халқының рухани мұрасын жаңа деңгейге көтеріп, оның әлемдік мәдениеттегі орнын айшықтай түскені сөзсіз.
Ал 2024 жылы Қазақстан құрамасы халықаралық додаларда қандай нәтижелерге жете алды? Kazinform тілшісі шолуынан оқыңыз.