Оқырманнан он сұрақ

Анар МҰЗДАХАНОВА, күйші, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты: ЕҢ БІРІНШІ ҰС ТАЗЫМ – ӘКЕМ

 

– Білуімізше, сіздерді әулетімен күйші дейді. Киелі домбыраны серік етуіңізге отбасылық тәрбие әсер етті ме?
Санжар ДАРЫНОВ, зейнеткер

– Иә, отбасымда барлығы өнерге жақын жандар. Әкем Айтбай Мұздаханов домбыраның құлағында ойнайтын күйші, сазгер. Ертелі-кеш тізесіне отырып алып, тартқан күйін тыңдаудан жалықпайтынмын. Ес білгенімнен күйші болуды армандадым. Өзім үйде егіздің сыңарымын. Бауырларым басқа салаларда қызмет етеді. Ал мен қаршадайымнан үкілі домбыраны серік етіп, өнерге деген сүйіспеншілігім мен адалдығымды жүрегімде әлдилеп келемін.

– Домбыраны тапсырыспен шеберлерге жасатасыз ба, әлде арнайы орындардан сатып аласыз ба?

Гүлдана САМАТОВА, студент

– Аспабың өзіңе ұнаса – жұмысың нәтижелі болады. Домбыраларымды Алматыда Нарбек деген шеберге жасатамын. Қазір үйде бірнеше домбырам бар.

– Әкеңіздің шебер күйші екенін білеміз. Сол кісі туралы айтып беріңізші…
Дана МАНБАЕВА, мұғалім

– Әкем Айтбай – шебер күйші. Оның бірнеше күйлері мен әндері бар. Менің он үш жасымда ол тағдыр тәлкегіне ұшырап, оң қолын шынтағынан төмен кестірді. Бірақ, әкемнің жан досы кенеттен дүние салғанда, 10 жылдан кейін қолына домбырасын қайта алған болатын. Саусақтарының орнына білегіне сым орап, саусақ жасаған. Сол сым саусақтарымен өмірден ерте озған жан досына арнап «Ақ қайың» деген күй шығарған. Осы оқиғадан кейін мен әкеме «Естелік» деген күйімді арнадым.

– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Ұстазыңыз кім?
Майра РАХАТОВА, есепші

– Ең бірінші ұстазым деп әкем Айтбайды атар едім. Ол кісі әлі күнге дейін маған білгенін үйретуден жалыққан емес. Қағысыма дейін қадағалап, көңілі толмаған жерлерді тәптіштеп үйретіп отырады. «Толдым деген – төгіледі, жеттім деген-жығылады. Ешқашан асып-таспа. Үнемі еңбектен» деп ақылын айтып отырады. Әкемнің ақ батасы үнемі жаныма жігер беріп, көңілімнің кір шалмауына ықпал жасап отыратын сияқты. Одан кейін Ораз Қожасов, Әбіжан Әлтаев, Тілеш Бәділов деген ұстаздарыма алғысым зор.

– Күй шығаратын өнеріңіз бар ма?
Айжан АҚТАНОВА,оқырман

– Бүгінде өзім шығарған 8 күй бар. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровқа арнап «Самғау» күйін шығардым. 1991 жылы Қашаған жыраудың 200 жылдығына «Қашаған-жыраудың
толғауы» атты күй өмірге келген.

– Кейінгі кезде күйді эстрадағақосып, үлгісін түрлентіп жеткізетін өнерпаздар сахнаға шығып жүр. Күйші ретінде осыған өзіңіздің пікіріңізді білдірсеңіз.

Самал ӘЛІБЕК, мұғалім

– Иә, қазір домбыраны эстрадамен қосып ойнап жүр. Күй эстрадаға қосылғанда өзінің таза дыбысын жоғалтады. Бірақ, кейінгі кезде сұранысқа көбірек ие болып тұрған осы эстрадаға қосылған күй.
Егер көптің көңілінен шығатын жақсы дүниелер жасай алса, оның еш ағаттығы жоқ деп ойлаймын. Бірақ, барлық күй эстрадамен орындауға келеді деп айта алмаймын. Оның ішінде табиғаты келетіні бар, келмейтіні бар. Сол жағына баса назар аударып қарау керек.
Ал, даңғара дыбыстарды әрлі етіп жарыққа шығару тапсырыс беріп отырған музыканттың деңгейіне байланысты. Әркім өз талғамына қарай жұмыс жасайды.

– Шәкірттеріңіз бар ма?
Гүлнара ЖӘКІБАЙ, оқырман

– Арқалық қаласында жүргенде Өнер мектебінде сабақ берген болатынмын. Сол кезде көптеген шәкірттерім болды. Көбісі қазір консерватория бітіріп, әр қалада жүр.

– «Қоржыныңызда» қанша күй бар? Шертпе күй мен төкпе күйдің
қайсысы жаныңызға жақынырақ?

Бақыт КЕРІМ, қала тұрғыны

– Күйдің қай түрі болса да жаныма жақын. Репертуарымда бүгінде 200-ге тарта шығармалар бар. Оның ішінде Арқаның шертпе күйлері, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің туындыларын орындаймын. Сондай-ақ, халық күйлерімен қатар қазіргі күйшілердің шығармалары бар.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button