Қала мен СалаМәслихат

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ZAH_8972

Астана қаласы мәслихатының депутаттары кезекті сессияға дайындық аясында елордадағы техникалық мамандар даярлайтын тағы бірнеше колледжді аралап, бүгінгі таңда оқу орындарында атқарылып жатқан жұмыстарды көздерімен көріп қайтты.

Алдымен Астанадағы Көлік және коммуникация колледжіне ат басын бұрған депутаттар мұндағы жаң­ғыр­тылатын энергия көздері зерт­ха­на­сында болып, зертханалық жұмыс істеуге арналған заманауи жабдық­тар­мен, ақылды тақтаның жұмысымен танысты. «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында респуб­ликалық бюджет есебінен Корея­дан сатып алынған бұл жабдықтармен жұмыс істеу арқылы жас маманадар болашақта электр энергиясын күннен, желден, судан алуды үйренуде.

Мұнда 13 компьютер және 3 лин­го­­фон класы, 13 интерактивті класс, ар­наулы пәндер бойынша 5 үлгі зертханасы, кітапханасы, оқу, мәжіліс, спорт, тренажер залдары және басқа заманауи материалдық-техникалық базасы бар. Білім ордасы қазіргі кезде еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие техник, электрик, энергетик, те­міржолшы, электровоз жөндеуші, радиоэлектроника және байланыс маман­дарын, барлығы 14 мамандық бойынша кәсіби білікті кадрларды даярлауда. Қазір 2 000-нан астам сту­дент білім алуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келісім бо­йынша мұнда 83 студент дуальді негізде, яғни, кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігін оқу орнында емес, кә­сіп­орындарда өтіп жүр. Алдағы уа­қытта «Қазақтелеком» АҚ-мен де ке­лісім жасау жоспарлануда.

Бұрынғы жалпы білім беретін оқу орталығы бүгінде Астана қала­сындағы көп бейінді колледж деп аталады екен. Серік Тәшенов жетекшілік ететін бұл білім мекемесі бүгінде автомобиль жүргізушілерін, туризм саласының мамандары мен есептеуіш техникасының оператор­ларын даярлайды. Оқу екі корпуста өткізілгенімен, тәжірибе жұмыстары 20 тонналық контейнерлерде жүр­гізіледі. Ол қыс мезгілдерінде электр­мен жылытылады. Сондықтан, жыл­дың осы мерзімінде мұнда сабақтар 20-25 минут қана өтетін көрінеді.

Қалалық Құрылыс басқармасы осыдан үш жыл бұрын аталмыш оқу ордасына арналған ғимарат салуды қолға алған. Қа­ражат жетіспегендіктен, мұндағы құ­рылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Мамандардың айтуынша, қажетті қаржы 2016-2017 жылдары бөлінбекші. Бас қаладағы Технологиялық колледж­де оқитын жастар келешекте тігін өн­дірісі және киімі үлгісі, шаштараз және сәндік косметика өндірісі, нан, макарон және кондитер өндірісі бойынша машықтанып жүр.

Өндірістік оқу бөлімінің шебері Ұлжан Теміртанова – осы колледждің түлегі. Жүрек қалауымен таңдап алған мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзі білім алған колледжге қайтып оралған ол бүгінде оқытушы. Тобындағы 15 қызға тігіншіліктің қыр-сырын үйретумен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүр, «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымының төрайымы.

Елорданың кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерін аралай жүріп, мұнда жас мамандардың сапалы білім алып, кәсіби шеберлікті игеруімен қатар, заман талабына сай білікті маман ретінде нарық заманының бәсекесіне түсе алатын, білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін көрсете алатын өз істерінің шеберлерін даярлау бағытында игі істер атқарылып жатқанына куә болдық.

Бұл ретте Елбасы тапсырмасын бас­шылыққа ала отырып, дуальді оқыту жүйесін одан әрі жалғастыру арқылы бас қалада жұмысшы мамандарының жетіспеушілігін жоюға мүмкіндік мол. Ол үшін кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері қазіргі заман талабына сай жабдықталуы керек. Халық қалаулыларының пікірі осыған саяды. Ал, қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов екі күн бойы өздері аралаған оқу орындарында оқып жүрген жастарды таңдап алған кәсібінің қыр-сырын меңгерумен қатар сол саладағы соны технологияларды, жұмыс істеудің жаңаша дағдыларын үйренуге, ең бастысы, келешекте елорда мәртебесіне сай еңбек етуге шақырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button