Қоғам

2024 жылы Астана қаласының соты 4200 астам істі қарады

Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Астана қаласы азаматтардың және бизнес өкілдерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, айқындылық, кәсібилік принциптері негізінде әкімшілік сот төрелігі жүйесін жетілдіруді жалғастыруда.

«2024 жылы Астана қаласының соты 4223 істі қарады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 118 іске көп. Нәтижелерге сүйенсек, 2024 жылы азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтық белсенділігінің артқанын көрсетеді. Шешім шығару арқылы аяқталған істер саны 1437-ге дейін өсті (2%-ға артты). Жүктеменің өсуіне қарамастан, сот өз жұмысының тұрақтылығы мен тиімділігін көрсетті. Істердің көптеп аяқталуы соттың құқықты жоғары қолдану белсенділігін және дауларды жедел шешуге ұмтылысын көрсетеді. Біз әрбір азамат пен кәсіпкердің өз құқықтары мен мүдделерін қолданыстағы заңнама шеңберінде тиімді қорғауына мүмкіндік беруге тырысамыз», – деп атап өтті Дамир Әбдіғалиев.

2024 жылы істердің көп бөлігі кеден, салық және мемлекеттік сатып алу салаларындағы дауларға қатысты болды. Негізгі санаттар бойынша талаптардың қанағаттандырылу деңгейі жоғары болып қалды: кедендік даулардың 80,5%-ы, салықтық даулардың 68,6%-ы және мемлекеттік сатып алуларға қатысты даулардың 50,7%-ы қанағаттандырылды. Бұл нәтижелер әкімшілік сот төрелігі жүйесінің азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғаудың сенімді құралына айналғанын көрсетеді.

Соттың басты міндеттерінің бірі – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) нормаларын түсіндіру. Сот заманауи коммуникация арналары арқылы құқықтық білімді кең аудиторияға қолжетімді ету үшін белсенді жұмыс жасауда.

«2024 жылы Астана қаласының соты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және бизнес, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырды. Жылдың маңызды оқиғаларының бірі Әкімшілік әділет пікірталас клубының отырыстары, зияткерлік меншік, салық және кеден даулары бойынша дөңгелек үстелдер және «ӘРПК: күрделі мәселелер туралы қарапайым тілмен» брошюрасының екінші бөлімін таныстыру болды»,- деді Дамир Әбдіғалиев. Астана қаласының соты әкімшілік сот төрелігі саласындағы көшбасшылардың бірі болып, мемлекет, азаматтар мен бизнес арасындағы оң тәжірибені қалыптастыруда.

«Әкімшілік сот ісінің болашағы айқындылықта, кәсібилікте және қоғаммен тығыз байланыста деп санаймыз. Біздің мақсатымыз – әділ шешімдер мен түсінікті рәсімдер арқылы сот төрелігіне деген сенімді арттыру», – деп атап өтті Дамир Әбдіғалиев.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button