Елорда тынысы

475 мың оқушыға көмек беріледі

Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов аз қамтылған отбасылардың балаларын мектеп формасымен және керек-жарақпен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді.

[smartslider3 slider=3752]

Вице-премьер мектеп тауар­лары бағасының алып-сату салдарынан өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы уәкілетті органдардың есебін тыңдады. Сондай-ақ кеңесте Жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсету бойынша Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты ұсынылды.

Жыл сайын жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы (Жалпы білім беру қоры) аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетіледі. Жекелеген санаттағы білім алушыларға көмек көрсетуге бөлінетін қаржы киім, аяқ киім, оқулықтар, оқу құралдарын, мектеп керек-жарақтарын сатып алу, тамақтандыруды ұйымдастыру, қаржылық көмек көрсетуге бағытталады.

Осылайша биыл Жалпы білім беру қоры есебінен өңірлер 475 мыңнан астам оқушыны қолдауды жоспарлап отыр. Бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 49 млрд теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін материалдық көмек көрсету орталықтандырылып, жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жүзеге асырылды. Жалпы білім беру қорынан көмек алатын ­ата-аналардың тауарлар сапасы мен ассортименті бойынша өтінішін ескере отырып, биыл ақшалай қаражатты тікелей ата-аналардың есеп карталарына аудару арқылы материал­дық көмек көрсету тетігі енгізілді. Негізгі өзгеріс­тер: біріншіден, ата-аналардың киім, мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауын қамтамасыз етуге; екіншіден, әрбір балаға қаражаттың біркелкі көлемін белгілеуге (бірыңғай қағидат); үшіншіден, ата-аналардың түрлі сауда орындарында сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту есебінен мектеп формасының құнын төмендетуге; материал­дық көмек көрсетудің ашық тетігін енгізуге бағытталған.

Сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Е.Тоғжанов білім беру ұйымдарында «қызу желілердің» үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және көмек көрсетуге ниет білдірушілерді (еріктілер, кәсіпкерлер, меценаттар, ҮЕҰ және т. б.) тарту бойынша үгіт-насихат жұмысын күшейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыс Үкіметтің тұрақты бақылауында болмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button