Елорда тынысы

32 жаңа мектеп ­салынады



Биыл елорда мектептерін 11230 түлек бітіріп шықты. «Соңғы қоңырау» салтанаты тек түлектер үшін ғана ұйымдастырылды. Түлектерге арналған мемлекеттік қорытынды емтихандар 28 мамыр-11 маусым аралығында 5 пән бойынша өтеді. Орта білімі туралы аттестаттар 14 маусымда тапсырылады. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, ел­ордада жүріп жатқан мектептер құрылысы туралы мәлімет берді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында оқушылар мен мұғалімдерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, елордада салынып жатқан жаңа мектептер туралы айтты.

«Мектептерде сынып сағаты өтті, балалар демалысқа шықты. Оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Жыл са­йын 1-сыныпқа 20 мыңнан астам оқушы келетінін ескерсек, жаңа мектептер саны бірнеше есеге артты.

Қазір біз 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 32 мектептің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде жыл соңына дейін мектептердің рекордты санының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – 64 мыңға жуық оқушыға арналған 23 мектеп (екі ауысымды). Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында – 15 мектеп (Есіл – 6, Нұра – 4, Алматы – 3, Сарыарқа – 2), тағы 5 мемлекеттік мектеп (Нұра – 2, Байқоңыр – 2, Алматы – 1), 3 жекеменшік (Есіл – 2, Алматы – 1) салынады.

Жаңа оқу жылының басында 32 мыңға жуық оқушы орнына (екі ауысымда) арналған 12 мектептің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 8 мектеп:

Есіл ауданы – бір ауысымды 7800 оқушыға арналған 3 мектеп – Орынбор көшесі және №37 «Soho» ТК, Мәңгілік ел даңғылы және Е497 көшесі, Қабанбай батыр және Сығанақ көшелері, «Поколение» ТК;

Нұра ауданы – 4000 оқушыға арналған бір ауысымды 2 мектеп – Төле би көшесі мен 57-учаске қиылысы («Зеленый квартал» ТК), Е127, Е368, Е418, Е535 көшесі (Қорғалжын тасжолы ауданы);

Сарыарқа ауданы – 4000 оқушы орнына арналған бір ауысымды 2 мектеп – С189 көшесі мен «Земляничная» саяжай алабы, Көктал елді мекені;

Алматы ауданы – 600 оқушыға арналған бір ауысымды 1 мектеп (А.Байтұрсынұлы көшесі, №9).

Байқоңыр және Нұра аудандарында тағы 3 мемлекеттік мектеп: Байқоңыр ауданында №12 мектеп және №27 мектеп-лицей аумағында қосымша жаңа ғимарат, сол сияқты Нұра ауданының №17 мектеп-гимназия аумағындағы жаңа қосымша ғимарат. Сондай-ақ Есіл ауданында Ұлы дала даңғылында («Арнау» ТК) тағы бір жеке мектеп ашылады. Осылайша, 23 жаңа мектеп арқылы 6 мектепте үш ауысымды оқу мәселесін, тағы 9 мектепте шамадан тыс режимі мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз» деп жазды елорда әкімі.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button