Басты ақпарат

«АҚСЕЛЕУ БИІГІ» МҰНДАЛАП ТҰР

Қарауылға барар жолда

Бейсенбі күні бесін ауа тарихшы, ғалым Қойшығара Салғараұлы бастаған делегация Астанадан аттанғанбыз. Алған бағытымыз – оңтүстік-шығыс, қазақтың біртуар ұлы, жазушы, ғалым, ұлт қайраткері Ақселеу Сейдімбектің асы өтетін Жаңаарқа өңірі еді.

Үлкен автобус, бірнеше мәшине «МАИ» қызметкерлерінің жол бастауымен тізіліп келеді.

Асқа бара жатқанымыз, Ақселеудің бұл күнде Астанада жоқ екені санамыздың бір бұрышында тұрып алды. Оны қойшы, Ақаңның жер бетіндегі ең соңғы сапары дәл осы жол болды емес пе? Иә, осы болған. Астанадан Жаңаарқаға… Өзінің туып, кіндік қаны тамған жеріне. Ол кезде бірақ… Ақселеу ақтық сапарда еді… Марқұмның соңғы өтініші бойынша аманат арқалағандар мәйітті өзі алдын-ала «мына жерге жерлеңдер» деп тұрып көрсетіп кеткен Қарауыл төбеге апара жатқан…

Жүріп келеміз.

Әлі жүріп келеміз. Ұзақ жол.

«Неге бұл жаққа жерлеуді өсиет етті екен?.. Неге өзгелер секілді Кеңсайда жатуды көксемеді? Жаңаарқаға жауырын төсегісі келгені несі?..»

Сананы сан сұрақ торлай бастады.

Арқаға аяқ басып, топыраққа табан тірегенше осы ойлардан арылмадық…

Ақселеудің ақ туы

Үш-төрт сағат жол жүрген жолаушылар алдымен Қарағанды облысының Жаңаарқамен жапсарлас ауданы Абайға келіп тоқтағанбыз.

Аудан әкімі Еркебұлан Нашаров қазақтың салтын сақтап, жолаушыларды алдын-ала дайындалған дастарқанға жайғастырып, дәм татқызды.

Қазақта дастарқан – ұлағат ұясы. Келелі кеңес те, ақ пейіл, ақжарма тілек те дастарқан басында айтылады. Осы дәстүрден үлкендер жаңылған жоқ. Қойшығара аға бірнеше тұлпарды ерттеп мінген жолаушыларды дастарқан басында бір-бірімен таныстырды да, ұзамай Ақаң туралы ақжарма әңгімелердің түймесі ағытылды.

* * *

Ақселеу Сейдімбек Сайын- досының немересіне жақсы көріп, өз балаларына жинаған бір дорба асығын беріп жіберген екен. Немерелері ер жетіп кеткен Сайын Назарбеков осы сапар барысында сол асықтардың біраз бөлігін мұражай қызметкерлеріне тапсырды. «Ақаң жинаған асықтар» деп…

Абайдағы осы ас үстінде Қойшығара аға Атырау жақтан ат арылтып келген Дәулетбай Құрбанбаев деген ақсақалды көпшілікке таныстырған. «Бұл кісі Ақаңның асында берілетін бас бәйгені тігіп отырған азамат, ұлт руханиятына жанашыр тұлғалардың бірі» деді.

Ақселеу асында бәйгеге жеңіл мәшине тігіп отырған Дәулетбай Құрбанбаев та Ақаңа бөтен болмай шықты.

* * *

Дастархан басында тағы бір жақсы сөз айтылған. Тарихшы Қасым Тәукенов: «Көне салтымыз бойынша, жас адам қайтыс болса, қызыл ту көтерілетін болған. Орта жастағы адам қайтса, қызыл-ала ту көтереді. Ал, Пайғамбар жасынан асқан адам қайтыс болса, ақ ту көтереді. Ақ ту – абыройлылықтың, ақсақалдықтың белгісі. Сондықтан, Ақселеуде арман жоқ. Бұл ас – сондықтан, қаралы жиын емес, той. Той деуіміз керек мұны» деді.

Осыдан кейін ғана жұрт еңсені басқан бір өкінішті серпіп тастап, бір сейілгендей болды…

Бойшаң дарақ бейнесіндей өзінің…

Адам кейде ойына келіп көрмеген ғажап сәттерге тап болып жатады. Бұл сапарда біз де осындай қуаныш пен толқуды аз сезінген жоқпыз.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу кентіне кіре берісте делегацияны Ақаңның ұлы Ернар бастаған бір топ адам күтіп алды. Сол жерден тізбектелген көліктер топ-топқа бөлінді де, біздікі Ернар аға бастаған бағытпен ауыл аралап жүре берді.

Ақселеу көшесі 4-үй. Тоқталған жеріміз осы болды.

Қарапайым ғана тұрғын үй. Үйдің жанында тіп-тік болып, жалғыз биік ағаш өскен екен. Аулаға кіргеннің бірден назарын аударады.

Үлкен автобустан түсіп жатқан бір қауым адам әлгі үйдің ауласын толтырып тастаған. Сау етіп келіп, жұртты әурелегенге қысылғандай, қонақтар есік алдында тосылып тұра қалды.

Кейін білдік. Бұл – Алаштың айтулы ұлы Ақселеу Сейдімбек шыққан әулеттің қарашаңырағы екен. Ақаңның туған анасы Кәтеп осы үйде тұрған. Жұмажан атты ұлының қолында.

«Астанаға қызметке шақырылғанда, анамды ойладым. Анам Жаңаарқада тұратын еді. Анама жақын болайын, қартайғанында аз да болса қызмет қылып, қасына барып тұрайын дедім…» дегенде, Ақаң осы үйде тұрған анасын айтқан екен.

Рас, Астанадан 550 шақырымдай жерде. Бірақ, сонда да Ақаң осы үйге жиі-жиі оралып, анасына сәлем беріп кетіп тұрған. Осы үйде туған ел, ататек, өзінің шыққан әулеті туралы ойлап, тамырына көз жүгіртіп отырған.

Кәтеп ана дәл осы үйде жатып, 2006 жылы қаза болған екен. Ақаңнан үш-ақ жыл бұрын. Бірақ, содан кейін де ат ізін суытпай, анасының үйіне, әулетінің қарашаңырағына атақты Ақселеу жиі бас сұғып, келіп тұрған.

Отағасы Жұмажан да біраз жыл бұрын дүние салған екен. Ақаңның асына келгендерді келіні Гүлбарам Сүлейменова қарсы алды.

Бұл үй бізді терең ойларға жетеледі.

Айтылып жатқан әңгіме ауанынан  байқадық, «үлкен жазушы болу үшін бойдағы дарынмен қатар, бақытсыз балалық шақ керек» дейтін Эрнест Хэмингуейдің сөзін Ақселеу тағдыры растап тұр.

Осыдан жетпіс жылдай уақыт бұрын, 1942 жылдың 12 желтоқсанында Ақселеу Сейдімбек Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Байдалы би ауылында туған. Сапар барысында өңірдегі еңбек ардагері Қазкен Мүслімовтың аузынан естігеніміздей, Ақселеудің есімін әкесі Слан қойған көрінеді.

«Кәтеп ана маңдайы торсықтай ұл туады. Құндақтаулы баланы көрмекке «бетін ашшы» дейді Слан. Сөйтсе, жөргектегі бала өңі ақ-сары, шаштары селеудей екен… Содан «бұл баланың аты Ақселеу болсын!» депті» дейді Қазкен аға.

Ұзамай Слан әскерге кетеді. Сәби анасы Кәтептің құшағында қалады. Алайда, Кәтеп ана тұрмысқа шығып кетеді де, Ақселеу әкесінің ағасы Аманбек пен жеңгесі Әнипа ананың қолында өседі…

«Өз балаларынан кем көрмей, Аманбек ақсақал Ақселеуді жақсы өсірді. Оқытты-тоқытты, қабілетін ұштады. Қатардан кем қылған жоқ. Сол үшін де Ақаң Аманбек ақсақалға қарыздармын деуші еді» деді Қазкен Мүслімов…

Қысқасы, Ақаң бала жастан туған анасы мен әкесінің мейіріне қанбай өскен. Тұңғиық бала болады. Мектепте жүргенінде де ылғи соңғы партаға жалғыз өзі отырып алатын дейді ұстаздары. Осылайша, жасынан өзінің әкеден жалғыз қалғанын ойлап өскен бала оңашаланып, оқшауланып, өзінің болашақ биік тұлғалық болмысының негізін қалайды…

Ақаңның ылғи «Құдай жалғыз, мен жалғыз» деп жүретіні, сірә, сондықтан.

Солай болса да, бүкіл қазақтың қамын жеген Ақселеу Сейдімбек бір құрсақтан туған бауырларын өзінен бөліп қарамаған. Міне, мына біз түскен үй, Ақселеу тірісінде жиі оралып, қаланың қарбалас тірлігінен, бітпейтін жазу-сызудан шаршағанда келіп, жанына сая тауып, дем алып кететін отау соның дәлелі.

Елең еткізгені, үйдің сол жақ қапталында жалғыз ғана ағаш өсіп тұр. Өзі тіп-тік. Көргеннің көзін тартады. Биік әрі жапырақтары да ерекше жайқала біткен. Бұл бізге осы әулеттегілердің бәрінің арқасүйері, панасы болған Ақселеу бейнесінің бір символы сияқтанды…

* * *

Ернар Ақселеуұлы астан соң ер-азаматтарды бөлек үйге алып кеткен. Ақселеу ағаның табанының ізі, қолының табы қалған үйде түнеу бізге бұйырды. «Ақселеу аға мына жерде отырды ма екен», «Мына есік алдындағы ағаш орындықта отырып, не туралы ойлап, не жайында толғанды екен», «осы үйде тұратын туыстарының жағдайына қарап, халқының жағдайын ойлап, осы үйдегі мына жортқан қарадомалақтарға қарап, қазақ жастарының ертеңіне алаңдады ма екен…» Осындай ойлар жетегіне тарта берді.

Ақыры, біз де бір кездері Ақаң жантайып жатқан жастықтардың біріне бас қойдық. Көз ілінгенмен, көңіл тыншымады.

«Ақселеу биігі» асықтырып тұр еді…

Алашқа ортақ тұлға еді

Жаңаарқаның Атасу кентіндегі Мәдениет үйінде 24 тамыз күні «Ақселеу Сейдімбек және көшпелілер мәдениеті» деген тақырыпта үлкен конференция болды.

Бұл күні Алматыдан Ақаңның жақын достарының бірі КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов бастаған делегация келді. Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Берік Шаханов, жазушы-драматург Дулат Исабеков, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, басқа да қонақтар торқалы тойға тілектестік білдірді. Астана, Қарағанды жақтан келгендер де аз болмады. Жазушы-драматург Сұлтан Оразалин, ақын Несіпбек Айтұлы, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, тағы да басқа зиялы қауым өкілдері, Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева секілді билік өкілдері де жиналды. Ақаңның жары Орал апа мен қыздары – Салтанат, Перизат, Зере және немерелері де осы күні залдан табылды.

Ақселеу Сейдімбектің жеке қорындағы құнды құжаттар мен жазған кітаптары негізінде әзірленген көрмені тамашалағаннан кейін қонақтар конференцияға кірген. Белгілі ақын Аманжол Әлтаев жүргізген жиын үстінде көпшілік қауым мүйізі қарағайдай атақты тұлғалардың Ақселеу туралы пікірін, жылы лебіздерін тыңдауға мүмкіндік алды.

* * *

Конференция барысында Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов сөз сөйлеп, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева Астана әкімі, Ақселеу Сейдімбектің рухани інісі, сырлас ізбасары бола білген Иманғали Тасмағамбетовтің жолдау-хатын оқыды. Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің профессоры Берік Рахимов баяндама жасап, басқа да қаламгерлер өздерінің жүрекжарды лебізін білдірді. Күміскөмей әншілер әнін айтып, күйшілер күй төгілдірді.

«Ақселеу биігі»

Бұдан соң бір қаланың тұрғындарындай болған қалың қауым шұбатылған көліктермен Қарауыл төбеге аттанды.

Қарауыл төбе – Ақселеудің жатқан жері. Атасу кентінен үш шақырым ғана қашықта екен.

Сар даланы сарқылмас рухқа бөлеп анадайдан бір кесене көрінді. Ақселеудің зираты. Кең жазықтың қақ ортасына қонған дөңестегі биік тас бірден көз тартады. Сұрастыра келе білгеніміз, бұл төбе бұрын «Бәйге төбе» аталған екен. Ақселеу Сейдімбек жерленгелі бері жұрт оны «Ақселеу биігі» атап кеткен.

«Ақселеу биігі».

Қазақ руханиятындағы ұстаз, ұлт құндылықтарының жоқтаушысы, рухани ағартушы болған Ақселеудің болмысындай екен өзі. Ол да мына даланың киесін арттырып, әрлі-берлі өткеннің жолынан жаңылмауына жәрдемдесетін компас ұқсап тұр.

Жиылғандар ислам заңы бойынша не суреті салынбай, не мүсіні орнатылмаған қарапайым ғана зират басына аялдап, Құран оқыды.

Одан соң зираттың ар жағындағы алаңқайға тігілген үйлерді бетке алды…

Жаңаарқаның аспаны жылап тұрды

Ақселеуді жоқтағандай бұл күні Жаңаарқада оқтын-оқтын жауын сіркіреп, аспан мұңайып тұрған.

Соған қарамай жиылған жұрт ақбоз үйлерге кіріп, Ақаңның асынан ауыз тиді. Әр үйде Ақселу рухына бағышталып Құран оқылып, жылы-жылы әңгімелер айтылды.

Палуандар күресі, ат бәйгесі болды. Концерттік бағдарлама қойылды…

Кештетіп қайтадан жолға шықтық. Тағы да кешегі ой бір қылаң берді.

Ақселеу ағамыздың Кеңсайда жатуды көксемей, туған жері Жаңаарқаға жауырын төсеуді өсиет етуі ұлт үшін ұтымды шешім болған екен. Иә, оның себебі енді түсінікті еді.

«Әркімнің туған жері – өзіне Мысыр шәрі». Ақаңның туған жеріне, еліне деген махаббаты шексіз болған. Ол үшін мына байтақ қазақ жерінің бірінен бірінің кемдігі жоқ еді. Кеңсай биігіне жатуды өзіне мұрат тұтпағаны да содан секілді. Кіндік қаны тамған жерге кіндігін мәңгі байлағысы келген сыңайлы. Кім біледі, қазақ рухын ірі қаладан ғана емес, әр аймақтан, еліміздің әр қиырынан шарықтату дұрыс деп санаған шығар…

Солай болса керек. Ақселеу – биік тұлға. Теңдессіз биік.

Әбіш Кекілбаев ағамыздың: «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңы бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кәтепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ақселеудің орнына кім жүре алады. Ешкім жүрмейді. Тек Ақселеудің өзі жүре алады» дегені де сондықтан.

Ал, «Ақселеу биігі» бүгін Арқаның айбынын асырып, даланы қазақ рухына бөлеп тұр…

P.S. Ақселеу биігі бар қазақты биік шыңға, қазақ болып қалуға шақырып тұр.

 

 

Сайын Назарбекұлы, Ақаңның досы:

– Бәрімізге белгілі, Ақаң 2009 жылдың 16 қыркүйегінде қаза болды. Бірақ, соның алдында мен Ақаңа «Сағыныш» атты поэмамды оқуға бергенмін. Қаралы оқиға болып, жұрт саябырси бастағанда Ақаңның қыздары телефон шалды. Үйде маған қатысты бір құжат бар екенін, соның көшірмесін алуымды өтінді. Сөйтсем, Ақаң тура 15 қыркүйек күні менің поэмамды оқып, «Әсерім» деп, өзінің пікірін жазып кетіпті. Онда: «Ел, жер, сағыныш, кие, қасиет, парасат және осының бәріне азаматтық өредегі алаң көңіл… міне, нағыз өнерді дүниеге келтіретін құдіреттер осылар болса керек. Сайын-достың жан-жүрегі осы құдіреттерге лүпілдеп толып тұр. Сол құдіреттер шыншыл сезім, шынайы сурет, шымыр ой болып хатқа түскен. Мен мұны поэма емес, толғау – жан-жүректің толғауы деп едім. Ақиқаты да сол… Ақселеу 15.09.09.» деп қол қойған. Бұл оның соңғы қолтаңбасы болса керек. Сонда өміріндегі ең соңғы қолтаңба, пікірін ол маған қалдырып кеткен екен.

Асанәлі Әшімов, Ақаңның досы:

Өмірде жақсылар көп қой. Бірақ мен тарихымда екіақ адамға тоқтаған адаммын. Оның біреуіШыңғыс Айтматов та, екіншісіАқселеу Сейдімбек. Осы екі адамның адамгершілігі, туа біткен дарыны менің өмір бақи азығым болды. Әлі күнге кейбір мәселе бойынша қиналғанда осы екеуіне тоқталам. «Менің орнымда Шыңғыс болса не істер еді», «Менің орнымда Ақселеу қайтер еді» деп, ойланам. Сөйтіп барып, бір шешім табам.

Қойшығара Салғараұлы, Ақаңның досы:

Ақселеу өлген жоқ. Есімі ел жадында. Еңбегі ұрпақ қолында. Өзі біздің, көзін көрген замандастарының жүрегінде. Оның тәрбиесін көрген, дәрісін тыңдаған жаңа жас ақселеулер өсіп келеді. Тек дақпыртпен далиып жүрген сырты жылтырлардан еліне еңбек етіп, елеулі іс тындырып жүрген ерлерді ажырата білейік. Ерекше қабілетімен жүрген дара тұлғаларымызды кезінде танып, құрметтей білейік, ағайын! Ақселеуге жасалып жатқан бүгінгі құрмет соның басы болғай! Алаштың Ақселеудей азаматтары көп болсын!

Дәулетбай Құрбанбаев, Ақаңның асында бас бәйгені тіккен меценат:

– Алашқа аты шыққан Ақселеу ағамызбен мен 2004 жылдың желтоқсанында Ақтөбе облысы Алға ауданында болатын үлкен бір мешіттің ашылу салтанатына бара жатқанда танысқан едім. Сол сапарда үш-төрт күн бірге жүрдік. Өмірде таппаған туысымды, бауырымды, ұстазымды тапқандай болдым. Содан былай Ақаңнан ажырамауға тырыстым. Ол кісі маған туған ағамнан артық болып кетті. Кейін жөн сұраса білдік, мен Ақаңа нағашы болып келеді екенмін. Туған анасы Кәтеп біздің елден шыққан екен. Оны білгенде Ақаң да «осы күнге дейін нағашы таппай жүр едім» деп, қатты қуанды… Осының бәрі бізді жақындата түсті. Ақаң қайда жүрсе де, мені шақырып алатын. Соның арқасында талай ақын-жазушылармен танысып, дәмдес болдым. Ол күндерді қазір қимастықпен еске алып отырамын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button