Басты ақпаратМәдениет

ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫҢ «АЛТЫН ОРФЕЙІ»

Биыл Әзербайжанның және КСРО Халық артисі, Одақ тұсындағы опера және эстрада тарланбозы, бас-баритон үнді әнші, актер, композитор, музыкант Мүсілім Магомаевтың туғанына 70 жыл толды. Репертуарындағы алты жүзден астам әннің әрқайсысы сахнадан айтылып, эфирден таралған күннің ертесіне-ақ елдің аузында, әнші көптің алақанында болды. Жиырмасыншы ғасырдың ортасы ауа, жиырма жасар Мүсілім Мәскеудің сахнасын анда-санда ғана бір бүлк еткізіп, мүлгіп тұрған эстрада жанрын жанартаудай жарып, жай түскендей жасын ойнатты. Жарқ етіп майданға шыға келгенінде тұяғы қызған тұлпардай, сүйемелдеуші оркестрді дирижерімен қоса үйіріп әкететін. Ол – әннің өзін де, сөзін де ойнатудың хас шебері. Қанында құйын көтерілген күміс көмей, жезтаңдай дарын дәуірдің эстрадасын академиялық деңгейге көтеріп, ән мен әншінің қадірін асқақтатып еді…

 Мүсілім Магомаев 1942 жылы тамыздың 17-сінде Бакуде дүниеге келді. Туасы кәсіби өнер әулетінен. Атасы (Абдул-)Муслим Магомаев – композитор. Сәбидің есімін атасының құрметіне Муслим деп қойды. Бакудегі Мемлекеттік филармония сол кісінің атында. Әкесі – Магомет Магомаев театр суретшісі. Анасы Айшет Магомаева (Кинж а л о в а ) – драма актері.

Күйеуі соғыста мерт болған соң, Айшет біржолата өнер жолына түсіп , Тверь облысындағы Вышний Волочек қаласына кетті. Бала Магометтің туған ағасы Джамал мен оның жары поляк қызы Марияның қолында өсті. Джамал Әзербайжан үкіметінде лауазымды қызмет атқарды. Зиялылар отбасы  классикалық әндер күйтабағын көптеп жинаған. Бесіктен белі шықпай жатып белді әншілерді тыңдап өскен, тегі тегін емес бұл бала бес жасында күйсандықта күй шалып, музыка жазды. Ет пен терінің арасындағы желік емес екен, сол саз кейін «Соловьиный час» деген ән болып қайта түрленді. Өмірі де, серті де музыка болатынын білген үлкендер баланы Баку консерваториясы жанындағы фортепиано және композиция класына берді.

Бірақ, бұл мектепте вокал бөлімі болмағандықтан, ол 1956 жылы Асаф Зейналлы атындағы музыка мектебіне ауысты. 1962 жылғы Мәскеудегі Әзербайжан декадасында ән салған Мүсілім Магометоглы «Севиль шаштаразында» Фигароның партиясын құбылта шырқағанда зал дүр сілкінді. Солайша, 1962 жылы наурыздың 30-ы күні Әзербайжанның Мәскеудегі өнер фестивалінің Кремльдің Съездер сарайында өткен қорытынды концертінде Фигароны әуелеткен жиырма жасар Мүсілім Магомаев сахнаға сан қырлы саңлақтың келгенін паш етті.

1963 жылы қарашаның 10-ында Чайковский атындағы залда жеке концерті болды. Көзкөргендердің айтуынша, Мәскеуде бұрын-соңды ондай аншлаг болмапты. Сахнада шамды сөндіріп, рояльды әкетсе де, 1,5 мың адам тарқамай, тоқтаусыз қол соғып, Мүсілімнен тағы да ән сұрап, кетпей тұрып алды. Көпке қарсы келе алмаған Залдың әкімшілігі амалсыз рұқсат еткен. Міне, Мүсілімнің сол кезден бастап жанған жұлдызы жарқырай берді, жарқырай берді. «Голубой огонектің» Мүсілімсіз мәні болмайтын болды. Кеңес кезінде көп әншінің түсіне кірмеген «Ла Скалаға» 1964 жылы тәжірибеден өтуге шақырылды.

«Ла Скала» – бала күннен бергі арманы еді. Кереуетінің бас жағына театрдың түрлі-түсті суретін іліп қоятын. Сонда он екі-ақ жаста… Париждегі «Олимпия» залы Мүсілімге тәнті болған көрерменнің шапалағынан тігісінен сөгілердей болды. «Олимпияның» директоры Брюно Кокатрикс Магомаевқа «бізбен бір жылға келісім-шартқа отырсаң, әлемге танымал етеміз» деді. Бірақ, ертеңін һәм елін ойлаған Мүсілім елп еткен жоқ. Сүзілген арғымақтай сұлу жігіт сахнаға ойнақтай басып шыға келгенде қыз-келіншек атаулының басы айналып қалатын. «Ал, махаббат есуас», қыздар ізін аңдып, адасты. Сол кезде ол он сегіз жасында үйленген әйелінен туған Марина деген кішкентай қызы бар сақа жігіт. Бірақ, оған қарап жатқан олар жоқ. Айтпақшы, Алла Пугачева Мүсілімнің 65 жасқа келген мерейтойында, жанында Филипі бар, көптің көзінше, «…мен сіздің талантыңызға ынтызар болғаным сонша, газды су автоматынан сіз су ішкен қырлы стаканды үйге апарып сақтап қойғанмын» дегені бар. Ал, әншінің тіршілігінде НТВ түсірген «Живая легенда» деректі фильмінде А. Пугачева тілшіге «… менің бір құрбым Эрмитаж аралап жүріп, газды су автоматынан Мүсілімнің су ішкенін көріп қалып, автоматты аймалап, ол су ішкен қырлы стаканды ақыры, жымқырып кетті» деп қарап отыр…

Магомаевтың ашық, кең тынысты зор даусы баритонға лайықты әндерден асып, бас-баритон деңгейіне шырқады. Бас-баритон орыстың «Вдоль по Питерской» атты халық әнін жаңғыртты. Оған дейін Федор Шаляпиннен басқаға бағынып көрмеген бұл ән Мүсілімнің көмейіне бек қонды. Шарль Франсуа Гуноның «Фауст» операсындағы Мефистофельдің шумақ-шумақ өлеңі, негізі, бас үнді әншіге лайық. Мүсілім осы партияны алаулата орындағанда опера тыңдарманының жүрегін жұлып ала жаздады.Қоңыраудай күмбірлеген үні сопраноға ауысқанда Фигароны, Алябьевтің «Бұлбұлы» мен Федор Раззаковтың «Карменін» автордың өзі танымастай құбылтты!

Мүсілім Магомаевтың әзербайжанның да, орыстың да, немістің де, француз және италиян тілдерінде мүлтіксіз шырқай алатыны елді таң- тамаша қалдырды. «Бұл не деген ғажап дауыс? Бұл ненің құдіреті?»

Ақиқатында, Жаратқан Мүсілімге түркі текті шығыс жұртына ғана тән өр үн, жалын дауыс пен салқар кеңдікті қатар сыйдырған. Мұны кеңес музыкатанушылары мен өнертанушылардың іші білді. Бірақ, ашып айтқан емес. Әйтпесе, Кавказ бен Орта Азия аймағы ұл-қыздарының таланты тас жарса да, тіс жармауға пейіл бірмойын идеологтар Мүсілім Магомаевқа 31 жасында КСРО Халық артисі атағы берілгенде де, беріде де «осы даңққа ие болған ең жас артист» деумен келеді. Ал, олар мұсылман жұртында Мүсілімнен тұп-тура 35 жыл бұрын, 1936 жылы қазақ әншісі Күләш Байсейітованың бар-жоғы 24 жасында КСРО атағын алғанын, кеңес дәуірі кетілгенше Күләштан жас КСРО Халық артисі болмағанын білсе де, білмеген болады…

Кавказ нәсілдіні тек грузин деп білетін мәскеуліктер «анасы – италиян, әкесі – испан» деп жүргенде, әзербайжан ұлтының даңқын аз күнде әлемге жайды. Ол туралы он шақты фильм түсірілді. Өзі де киноға түсті.

Шығыс шайыры туралы қойылған «Низами» фильмінде басты рольде ойнады. Шығыс демекші, 29 жастағы Мүсілімді Иран шахы қонаққа шақырды. «Жан тартпаса, қан тартады», ханымы әзербайжан қызы екен…

Сол жолы шах әншіге қалыңдығы кереқарыс конверт ұсынды. «Мен меймандықта ақша алмаймын» деп бас тартқанын естіген кеңес шенеуніктері жарыла жаздап жазғырды. Есесіне, Бакудегілер «Ақшаға алданбаған азаматсың» деді. Не керек, әзербайжанның «тусаң, ту» ұлы туған елінің даңқын әнімен де, әдебімен де асырды… Ол Жер шарының ең ірі шаһарларын шарлап ән шырқады. Бірақ, ешбірін Бакуге

тең көрген емес һәм әзербайжаннан артық ел бар деп білген емес. Оның «Азербайжан» және «Прощай, Баку» әндері туған елінің туына адалдығын аңдатты.

Ол комсомолға да, компартияға да мүше болмаған. Буржуазиялық стиль саналатын «көбелек-галстукті» өзгеге тағуға рұқсат етпегенде, Мүсілімге келгенде қарсы бола алмайтын.

Әншіні Е.Фурцева қатты жақсы көрді. Есесіне, оның орынбасарлары Мүсілім десе, мұрындарын тыржитып, мұның концертте опера мен эстраданы араластырып жүргенін бетіне басқанда Фурцева «нелерің бар? Баланың өнеріне қоғадай жапырылып жатқан жұртты қайда қоясың?» деген. Кеңестік идеологияның құрсауында жүріп танылған таланттың қай-қайсысы да саясатты, саясаттың серкелерін шығармасына қоспауы еш мүмкін емес-ті.

Бұл ноқтаға Мүсілімнің маңдайы кереқарыс ғазиз басы сыймады. «Мен әніме партия-совет басшыларының есімін ешқашан қосқан емеспін» деген. Тіпті, бір жолы өзі аса құрмет тұтатын Гейдар Әлиев шақырып, Брежнев туралы ән айтуың керек дегенде, Р.Рождественский сөзін жазған әнді жалқыға емес, еліне махаббаты ретінде жалпыға арнап шырқады. Брежнев «Белла Чао»-сын беріле тыңдапты ғой. Ол «Менің ең сүйікті екі әншім бар. Олар – Людмила Зыкина және Мүсілім Магомаев» дегенде де елп еткен жоқ. Мүсілімнің эстрадалық әндерінің әсерлілігі сонша, Бас хатшы Брежневтен бастап, барша басшы-қосшы, оның ішінде «қырағылардың қыраны» (басы жұмыр пенде емес пе) Андропов та ұнатқан. Бір жолы өзі оны жазықсыз жазалы болған жерінен маңдайын жарқыратып алып шықты.

Р.Рождественский Мүсілімнің сахнадағы өнеріне ғана емес, өмірдегі серігіне кездесуге сеп болған. Ол 1972 жылы Бакудегі орыс мәдениеті күндерінде концерттегі үзіліс кезінде Тамара Синявская мен Мүсілімді жүздестірді. «Мүсілім» деп қолын ұсынғанда Үлкен театрдың танымал әншісі «Атақты адамның атын айтып танысқаны қызық екен, сізді кім білмейді!» деп күлімсірегенінде ғашық болып қалды. Ол кезде Тамара 29 жаста, күйеуі алақанында аялаған келіншек еді. Бұл сол кезде соқа басты Мүсілімге оңай тиген жоқ. Бірақ, жүрекке әмір жүрмейді. Екі оттың ортасында қалған Тамара «бәлкім, көзден кетсем, көңілінен кетермін» деп, Италияға аттанды. Жоқ, Мүсілім күн сайын телефон шалып, ән салып береді. А. Пахмутованың «Мелодия»-сы туды. «Ты – моя мелодия, я – твой преданный Орфей…».

Ақыры, екеуі қосылып, 1974 жылы қарашаның 24-інде үйлену тойын жасады. Той өтіп жатқан мейрамхананың жанына 300-дей адам жиналып, Мүсілімнен ән сұрады. Жаңа үйленіп жатқан күйеу жігіт көптің көңілін қалдырмай, жарты сағат ән шырқады. Қарашаның қарлы суығы қойсын ба, бронхиттен арыла алмай үш ай жүрді. «Болар елдің баласын» елінің басшысы Гейдар Әлиев Бакуге шақырып, өз саяжайында тойын тағы жасап берді. Айтпақшы, Мүсілімнің 60 жасқа толу мерейтойында Г.Әлиев Бакуге деген құрметін айта келіп, «Сен Тамара екеуің бір Москвада қанша жыл жүріп табыса алмағанда, бақыттарыңды Бакуге келіп жандырдыңдар» дегені бар.

… Мүсілім Магомаев сол кезде әнші атаулының үш ұйықтаса, түсіне кірмеген еңбекақы алды. 130 күндік өнер сапарында 140 концерт қойған әнші аз жалақы алмаса керек. Оны қойғанда 30-40 мың адамдық стадиондағы концерттері бірнеше жүз мыңдап ақша түсірді. Ол тіпті бір өзі емес, бірталай ұжымның бірнеше айда таба алмаған ақшасын аз күнгі концертінде тауып берді. Дон казактарының ансамблі партияның кезекті съезіндегі концертке костюм тіктіруге ақша таба алмай, Мүсілімді көмекке шақырды. Сол жолы бір емес, үш концерт қойып, кесімді 200 сомның орнына 600 сом тауып, оларды қарық қылғаны не керек, өзі істі бола жаздады. Ақыры Андропов араласып, Әзербайжанға қайтарылған жерінен Москваға оралтты. Ол ақшаны күреп тапты. Бірақ, жалғыз жеген жоқ. Күн сайын дастарқан жайып, тапқанын достарына шашты. Нағыз Атымтай жомарт! «Менің көмейім тұнған қазына, дәулет» дейтін ол. Расында, егер ақшасын шып-шырғасын шығармай, мемлекетке өткізсе, Бакудің мұнай кеніштерінен кем пайда бермес еді. Бірақ, соншама табысты бола жүрсе де, бір жолы сәнді күртеге қол пұлы жетпей, қамығыпты. Кемін толтырған досына риза болып, Германиядан алып келген, сол кезде кез келгеннің қолына түспейтін магнитофонды құшақтатып қоя берген.

Елге сонша пайда әкелсе де, білуімізше, Мәскеуде тұрған кезінде зейнетақы алмаса керек. Бірақ, елінің ең сүйікті ұлына және оның жары Тамара Синявскаяға Әзербайжан арнайы зейнетақы тағайындады. Ол – Әзербайжаның даңқын көтергені үшін тағайындалған өмірлік сыйақы еді…

Әнші өз қадірін кетірген жоқ. Жасы келіп, жарты ғасырдан асқан соң сахнаға шығуды доғарды. Қаншама адам қаншама өтініш айтты. «Жоқ, «Жаратқан әр әншіге лайық дауыс пен сол дауыстың игілік мерзімін тағайындаған. Одан аттамау керек. Әлі де бір әншідей даусым бар. Бірақ, ақсақал жасына жеткенде қадірімді қашырмаймын. Он сегіздегі ойнақтаған ботадай бозбаламен жағаласу жараспайды. Әрі мен осы күнге қарағанда жас күнімдегі даусым өзіме қатты ұнайды. Мені құрметтеген елді мен де қадірлеуім керек. Елдің құлағын сарсылтқым келмейді» деді.

Әкеден жұққан суретшілікпен айналысты. Ғаламторда жеке парақ ашып, өзін іздегендермен интернет арқылы тілдесіп отырды. Жазған кітаптарын, өзі қатысқан, өзі туралы түсірілген деректі һәм көркем фильмдерді интернетке қойып, өзі ән жазған қойылымдарды назарға тартты. Өзінің ғана емес, өзі құрмет тұтқан әншілердің де шығармаларын жеке сайтына орналастырды.

Беделіне бәс тікпеген бекзат әнші уәдесін өмірінің ақырына дейін бұзған жоқ. Көп жылғы қадіріне қылау түсірмеген қалпы, 2008 жылғы қазанның 25-і күні 67-ге қараған жасында дүние салды. «Ажал ешқашан кешікпейді» дейді ислам білгірлері.

Бірақ, дәрігердің айтуына қарағанда, «егер жастайынан тартқан темекіден арылғанда әлі он бес жыл өмір сүрер еді». Әншінің дүниеден көшкені көпке қатты батты. Тіпті, «Көз жасқа сенбейтін Москва» әншіні жоқтап жылағандарға қосыла кетердей болып тұрды. Кеше Кеңес Одағы болып таныған М.Магомаевты бүгін Еуразия кеңістігі тұтас құрметтейді. Эдит Пиаф пен Марио Ланц секілді әлем деңгейіндегі талантты әншілердің қатарында санаған ізбасарлары енді Бакуды бес айналса да, Мүсілімді енді таба алмайды. Ол Сергей Есениннің «Прощай, Баку» өлеңіне ән жазып, парызын өтеп кеткен…

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button