«Ахмет. Алаш ардақтысы» атты жаңа кітаптың авторымен кездесу өтті

«ASTANA Eurasian Book Fair» VIII Халықаралық кітап және полиграфиялық көрмесі аясында «Ахмет. Алаш ардақтысы» атты жаңа кітаптың авторы Райхан Имаханбетпен кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл бірегей кітап Ахмет Байтурсынұлының өмірі мен мұрасына арналған және «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша жарық көрген. Кітаптың авторы – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Сахыбекқызы Имаханбет. Басылымда Ахмет Байтұрсынұлының көптеген шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары алғаш рет ұсынылады. Сондай-ақ, оның өмірі, қызметі, Ұлт ұстазы келбетіндегі азаматтығы мен ұлтсүйгіштігі жайлы шынайы естеліктер берілген.
Жаңа кітап – Ұлт ұстазының өмірбаяны ғана емес, сонымен қатар «Алаш» қозғалысының мұрасына деген мақтаныш пен құрметтің символы. Себебі, Ахмет Байтурсынұлының идеялары мен ұстанымдарын, ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күресін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Тұсаукесерде қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және жас ұрпақ өкілдері сөз сөйледі. Сондай-ақ, кітаптан үзінділер оқылып, алаш рухын сезінуге және сол дәуірдің атмосферасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берілді. Домбыраның күмбірлеген үнің, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» күйі шертіліп, көрермендерді ұлы ағартушы, реформатор және қазақ халқының біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуірге жетеледі. Қатысушылар бай тарихи мұрамызды тереңірек түсініп, шабыт беретін рухани байлықпен қауышты, туынды авторымен жүзбе жүз жолығып, шығарманың мазмұны жөнінде мағлұмат алды. Айтулы іс-шарада жаңа туындыны автордың қолтаңбасымен алуға және де басқа қонақтармен тілдесуге мүмкіндік туды.