Жаңалықтар

4 мың түлек ҰБТ тапсырады

Мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарын үлкен әбігерге салатын ҰБТ уақыты да жақындап келеді. Биыл Астанада өтінімдерді қабылдау нәтижесі бойынша 4106 оқушы жылдың басты емтиханын тапсыратыны белгілі болды.

Биылғы түлектер ҰБТ-ны жылдағыдай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ гуманитарлық заң университетінің базасында тапсырады. Бірыңғай тестілеуді 1-7 маусым аралығында өткізу жоспарланған. ҰБТ сынағынан өтуге бел байлағандардың ішінде 196 түлек «Алтын белгі» медалін алуға үмітті болса, 89-ы ерекше үлгідегі аттестатты қанжығасына салуға құлшынып жүр. Орайы келгенде айта кетейік, биылғы шекті деңгей де бұрынғыша 50 балл, осы мөлшерлі межеден аса алмағандар тамыз айында ақылы түрде қайта тапсыратын болады. Оның құны – 2242 теңге көлемінде белгіленген. Қайта тестілеуден өту үшін ең алдымен ЖОО-ға өтініш жазып, төрт 3х4 фотосуретін, жеке куәлік пен мектепті бітіргені туралы аттестатты қоса ұсынады. Бірінші тестілеу кезінде шекті мөлшердегі баллды жинағандар көрсеткішін жақсарту үшін қайтадан ҰБТ тапсыра алмайды.
Қазіргі кезде оқушылар арасында сынақ тестілеу ұйымдастырылу үстінде. Сонымен қатар, мектептерде мұғалімдер қосымша сабақтар өткізіп, әрбір түлектің жеке психологиялық дайындығына баса назар аударуда.
ҰБТ қарсаңында мұғалімдер, ата-аналар және мектеп түлек­терімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button