Қала мен Сала

24 мың адам жұмыспен қамтылады

Қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов пен елордалық Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Сәбит Жаманбаев өткен жылғы жұмысқа орналастыру қорытындылары мен 2023 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді.

– Елорда әкімдігінің басым міндетінің бірі – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту. Жалпы, елорданың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты және қатаң бақылауда. Жұмыссыздық деңгейі – 4,5%, бұл көрсеткіш республикалық көрсеткіштен 0,3%-ға төмен, – деді Ерлан Жүсіпов.

Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның белсенді іске асырылып жатқанын жеткізді.

– 40513 жаңа жұмыс орны, оның ішінде 35981 тұрақты орын құрылды. Ұлттық жобаларды іске асыру аясында Астана қаласы бойынша 14211 жаңа жұмыс орны құрылды, жоспар бойынша 14180 орын құру көзделген болатын. Жұмыссыз азаматтар мен жұмыспен қамтылмаған халықты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту мақсатында 62 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді, – деді Ерлан Жүсіпов.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 2022 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 27,5 мыңнан астам адам, оның ішінде 17,9 мың жас қамтылды. Атап айтсақ, 12,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 8362 адам орналастырылды. Олардың 3407-сі – жастар.

Өткен жылы 40513 жаңа жұмыс орны, оның ішінде 35981 тұрақты орын құрылды. Ұлттық жобаларды іске асыру аясында Астана қаласы бойынша 14211 жаңа жұмыс орны құрылды, жоспар бойынша 14180 орын құру көзделген болатын

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 350 адамға грант берілді. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 172 адам, оның ішінде 26 жас кәсіптік оқытудан өтті. «Бизнес бастау» жобасы бойынша 4320 адам, 2255 жас білімін жетілдірді. Сонымен бірге enbek.kz платформасында дағдыларға онлайн оқыту жүргізілді, осы іс-шараға 598 адам қатысты, олардың 196-сы – жастар.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Сәбит Жаманбаевтың айтуынша, 2022 жылдан бастап «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысушылар жалақысының мөлшері 30 АЕК-ке дейін артты. Сонымен қатар, 2023 жылы жұмыспен қамту шараларымен елорданың 24 мыңнан астам тұрғынын, оның ішінде жастар арасынан 16,5 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

– Жұмыссыз азаматтар мен жұмыспен қамтылмаған халықты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту мақсатында 62 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін, яғни 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, – деді Сәбит Жаманбаев.

Ағымдағы жылы жұмыспен қамту шараларымен 24 мыңға жуық адамды, оның ішінде 16,5 мыңнан астам жасты қамту жоспарлануда. Алдағы жылы 55 мыңнан астамды, оның ішінде 10,3 мыңын ұлттық жобалар шеңберінде жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығы директоры орынбасарының айтуынша, 2023 жылға қала халқын жұмыспен қамту орталығы жастарға жылдық 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейін шағын несие берудің жаңа тетігін енгізуді жоспарлап отыр.

Жастарға жылдық 2,5%-бен шағын несие беру мақсатында 562 адамға 2,8 млрд теңге қарас­тырылған. микро­кредит мерзімі – 5 жылға дейін, ең жоғары сома – 5 миллион теңгеге дейін; номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды

– Жастарға жылдық 2,5%-бен шағын несие беру мақсатында 562 адамға 2,8 млрд теңге қарастырылған. Олардың шарты төмендегідей: микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруа­шылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін; ең жоғары сома – 5 миллион теңгеге дейін; номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды; кепілмен қамтамасыз етудің болуы; негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредиттеу мерзімінің ұзақтығының 1/3 аспайтын бөлігін құрайды және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы шарт, – деді директордың орынбасары.

Сондай-ақ, елордада кәсіби біліктілікті тануға арналған бір реттік ваучерлер ұсынылатын болады. Кәсіптер бойынша кәсіптік біліктілікті тану құны: әлеуметтік-гуманитарлық бейін – 43 адам үшін 3 АЕК (10350 теңге) және техникалық бейін – 18 адам үшін 7 АЕК (24150 теңге).

– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз гранттар алудың бірінші ағымына өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 20 ақпанында басталғанын атап өткім келеді. Рәсім business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимде төрт кезеңде жүзеге асырылады, ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 132 азамат үшін грант көзделген, – деді Сәбит Жаманбаев.

Ол жұмыс іздеушілер үшін де, жұмыс берушілер үшін де көрсетілген барлық белсенді жұмыспен қамту шаралары enbek.kz электрондық еңбек биржасының порталында қолжетімді.

– Порталда ізденушілер жұмыс іздеп жүрген адам ретінде дербес тіркеле алады, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолдама алады және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін бос жұмыс орнын қарай алады. Сондай-ақ, жұмыс берушілер осы порталда халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінбей, бос жұмыс орнын орналастыра алады, – деді директордың орынбасары.

Баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов елордада денсаулық сақтау, білім беру, қаржы, құрылыс және өндіріс салаларында кадр тапшылығы байқалатынын, әсіресе астаналықтар арасында сұранысқа ие мамандықтардың ішінде IT-саласының, коммуналдық және көлік саласының қызметкерлерін атап өтті.

Астаналықтар барлық қажетті ақпаратты Астана қаласы әкімдігінің czn.kz Халықты жұмыспен қамту орталығының ресми сайтынан, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі Instagram – czn_astana, Facebook – @nursultanczn, Telegram – czn_nursultan ресми парақшалар арқылы таба алады.
Байланыс орталығының нөмірлері: 249-634, 249-664.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button