Sport

25 ЖЫЛДЫҚҚА – 25 ШАҚЫРЫМ

Елорданың туған күні қарсаңында Астанада дуатлоннан екінші ашық турнир ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков,  ҚР Мәдениет  және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және танымал велошабандоз, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты.

ERM_4266

– Астанада осындай дуатлон жарысын өткізу туралы идеяны Әділбек Рыскелдіұлы қала әкімі болып отырған кезде көтерген еді. Мен де бұған қолдау көрсетуге уәде еткенмін. Меніңше, мұндай ауқымды шара – бас шаһардың тұрғындары үшін үлкен мереке, – деді Үкімет басшысы К.Мәсімов.
Өз кезегінде Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков барша отандастарды спортпен айналысуға шақырды.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде, соның ішінде Астанада спорт пен мәдениетті дамытуға көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын спорттық сайыстар қатары артып келеді. Ұлтымыз үшін ең басты байлық – денсаулық. Сондықтан бәріңіз де спортпен шұғылданыңыздар, – деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.
Дуатлон жарысы «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңнан басталды. Бәйге шарты бойынша, қатысушылар алғашқы 5 шақырымды жүгіріп, одан кейінгі 15 шақырымды велосипедпен, соңғы 5 шақырымды қайта жүгіріп өткеру керек болды. Яғни, жолдың жалпы ұзындығы – 25 шақырым. Бұл арақашықтық кездейсоқ таңдалған жоқ. Жолдың ұзақтығы мерейтойлық дата – Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен сәйкес келеді.

ERM_4311
Сайыскерлер Қонаев көшесінің бойымен Қабанбай батыр даң­ғылына шығып, кейін Достық және Орынбор көшелерімен жүгіріп өтті. Мәреде жасалған арнайы аймақта спортшылар велосипедке отырып, жарысты жалғастырды. Веложарыс та Қонаев көше­сінен басталып, Қабанбай батыр даңғылымен жалғасты. Дуат­лонға қатысушылар Назарбаев зияткерлік мектебі жанынан қайта айналып, Керей және Жәнібек хандар көшесіне дейін барды. Содан кейін осы жолмен Орынбор көшесіне дейін жүріп, Қонаев көшесіне жетті. Естеріңізге сала кетейік, «Астана-дуатлон – 2016» ашық қалалық турниріне 16 жастан асқандардың бәрі де қатыса алды.
Дуатлоншылар бес топ бо­йынша марапатталды. Ерлер арасында 29 жастағы Евгений Непомнящний және әйелдер арасында 16 жастағы Жанерке Асан абсолютті чемпион атанды. Олар сәйкесінше 56,10 минут және 1 сағат 13,21 минутта мәреге жетті. Бұл қатысушылар – 16 мен 30 жас аралығындағы жеңімпаздар. Яков Козлов (1 сағат 1 минут) және Елена Пономарева (1 сағат 22 минут) 31 мен 40 жас санатында жүгіруде топ жарды. Ал 41 пен 50 жас санатында Игорь Карачев (59,43 минут) және Татьяна Михалева (1 сағат 24 минут) көш бастады. Сондай-ақ, 50 жастан асқандар арасында «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Болат Жәмішев үздік атанды. Қалада өткізілетін барлық спорттық-бұқаралық шараларға тұрақты түрде қатысып жүретін ол бел­гіленген қашықтықты 1 сағат 9 минутта бағындырды.
Жеңімпаздар бағалы сый­лықтармен және елордалық спорттық мекемелерге арналған абонементтермен марапатталды. Салтанатты марапаттау рәсімінен соң дуатлонға қатысушылар мен шара қонақтары үшін «Бәйтерек» мо­ну­ментінің алдындағы алаңда концерттік бағдарлама, сон­дай-ақ, лотерея ұтысы ұйымдастырылды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button