ЖаңалықтарҚала мен Сала

Ұлық пен мүлік

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасына сәйкес қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқан мүлікті заңдастыру акциясы болжалды межеден асып түсетін түрі бар.

014

Мүлкін ті­зім­детушілер көбейді

Экономикалық зерттеулер институты сарапшылары елімізде осымен үшінші рет өткізіліп отырған заңдастыру науқанында 2,2 трлн теңге көлеміндегі мүлік жария етіледі деп жорамал жасаған. Алайда, бүгінге дейін бұл көрсеткіш 2,3 трл теңгеге жуықтап отыр. Ал науқанның аяқталуына әлі 4 айдан астам уақыт бар.
Ресми органдардың мәлі­метіне сүйенсек, әсіресе соңғы уақыттарда еліміздің барлық өңірінде өтініш берушілердің саны күрт өсіп, көлеңкедегі қаржысын жарыққа шығарып, қол астындағы мүлкін ті­зім­детушілердің қатары көбейген. 26 тамызға дейінгі есеп бойынша, Мемлекеттік кірістер органдары мен Мү­лік­ті заң­дас­тыру жөніндегі комис­сияға барлығы 2,5 трлн тенге сомасында 104 579 өтініш келіп түс­кен. Бұлардың 101 482-сі ел аумағында тір­келген мүліктерге қатыс­ты болса, 124-і шет елде тіркел­ген нысандар. «Бүгінде бұлардың 98 мыңға жуығы заңды түрде тіркеуге алынды. Ақша, баға­лы қағаз – барлығын қос­қанда, 2,2 трл теңгеден астам қаржы заңдастырылды. Оның 1,4 млрд теңгесі – мүлік есебі­нен. Қалғаны қолма-қол ақша және құнды қағаздар» дейді Қаржы министрлігінің мамандары.

Алматы ауданы алда

Елорда тұрғындары да бұл шарадан қалыс қалмай, көлеңкедегі қаржысын жа­рық­қа шығарып, қол астындағы мүлкін тізімдетіп жатыр. Астана қаласы Қаржы басқармасының дерегіне қарағанда, 28 тамыздан бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдар жанындағы Мүлік­ті заңдастыру жөнін­дегі комиссияға жалпы сомасы 97 млрд теңгеге баға­ланатын барлығы 7 632 өтініш келіп түскен. Келіп түскен өтініштер жағынан, әдет­тегідей, Алматы ауданы алда келеді. Мүлікті жария ету науқаны басталғалы бері осы ауданда жалпы сомасы 52,9 млрд теңгені құрайтын 3 588 өтініш келіп түскен. Ал, Есіл ауданының әкімдігіне 27,2 млрд теңгенің 1 250 өтініші жолданса, Сарыарқа аудан­дық комиссиясы да 17 млрд теңгенің 2 794 өтінішін қарап үлгерген.
Арнайы комиссияның шешімімен тұрғын жайлар мен коммерциялық нысандарды қосқанда, жалпы сомасы 96,6 млрд теңгені құрайтын 19 827 нысанға қатысты өтініш қаралған. Бұл өтініштердің 3169-ы қанағаттандырылып, 33,4 млрд теңгенің 6 943 нысаны заңдастырылды.
Сондай-ақ, мүлікті заңдас­тыру науқаны бастау алғалы бері қаржыны жария ету бойынша 437,6 млрд теңге сомасына 317 арнайы декларация тапсырылған. Тағы 8 млн 110 мың теңгенің құнды қағаздары жария етілді.

Шығыны – аз, пайдасы – мол

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Сәуле Баймағам­бетованың айтуынша, бұл жолғы науқан өзінің тиімділігімен ерекшеленіп отыр. Яғни, ел азаматтары мүлікті аз уақыттың ішінде басы артық материалдық шығынсыз заңдастырып алуына барынша мүмкіндік жасалған. «Ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі және басқа адамның атына рәсімделген мүлік пен ел аумағынан тыс орналасқан мүліктерді заңдастырып алуға мүмкіндік беріп отырған бұл шараның артықшылығы өте көп. Атап айтқанда, жария ету процедурасы бұрын тіркелмеген мүлікті мемлекеттік кірістер органдарына декларациялар беру арқылы жеңілдетілген тәртіпте тіркеуге мүмкіндік береді. Заңдастырылған мүлік пен ақша салық алу мақсатында кіріс болып есептелмегендіктен табыс салығы салынбайды. Тек Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлікті жария ету үшін 10 пайыздық алым алынады. Қаржыны екі тәсілмен заңдастыруға болады. Ақша қаражатты банк шоттары арқылы рәсімдей аласыз. Бұл қаражатты азаматтар қалауынша бизнеске, жылжымайтын мүлік сатып алу секілді операцияларға жұмсай алады. Бұл жағдайда ақшаның 10 пайызы алым ретінде алынады. Сонымен қатар, шетелде немесе қолма-қол айналымдағы ақшаны банк шоттарында көрсетпей, өтініш жазу арқылы жария етуге болады. Бұл ретте бюджетке 10 пайыздық алым төленеді. Ең дұрысы, ақша қаражатынан басқа мүлікті жергілікті атқарушы органның жанындағы комиссияға өтініш беру және тиісті құжаттарды беру арқылы заңдастыруға болады. Бұл ретте алым алынбайды. Тек мүлікті заңдастырған адам оны тіркеу, соның ішінде құжаттарды дайындау мен жасау бойынша шығындарын төлейді» дейді Астана қаласы бойын­ша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Сәуле Баймағамбетова.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button