Басты ақпарат

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛОРДА

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: АСТАНА НАҒЫЗ ЖАСЫЛ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы бірқатар нысандарды аралады. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасымен бірге болып, алдағы атқарылатын істердің барысымен таныстырды.

Талғамы биік театр

Астананың әсем кейпін айшықтандыра түсетін Классикалық опера және балет театрының іргетасы 2010 жылдың наурыз айында қаланған болатын. Жалпы жоба авторлары бұл ғимаратты қазақтың ұлттық-сәулет өнеріне сай етіп салуды көздеген. 1250 орындық театрда таға пішінді көрермен залы бар. Әлемдік деңгейдегі мерекелік шараларды өткізуге толықтай жауап беретін театрдың талғамы биік, мәртебесі өте жоғары болмақ. Аталмыш нысанды мердігер компаниялар жыл соңында пайдалануға беруді межелеп отыр.

Eurocopter – ерекше зауыт

Елбасы назар аударған келесі нысан – Eurocopter тікұшақ құрастыру зауыты болды. Мемлекет басшысы осы зауыттың маңызы жайында әңгімеледі.
«Бұл – тікұшақтар құрастыруға арналған біздің еліміздегі алғашқы нысан. Қазіргі кезде біз жылына 8-10 тікұшақ құрастыратын боламыз. Алдағы уақытта осы кәсіпорынның базасында ұшақтар құрастыру жоспарлануда.

Біз өзімізде бар техниканы батыстың өндірісіндегі ұшақтарға ауыстыруға тиіспіз. Қазақстан өз тарихында алғаш рет тіқұшақтар мен ұшақтар құрастыратын мемлекетке айналып отыр» деп атап өтті Президент.

Демек, ендігі жерде өзімізден ерекше техника дайындап шығарудың сәті келіп тұр. Аумағы 20 гектарлық зауыт Астана қаласының әуежай маңында орналасқан. Ұшқыштар мен техникалық қызметкерлерді даярлап шығаратын Академия болашақта осы аумақтан орын тебеді.

Көп салалы «Қобыз сарайы»

Ұлттың мерейін өсіретін «Қобыз сарайы» көпсалалы концерт залы Керей мен Жәнібек хандар көшесі бойында тұр. Елбасы осы ғимаратты аралау барысында ұлттық нышан мен құрылыс сапасына мән берді. Мұндағы 340 орынға есептелген көрермен залы қазақтың киелі шаңырағын көз алдыңызға әкеледі. Концерт залынан бөлек 170 орынға арналған мейрамхана, 80 орындық дәмхана, фитнес орталығы, жалпы ауданы 3000 шаршы метр болатын кеңсе-сауда орындары мен туризм, бизнес орталықтары көпшілікке қызмет жасайды.

Ауқымды аурухана

Елбасының тағы бір аралап көрген нысаны – алдағы қазан айында іске қосылатын қалалық көп бейінді балалар ауруханасы. Бұл бір ауысымда 250 келушіні қабылдай алатын консультативтік-диагностикалық емханасы бар көпсалалы балалар ауруханасы 56 мың шаршы метр алаңға орналасқан. 350 емдеу орынға арналған. Осы ауруханада Оңтүстік Корея, Израиль, Австрия, Литва, Беларусь және Ресей елдерінде оқып келген мамандар жұмыс істейтін болады. «Мемлекет медициналық саланы дамытуға көп көңіл бөліп келеді.

Осының арқасында қазақстандықтардың орташа жасы бес жылға артты. Бұрындары еліміз халқының арасында жүрек-тамырлары жүйесінің ауруы бірінші тұратын. Қазір біз Қазақстан көлемінде барлық түрлері бойынша жүрекке 10 мың операция жасаймыз. Сонымен қатар, мен мықты онкологиялық орталық құру міндетін қойдым. Ол онкологиялық аурудың санын азайтуға мүмкіндік беретін болады»,– деді Нұрсұлтан Әбішұлы көпсалалы балалар ауруханасын аралау кезінде.

Жасыл қалаға айналамыз

Астананың маңайын орманды алқапқа айналдыру мәселесін осыдан он төрт жыл бұрын Елбасының көтергені белгілі. Содан бергі уақытта елорда аумағындағы орманды алқап 60 мың гектарға ұлғайған. Бұл іс «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Атқарылатын жұмыстың басым бөлігі «Астана орманы» ЖШС-іне жүктелген.

Кеше Мемлекет басшысы елорданың орманды алқабын да аралап, жүзеге асырылып жатқанжұмыстарға баға берді.

«Жасыл алқапқа айналдыру ісі астананы ауыстырғаннан кейінгі алғашқы жылда қолға алынды. Елорда мәртебесін алғанға дейін Целиноградтың айналасы ашық болғаны өздеріңізге белгілі. Қатты жел тұрған кезде қаланы шаң-тозаң басып қалатын. Экологияны жақсарту жел мен боранды тоқтату, сондай-ақ, қолайлы жағдайды қалыптастыру мақсатында мен қаланы жасыл алқапқа айналдыру туралы міндет қойдым. Соның нәтижесінде, 14 жыл ішінде Астананың айналасында мыңдаған гектарға ағаш отырғызылды. Жасыл белдеуді кең ауқымда жүргізу үшін бұл аумақ елдегі төрт ірі ауылға тең болғанын айтқым келеді. Осы орайда орман аймағын биологиялық әр түрлендіруді ұлғайту – онда құстар мен жануарлар түрлерін өсіру жөніндегі жұмыстар қатар жүргізілді. Келесі кезеңде қала тұрғындарын табиғатта мәдениетті демалуға, елорда маңынан саңырауқұлақ пен жидек жинауға тарту ісі қолға алынады. Сонымен қатар, бүгінде қала тұрғындарының демалулары үшін қаланың ішінде жасыл алқап отырғызу жұмыстары жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде 16 мың гектарға жасыл желек отырғызылды. Бүгінде Астана нағыз жасыл қалаға айналып келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы бүгінде күні елорда маңайына 9,6 миллион ағаш отырғызылған және 1,9 миллион көшеттер бар. Былтыр орманға алғаш рет 300 қырғауыл жіберілді. Оларды өсіріп-баптайтын орындар да талапқа сай. Өткен жылы еккен шыршаларының биіктігі- 10-15 сантиметрге жетіпті.

Осылайша Елбасы жақындап қалған Астана күні мерекесі қарсаңында елордамыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды бірнеше нысандарын аралап көрді. Атқарылған жұмыстарды бағалады. Астананың өркендей беретініне сенім білдірді.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button