Басты ақпарат

Жазушы еңбегі & қолтаңба құбылысы

Жазушы Дүкенбай Досжанның ізденіс-еңбектерінің жемісті-құнарлы екендігін дәлелдейтін мысал-деректер көп-ақ. Бұл тұста көзі қарақты қалың көпшілікке алғашқы әңгімесі 15 жасында жарық көріп, содан бергі кезеңде алыс-жақын елдердің баспа орындарынан шыққан кітаптары – әлемнің 20-дан астам тіліне аударылып, 7.7 млн таралым- мен басылғанынан хабардар. Оның 100-ден астам әңгіме, 20-дан астам хикаят, 10-нан астам роман, көптеген мақала, естелік-эссе, сұхбаттар легі көп жайды аңғартса керек.

Бұған қоса жазу бөлмесінен орын алған 10 мыңнан астам кейіпкерлер жүйесіне, олардың тағдыр- талайына қатысты картотека, елімізден тыс жерлерде – Қазан, Мәскеу, Тәшкен, Омбы архивтерінен алынған сирек қолжазба мен әр алуан дерек көздері жазушының көркем hәм тарихи туындыларына негіз болып келе жатыр. Бұдан басқа, М.Әуезовтің абақтыдағы түсініктемесі, А.Байтұрсыновтың қызы Кәтезге жазған хаты, М.Дулатовтың ≪Келешек ұрпаққа хат≫ атты жазбасының толық нұсқасы, Б.Момышұлының, І.Есенберлиннің, Ө.Тұрманжановтың, Ә.Тәжібаевтың, З.Қалауованың т.б. өлең, хат, суреттері Д.Досжанның Қағаз бен Қаламның

құдірет-киесіне, қасиет-сипатына, нәрлі сырына жоғары жауапкершілікпен қарайтынын терең танытады

Әдебиетші-зерттеушілер Д.Досжанның шығармашылығын үш арна-салаға бөліп, бағалайды. Көне ғасыр қойнауынан сыр тартқан ≪Жібек жолы≫, ≪Отырар≫, ≪Фараби≫ тарихи кітаптарын атап өтуге болады. Екіншіден, бодандық дәуірдің суретін танытатын ≪Зауал≫, ≪Дария≫, ≪Табалдырығыңа табын≫, ≪Жолбарыстың сүрлеуі≫ және ≪Кісі ақысы≫ кітаптарының жөні бөлек. Ал, ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сомдаған сериялы еңбектер ≪Мұхтар жолы≫, ≪Абай айнасы≫, ≪Алыптың азабы≫ сынды кітаптары бір шоғыр.

Д.Досжан туындыларында өмір оқиғаларының шындыққа негізделіп, кейіпкерлер жүйесінен тарих пен қазіргі кезеңнің маңызды мәселелері айқын аңғарылып, оның өзі нәзік лиризм, сыр-сезім, ой ағыны, келісті ырғақ арқылы кең өріс алады.

Қазақ әдебиетінің дәстүрлі жанрларының дамуына, оның алыс-жақынға танылуына көрнекті қаламгер Дүкенбай Досжан тақырыптық һәм көркемдік ерекшелітерімен де сүбелі үлес қосты. Атап айтқанда, шағын және үлкен жанрлар табиғатындағы ізденіс арналары мен көркемдік мұраттарында бірлік-байланыс пен сабақтастық бары байқалады.

Қоғамның басты байлығы – адам әлемі мен еңбегін, тұрмыс-тіршіліктерін, өмір-уақыт шындықтарын қабылдау мен қорытудағы көркемдік амал-тәсілдерінде авторлық ұстаным мен қалыптасқан қолтаңба терең танылады.

Өмір оқиғаларын, уақыт тынысын, тұрмыс-тіршілік көріністерін алуан бояу, бедерлі нақыштармен нанымды бейнелейді. Ой мен сөздің бірлігін сақтап, сырлы әлемнің құпиясына еркін енеді. Қаһарманның рухани әлемін ашу ісінде – арғы-бергі тарихтың терең да тылсым қойнауларына қадам жасайды. Танымал тұлғалардың, білімпаз оқымыстылардың мұра- мирастарына ден қояды. Реализм табиғатына, көркемдік таным арналарына, магиялық реализмге, максималистік ұстанымға, ой-сана ағымына, пәлсапалық-ғұмырнамалық баянға, бояу-нақышқа, сөз суретіне барынша бейіл танытады. Тілді қолдану мен құбылтудағы мол мүмкіндіктерінен, стильдік құбылыстардың терең, тылсым сыр-сипаттарынан көркемдік көкжиегіне құштарлық пен сүйіспеншілік сезіледі. Нәтижесінде, қалың көптің қызығушылығын туғызып, ойлы оқырмандар қатарын еселеп арттыра түсті. Кітап палатасынан ≪Оқырманы қисапсыз жазушы≫ атты куәлігін алуы, жоғарыдағы айтылған жайттардың дәлел-деректері ретінде алға тартуға әбден болады.

Ақиқатында, Д.Досжан шығармашылығы әр алуан жанр, түрлі тақырыпта кең өріс алып, ондағы басты арна – адам мен оның өмірі, еңбегі мен тұрмыс-тіршілігі, жан әлеміндегі ерекшелік-өзгерістер, тарих пен тағдыр талқысы, уақыт пен кеңістік шеңбері аясында дамып, іргелі ізденіс пен маңызды тақырыптар, өрнекті оқиға мен шынайы шындықтар, өрелі ойлар мен толғам толғаныстар арқылы өзгеше бояу-өрнек, нақыш құрап, көркемдік шеберлік пен шешендікке ұласып, танымдық-тағылымдық сипаттарымен жүйелі жеткізіледі. Бастысы, әрине жазушы еңбегі мен өзіндік өзгешеліктері, ізденіс арналары аңғарылып тұрады. Жазушы еңбегі іргелі ізденістер жемісі, өмір оқиғаларын, тұрмыс- тіршілік тынысын, адам әлемінің иірім-сырларын тереңнен толғап, кемел қозғайтыны көрінеді. Қарапайым көрініс пен кереғар құбылыстарды, адам бойындағы артық-кем тұстарды, күнделікті өмір-тұрмыстағы кедергі-кемшіліктерді асыл сөздің қасиет, бедерімен барынша бейнелі көрсетіп, сыр-сипаттарын сенімді суреттейді. Қаламгерге кезек берсек, мен қалай жазамын деген сауалдар төңірегінде төмендегіше сыр толғайды: ≪…Мен – суретшімін, құралым – сөз, кәсібім – тірі сөзбен суреттеп шығарма жазу. Екінші сөзбен айтсақ: болмысты көркем сөзбен келістіріп, оқырманның көз алдына елестетіп беру. Мысалға, ≪күн батты≫ десек – бұл журналистика, ал, ≪күн шоққа ұстаған сүрдің майындай құм шағылға еріп сіңді≫ десек, бұл – сурет. ≪Алдымыздан тау көрінді≫ десек – журналистика, ал, ≪алдымыздан ақ бас тау иықтасып түрегелді десек – бұл гроза.

… Өз басым бір нәрсені көңілге түйіп жазар кезде – сол нәрсені көз алдыма келтіріп елестетем, солай еткен мезгілде – дүние шіркін дөңгеленіп, сол нәрседен басқасы тарс естен шығып, шырқ айналып кетеді. Ойға алған жайт қана көз алдымнан елес боп кетпей қояды. Жайлап отырып ойды, қиялды үзіп алмай, қаламсапты алып қылқалам сілтеген суретшіге ұқсап ақ қағазға сөзді түсірем, сөйлемді иіп келтірем.

Сөз өз-өзінен құйылып келе береді.

… Ішімдегі тірі сөзді, көркем сөйлемді, қадау-қадау ойларымды жарық дүниеге, сырт әлемге қайтсем де шығаруым керек көрінді. Аян берген сол ойлар! Шығармасам – шерленемін кеп. Мына мен үшін жазушылық кітап жазу, атақ шығару емес. Жер әлемді бояумен бедерлеу, шер тарқату, мысқылдай болса-дағы, кептердің қауырсынындай көрінседағы – өзімнің тапқан шындығымды айту≫ дейді.

Жазушы еңбегіндегі арналы ағыс, шоқтықты шоғыр – әңгімелері екені анық. Әсіресе, ≪Кейінгі кездегі әңгімелер≫ кітап аңдатпасында айтылғанындай: ≪… рентген сәулесі секілді уақыттың адам – ағзасынан өткендегі ізі, адамшылық нұры, жақсылыққа ұмтылуы мен кесапатпен күресі туралы.

Өмір бойы іздену, кемелдену, жетілу жолындағы жазушы ұстанымын алға тартуымен қызық≫. Қаламгердің тіл өрнегі, қолданыс аясы хақында Ә.Кекілбаев ≪… жазушының суретшілігі басым, сөздің ішіне түсіп жазатын қазбагер жазушы≫ деуінен де терең таным, кең толғам, айрықша сыр бар≫ деп жазғаны есімізде.

Қаламгер Д.Досжанның шағын жанрдағы туындылары – өмірдің өзінен өрбіген шындық сырларынан, адам мұраты мен еңбегін, дәстүр өнегелерін, тұрмыс-тіршіліктерін терең таным, іргелі ізденістермен байытқан, көзқарасы мен қолтаңбасынан ой мен сөз жүйесі бірлік құрап, көркемдік көкжиегі, эстетикалық көзқарастары кең өріс, алуандылығымен мәңді болып табылады. Оның үстіне: «…дүниені суретпен көреді, аллегория, шендестіруге жиі жүгінеді. Тіл құнары бай. Көбіне магиялық реализм әдісімен жазады. Кейіпкердің ішкі жан сарайын ашуда – ой ағынына, пәлсапалық түйін түюге, максималистік көзқарасқа басымдықпен қалам тербейді.

Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектерінің тақырып аясы кең.

Тіл бояуы кемпірқосақтай. Символға, қиялға еркін тізгін береді». Асылы, Д.Досжанның өткір ұшталған қаламынан, мол өмір тәжірибесінен өткен тарих пен танымал тұлғалардың тағдыр-талайы, ел-жердің иесі мен киесі, адам еңбегінің қыр-сыры көркем, кестелі өрнек құрайды.

Бұл – өмір өрнегі, өнердің тылсым сырларының бірі. Жазушы еңбегі мен шығармашылық істің бастау бұлағы, қайнар көзі де осы тұстан танылады.

Д.Досжан еңбектерінен шығармашылық ізденіс, жазушы еңбегінің мың сан қыры, қоғамдық құбылыстар мен адам әлемінің мүмкіндіктері, мөлтек сырлар, түйсік-сезім иірімдері алуан көрініс-сипаттарымен есте қалады.

Айталық, «Алаң» романында Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы оның туу себептері мен сол кездегі қоғамдық ахуал, саяси-идеологиялық таным-түсінік – Қазақ халқының арғы-бергі тарихымен телқабыс байланыста баяндалады.

Авторлық көзқарастан, шығармашылық еңбек пен ондағы таным-түсінік, түйсік-сезім сырларынан қоғамдағы, өмір-тұрмыстағы барша көрініс-құбылыстар – Алаң арқылы өтеді. Алаң символикалық сипат ала отырып, саяси-пәлсафалық көзқарастарды, адамзаттық маңызы бар – Адамгершілік пен аярлықты, Ақиқат пен жалғанды, Ізгілік пен қатыгездікті өзара салмақтап, саралайды. Байыпты байлам-түйін жасап, ара-жігін ашады. Адамзат дамуындағы, ұлт тарихындағы ақтаңдақтардың қыр-сыры да осында екенін автор алуан ізденіс, көркемдік таным арналары арқылы ашады. Қысқасы, «Алаң» романы – ұлт мұратын айқындаған, қоғамдық- кезеңдік көріністер мен саяси- ахуалды байыпты саралаған, сол арқылы Адам әлемін айқара ашқан парасатты, сындарлы туынды. Д.Досжанның «Алыптың азабы» атты кітабы «Роман осылай басталды» «Роман осылай аяқталды» деген кіріспе, қорытындыдан тұрады. Автор роман кіріспесінде М.Әуезовтің «Абай» атты екі кітабын оқығаннан кейінгі әсерін (1955 ж): «… Қазақ тіршілігінің, әкелер, аталар өмірінің енді бұдан былай айналып келмес әдемі әуенін, бояу белгілерін іздегендей жат жұртқа ұзатылған қыздың төркінін қимай сыңсып бір жылағанын естігендей, қарасөздің тосын ырғағын, дәмін, нәрін әсерін тұщына түсіп тамсана ұзақ жатыппын». …Ең ғанибеті, Әуезов рухы өзімді өмірге ғашық етті, тіршілік сапарында шаршасам, қажысам, қиналсам – бойыма тың, жігер, қажыр құятын қасиетті киеге айналды» деп жазады (8 бет). Бұдан кейінгі жерде автордың – «Әуезовпен ауруы жиіледі» (Д.Досжан сөзі – Р.Т.). Нәтижесінде: бір роман, бір хикаят және әңгіме жазады. «Алыптың азабында» қазақ зиялыларының зұлматқа ұшыраған тұстағы тағдыр-талайы, соның ішінде М.Әуезовтің істі болу тарихы, ОГПУ, НКВД тергеушілеріне берген арыз, түсініктеме, хаттамалары, көптеген құпия құжаттар нақты, жүйелі беріледі. Автор сөзімен айтсақ: «Бұл кітап – алғашқы үш шығармаға мүлде ұқсамайды.

Мұнда авторлық толғаныс, қиял, сезім, ой ағымына тізгін беруден гөрі, дерекшілдік басым».

Құжаттардан құралған романда – М.Әуезовтің ел-жер қадірін терең түсінетіні, білім-ғылым ісіне жан-тәнімен құштарлығы, шығармашылық еңбекке деген тазалығы мен тиянақтылығы, өмір-уақытқа көзқарасы, дүниетаным иірімдері кеңінен орын алған. Әсіресе, жазушының тұтқындалған кезінде куә болған академик Ш.Шөкіұлы естелігі (27 бет), М.Әуезовтің айыптау ісіне байланысты мәлімдемесі (39 бет), түрлі арыз-шағымдар, Алаш партиясы мен оның көсемдеріне қатысты көзқарастары,

«Әдебиет тарихы» оқулығына байланысты сұрақтарға – адами, халықтық сипат беруі, «Қилы заман», «Сұғанақ сұр» повестерінде төңкерісшіл әсер байқалмайтыны турасындағы оңды жауаптары, Мәскеу, Ташкен кезеңіндегі ұлттық-рухани бағыттағы ізденіс-еңбектері т.т. нақтылық, деректік қырларымен ерекшеленеді. Автор бұл тұстарда қоғамдық- кезеңдік көріністерді, саяси-идеологиялық ахуалды теріп- тізбей-ақ өмір-уақыт ұсынған сұрақтарға тергеу ісінің құпия құжаттарын алға тарту арқылы әсерлі, нанымды жауаптар береді. Қайсібір тұстарына түсінік-талдау да жасайды. Сол арқылы қатал уақыт ағымын, саясат пен парасат ара-жігін айқын аңғартады.

Біздіңше, «Алыптың азабы» – М.Әуезовтің қилы тағдыры мен өмірдің қым-қуыт іздерін кең көлемде көрсету арқылы дәуір-кезең көріністерін, ұлт мұраты мен оның зиялы қауым өкілдерінің тағдыр-талайын тереңнен толғаған тағылымды туындылар қатарына жатады.

Романда М.Әуезовтің «Абай» журналын шығарушылардың бірі болуы, Академиядағы Абайдың әдеби мұраларына қатысты талқылауға қатысуы, алғашқы жары – Райхан мен одан кейінгі – Кәмила жөніндегі сыр-сұхбаттар, Оңтүстік өлкесіне сапарлары (1957, 1960 ж.ж.), ұстаз-ғалым Б.Кенжебаевпен қиын-қыстау кезеңде кездесіп, үндес-тілеулес қарым-қатынастағы байланыстары, Н.Гогольдің «Ревизор» драмасын ұлт тілінде сөйлетуі т.т. деректік сипатымен бірге көркемдік-

шеберлік астарларымен де ден қойғызады. Автор бұл тақырып-мәселелердің қайсыбірін баяндаған тұстарда кезең-уақыт тынысына, әкімшіл-әміршіл жүйенің бағыт-нысанасына, ең негізгісі М.Әуезовтің ұлт руханиятына қосқан үлес-салмағына айрықша мән береді. Мұның бәрінен де М.Әуезовтің ұлт мұраты жолында көзқарасы айқын, руханият әлеміне айтып-қосары бар, қайсыбір істе де еркін, жігерлі, табанды тұлға екендігі танылады. Бұдан байқалатыны, М.Әуезовтің адами әлемі мен талайлы тағдыры, көзқарас эволюциясы кезең-уақыт шындықтарын тамыршыдай тап басып көрсетеді. Автор Әуезов әлемін әр қырынан ашып, адами сапасына көп көңіл бөледі. Жазушы еңбегі мен шығармашылық қырларына айрықша мән береді. Ұлттық тұлға

табиғатын кеңінен көрсетеді. Романның рухани байлықтарының бірі осы.

Жазушы еңбектері арасында жас ұрпақ-балаларға арналған «Отрар», «Түркістан», «Ардак – сын табунщика», «Мальчик – Жокей» кітаптарының орын- үлесі үлкен. Бұл ақын М.Шаханов атап көрсеткеніндей: «Адам жыл өткен сайын өзінің ескі арнасына жақындай түседі екен. Дүкенбай туралы ойласам: алпысыншы жылдардың басындағы тарихи повестері – «Отрар», «Фараби» еске түседі, ол маған тарихи тақырыптың пионері болып, ескі арнаны анық елестетеді».

Жазушы шығармашылығында бұған мысал-деректер көп-ақ. Айталық, «Отрар» кітапшасында: Отрар тарихы мен тағдыры, ондағы ойшыл-білімпаздар – Арыстанбаб, әл-Фараби, Қ.А.Ясауи т.б. өмірі мен кезеңі, қызметі, сол секілді Сайрамдағы Әбділәзіз баб, Ысқақ баб ескерткіштері, Отрар атын асқақтатқан әйгілі кітапхананың қыр-сыры т.т. алуан дерек-дәйекпен, көркем бояу-бедерлермен беріледі.

Бұдан басқа, атап айтқанда, Отрардағы қыштан салынған тасболат тамдар, керуен қақпалары, қолөнер кәсібіне қатысты көзқарас-деректер де нанымды әрі жеңіл, жүйелі өріс алады.

Қазақ даласын, Отрарды жаулап алу мақсатын көздеген – Шыңғысхан саясаты да балалардың таным-түсінігіне сай сөз етіледі. Бұл тұста адалдық пен әділетсіздік, күшті мен әлсіз, шындық пен жалғандық жайлы көрқарас-деректер де жас ұрпақты ақиқат ауылына бастап, достық пен жастықты, бірлік-ынтымақты, татулық-тұтастықты дәріптейді.

Бұл ретте: «Отрар – қазақ халқының ең көне қалаларының бірі.

Ежелде Отрар қаласының орнында Фараб немесе Бәрәб атты үлкен қоныс болған. «Бәрәб» – ежелгі түркі сөзі. Ол «сулы қоныс» деген мағынаны білдіреді, себебі шаһар Арыс пен Сырдария өзендерінің қосылған тұсында орналасқан.

Ежелгі Отрар немесе Фараб қаласының орны Оңтүстік Қазақстан облысының түстік батысында, темір жол бойында болған» (2 бет), немесе: «Арыстанбаб – Отрар жеріне алғаш келген білімпаздардың бірі. Ол туралы жазылған нақтылай деректер жоқ. Әйтсе де, «Арыстанбаб – әрі ақын, әрі жұлдызға қарап адам тағдырын болжайтын көріпкел… Жылына бір мәрте Меккеге барып, әулие әмбиелерге мінажат қылған», – деген деректі оқимыз. Арыстанбаб – Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, Баба атада жатқан Ысқақ бабтың замандасы, әулие болған адам» (3 бет) деген үзік ойлардан киелі орын, қасиетті мекен мен тұғырлы тұлғалардың еңбек-мұраларын, бағыт көзқарастарын, дәстүр-өнегелерін терең тани түсеміз.

Жазушы еңбегі мен көзқарас мұраттарынан, қолтаңба құбылысына қатысты мәнерлерден алуан ізденіс арналары, әртүрлі, қилы тағдырлы адамдардың бейнелері, ой-сөз жүйесінің біртұтас сипаты, анық-қанық бояу бедерлері, көркемдік өрнектердің өрісті өлкесі, қысқасы, әсемдік әлемінің нәрлі де сырлы, шетсіз де шексіз көкжиегі шынайы шындықтарымен көңілді баурап алады. Қаламгер қолтаңбасынан кеңінен көрінетініндей, қоғамдық құбылыстар, кезең көріністері, өмір өрнектері, адам әлемі мен еңбегінің қыр-сырлары да назар аудартып, ондағы оқиға өрімі, кейіпкер әрекеті, қилы қимыл, тартыс табиғаты, кедергі-кемшіліктердің астарлы-қатпарлы құбылыстары шындық сырларымен, шеберлік сипаттарымен жан-жүрекке жылы әсер етеді. Мұның бәрі, сөз жоқ Д.Досжанның жазушылық жолдағы өмірге құштарлығы, өнерге сүйіспеншілігі, ар ісіне адалдығы мен қалам құдіретіндегі құбылыстарды жіті танып, жауапкершілік пен жанкештілікті терең сезінгенін анық аңғартады.

РақымжанТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button